Бүгінде барша дүниені жайлаған коронавирус індеті дүйім жұрттың үрейін алуда. Көптің көңілін күпті еткен кесел талайдың тағдырын айналып өтпегені де рас. Бұл ретте қолдан келген көмегін аямай, көпшілікпен бірге болған кәсіпкерлер де жетерлік.
Мәселен, Тараз қаласындағы «Көбесова» жеке кәсіпкерлігі 2011 жылдан бері оттегі баллонын толтырумен айналысып келеді. Аталған мекеме басшысы Мираш Көбесованың айтуынша, осы уақытқа дейін олар облыстағы 45 аурухананы оттегі баллонымен қамтамасыз етіп келген. Алайда қазіргідей әлемді әбігерге салған қауіпті індет кезінде науқас жандар үшін оттегі баллондарының қажеттілігі артқан. Қазіргі кезде «Көбесова» жеке кәсіпкерлігі Тараз қаласындағы 5 аурухананы және облыстың барлық 10 ауданынан бір-бір аурухананы оттегі баллонымен қамтамасыз етуде. Өзгеге өмір сыйлауды мақсат еткен кәсіпкер еріктілердің күшімен күн-түн демей жұмыс істеуде.
Аталған жеке кәсіпкерлік осы уақытқа дейін облыс ауруханаларын күніне 56 оттегі баллонымен қамтып келген болса, бүгінде бұл сұраныс он есеге артыпты. Бүгінде олар 500-600 оттегі баллонын толтыруда екен. «Бір минутта 1-ден 5 оттегі баллонына дейін толтырамыз. Сағатына 250-300 оттегі баллоны толтырылады. Айналасы екі-үш сағаттың ішінде қажет дүниені дайындауға болады. Дегенмен, осы уақытқа дейін жүк артушылар мәселесі туындап келді. Алайда бұл мәселе де өзінің шешімін тапты. Күн сайын еріктілер көмекке келіп, бізге көмектесуде. Сонымен қатар бізге «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де көмегі көп, көмектесіп отырған азаматтардың бәріне де алғыс айтамын», дейді Мираш Көбесова. Расында да, күн сайын өңірде оттегі баллондарына деген сұраныс артуда екен. Мәселен, Қордай ауданы 25, Т.Рысқұлов ауданы 30, Меркі ауданы 40, Талас ауданы 70 оттегі баллонына тапсырыс берді. Өзге аудандар да өз қажетін сұрайды. Бірақ кәсіпкер оларды аудандарға жеткізу жағы қиындау болып тұрғанын айтады. Жуырда ғана Шу ауданына жіберген көлік бұзылып, оттегі баллоны ауруханаға уақтылы жетпеген. Яғни көлік тапшылығы кейде қол байлайды екен. Осы және өзге де мәселелерді айтып облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа хат жазған кәсіпкер әкімнің тарапынан қолдау бар екенін, жуырда барлық мәселенің шешімін табатынын айтады.
Бүгінде Жамбыл жұртшылығына жанашыр болып, науқастарды оттегімен қамтып отырған «Көбесова» жеке кәсіпкерлігі бұл істі әрі қарай жалғастыра береді. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Михаил Платов, Антон Кабаков сияқты ерікті азаматтар да бұл іске қолұшын созуда екен. Сонымен қатар «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің құрылтайшысы Қанат Асқаров, колледж директоры Айнұр Жексембинова бастаған оқу орнының қызметкерлері де ізгілік танытып, өз қаражаты есебінен еріктілерге тамақ пісіріп, таратуда. Осылайша қауіпті індетпен күресте көп болып жұмылған жамбылдықтар науқастарға үміт сыйлап, жақсылықтың жаршысы атанып отыр.
Жамбыл облысы