Қазыналы Қазалы өңірінде осы топырақтан шыққан Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев есімін иеленген ауыл бар.
Осы ауылда жастар тәрбиесіне, рухани құндылықты қадірлеуге үлес қосып келе жатқан Ғабдулла Іззатов деген азамат тұрады. «Орынбет ишан» мешітінің бас имамы Ғабдулла Інаятұлы – елі үшін ат үстінен түспеген жолбарыс жүректі Жанқожа батырдың пірі болған Дәрменқұл ишанның ұрпағы. Қазір оның қолында кезінде бабасына батыр сыйға тартқан қылыш сақталып тұр.
Ел аузынан жеткен деректерде елін жауға талатпаймын деп жетпіс жыл ат арқасынан түспеген Жанқожа батырдың сенімді серігінің бірі Сәйеке ишан болғаны айтылады. Кейін Сәйеке ханның шақыруымен Хиуаға аттанып, қазірет лауазымын иеленіп, орнына Дәрменқұл ишанды қалдырады. Дәрменқұл баба да батырдың қасында 40 жылға тарта жүріпті. Бес уақыт намазын қаза қылмаған батыр ишанның батасын алмай жауға шаппаған деседі.
Патшалық Ресей дендей ене бастаған тұста Жанқожа батырға Хиуа ханынан жаушы жетіпті. Біраз тарту-таралғы арқалай келген ол жайғасып болған соң «Батыр орыстарға қарсы ғазауат бастаса, қолдауға біз дайынбыз» деген ханының қолқасын жеткізсе керек.
Ишанның ұрпағы Ғабдулла Іззатов ел аузында сақталған осы оқиға жайлы мынадай бір қызық дерек айтты.
– Батыр ханның сәлемін жеткізген жанға пірімен ақылдасатынын айтып, сәл мұрсат сұрайды. Сонда Құран кітап ашқан Дәрменқұл ишан батырға: «ханның бұл тілегін құп алмағаның жөн-ау, дініміз бір болса да олар осы жолы бұғып қалып, бізді оққа байлағалы отыр. Шариғатта сыйлықты қабылдау бар, хадиясын алып, өзіміз хабар береміз деп шығарып салыңыз» деген ақыл қосыпты. Пірінің айтқанын құп алған батыр ертесі жаушыларды жолға салса керек. Ханнан келген тартудың арасында асыл темірден соққан қос қылыш та бар екен. Соның бірін батыр алып, екіншісін ұсталардың пірі Дәуіт пайғамбар қолдасын деген ниетпен Дәрменқұл ишанға беріпті, – дейді Ғабдулла Інаятұлы.
Жанқожаның қазасынан көп кейін көз жұмған ишанның қылышы ұрпақтарында қалса керек. Солардың бірі өткен ғасырдың отызыншы жылдары осы өңірде қызылдарға қарсы өткен Асандар көтерілісінде осы қаруды ұстап шығыпты. Толқу күшпен басылып, Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына, есепсіз алым-салыққа қарсы бас көтергендер, оларға бас болған қожа-молдалар аяусыз жазалана бастағанда ишандар әулетінің алдын көрген мүриттері қылышты ортасынан сындырып, мұқият орап, көміп тастаған екен. Кейін заман түзеле бастағасын қазып алып, қайта жалғатыпты. Қылыштың өздерінде болуын қалағанмен Дәрменқұл ишан түстеріне еніп, «Аманат затты ұрпақтарыма қайтарыңдар» деген аян берген деседі. Осылайша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін ғана, араға жүздеген жылдар салып құнды жәдігер өз иесін тапты.
ҚЫЗЫЛОРДА