Бұл өмірде көзсіз ерлікке бара алатын мықты азаматтар бар. Бірақ көп жағдайда мұндай үлкен жүректің иелері көзге түсе бермейді немесе олардың ісін бағалайтын орта болмай жатады. Ал осы заманның қаһармандары мұны жұмыс талабына балап, қарапайым ғана тіршілік кешіп жатыр.
Сондай бейбіт күннің батыры – нағыз полицей Бақытжан Бәкіровтің басқаларға ғибрат боларлық тамаша ерлігі туралы осыдан бірер күн бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне мақала жазған едік («Нағыз полицей күдіктіні ұстау үшін 13-қабаттан секірді», 24.07.2020 ж.). Осы мақала жарық көргеннен кейін көп күттірмей, қуанышты хабар да келіп жетті. Алматыда педофилді ұстаған полиция майоры Бақытжан Бәкіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды! «Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталсын», делінген Президент Жарлығының мәтінінде.
Қазақстандық полиция қызметкерлерінің абыройын асқақтатқан Бақытжан Бәкіров тепсе темір үзетін жаста. Түркістан облысы Жетісай қаласының тумасы. Бақытжан бала күнінен күреске, самбоға қатысып, шымырлығын шыңдап өскен. Ол әділет жолында күрескен тұлғалар туралы шығармалар, фильмдер көріп, оларды өзіне үлгі етіп ер жетеді.
Ерлік жасау, момын мен әлсізге араша түсу, қылмыстың жолын кесу қашан да нағыз жігіттің жүрегінің түкпірінде жататын жасырын арманы болса керек. Осы тілек құқық қорғау саласын таңдаған Бақытжанды адастырмаған екен.
Арман – осылайша бүкіл тағдырыңа айналады. Алайда, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін тәмамдап, туған жеріне прокуратура саласында тәжірибе жинақтауға келген маманға бастапқыда қызметі сүреңсіз көрінсе керек. Дәл кинодағыдай мұнда шым-шытырық оқиғалар, алашапқын өмір жоқ. Бірақ қадағалау органына жұмыс бабымен келген аса қауіпті қылмыскерлерді жедел іздестіру тобындағы жігіттердің әңгімесі қызық, нағыз полицейлердің өмірі дерсің.
Осыдан кейін бейбіт күннің батыры атанған Бақытжан бәрін тастап, Алматыға қарай асығады. Өйткені дәл осы кезде қалалық полиция қызметіне іріктеу жүріп жатады. Үш айлық даярлықтан сүрінбей өткен маман қаладағы Түрксіб ауданына қызметке алынады. Сол 2006 жылдан бері талай жаз, талай қыс өтеді. Осы аралықта жас маман полиция майоры атанады.
Естеріңізге сала кетейік, нағыз полицейге «Айбын» орденін «әперген» оқиға биылғы 11 шілдеде Түрксіб ауданында жеке үйлер алабында болған. Түсте Покровская көшесінде орналасқан үйлердің біріне күдікті кілтті таңдау арқылы кірген. Үйде 2 бала – төрт жастағы ұл бала мен оның 15 жастағы әпкесі болған. Қаскөй пышақпен қорқытып, 17 мың долларды иемденіп, содан кейін қызды қорлаған. Кейін әл-Фараби даңғылындағы үйде жасырынған күдікті полициядан қашып тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан секіріп кеткен. Сол кезде полиция майоры Бақытжан Бәкіров оның соңынан секіріп, мертіккеніне қарамастан қылмыскерді құрықтады. Өкшесі мен табанынан ауыр жарақат алған полицейге үш рет ота жасалды.
– Бақытжан, сол күнгі оқиға қалай өрбіп еді?
– Бізге бір пәтерде жасы кәмелетке жетпеген қыз баланың зорланып, сол жерде ақша тонау, яғни, ауыр қарақшылық әрекеттердің болғаны туралы мәліметтер келіп түскен соң, тергеу-іздестіру тобы құрылып, күдіктінің ізіне түстік. Айтқандай, ол бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам. Төртінші күні бізге оның жалдап жатқан пәтері мен үй иесін анықтаудың сәті түсті. 11 шілде күні серіктесім – аға лейтенант Мейір Несіпбай екеуміз күдікті жасырынып жатқан мекенжайға аттандық. Әрі қарай қалай болғанын білесіздер.
Ол күтпеген жерден келген «сантехниктерден» сезіктеніп, терезеден секіріп қашпақ болды. Менде ойланып жататын уақыт болған жоқ. Қалайда оны қолға түсіруге міндетті едік. Күдіктінің соңынан секіріп, екеуміз де 11 қабаттың балконына құладық. Ол жанталасып сытылып кетпекші болған, бірақ серіктесім жеткенше оны ұстап тұрдым. Аяғым мертіккенін сол кезде білдім. Аяғыма жасалған үш ота да жақсы өтті. Негізінен үйде емделдім. Ауырсынуды басатын дәрілер қабылдап жүрмін.
– Көпбалалы әке екенсіз? Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.
– 19 шілдеде 37 жасқа толдым. Төрт ұлым, екі қызым бар. Жұбайым бала тәрбиелеп, үйде біздің жағдайымызды жасап отыр. Ұлымның үлкені – 11-де. Кенже туған егіздеріміз (бір ұл, бір қыз) енді төрт айлық болды.
Шынымды айтсам, жексенбі күні ғана балаларға қарайласа аламын. Ұлдарымның спортпен шұғылдануын қадағалаймын. Еркін күреске барады. Қызымызды би өнеріне бердік. Үлкен балам дәрігер болғысы келеді. Өзімнің уақытым тапшы, қолым қалт еткенде жаттығу залына барамын.
– Балаларыңыз да сіздің Президент Жарлығымен «Айбын» орденін алғаныңызға қуанып жатқан болар?
– Әрине бәрі де қуанып жатыр. Бүгін бізді құттықтап генералдың өзі келді. Содан кейін Ішкі істер министрі де хабарласып құттықтады. Тезірек сауығып кетуімізді тілеп жатыр. Жұмыстағы жігіттер де құттықтап жатыр. Новосібір, Краснодардағы достарым хабарласты. Олар бірінші мені сол 13-қабаттан 1-қабатқа секірді деп ойлапты. Көздері шарадай болған. Мемлекеттік марапатыммен әлі де құттықтап жатқандар бар.
Біз де өз тарапымыздан бейбіт күннің батыры – Бақытжанды жоғары деңгейлі марапатымен құттықтап, оған «ізіңізден ерген батырлар көбейе берсін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын», деген тілегімізді жеткіздік.
АЛМАТЫ