«Теңіз» кенішінен мұнай өндіруді тоқтатпаған «Теңізшевройл» ЖШС бұдан бұрын да атыраулықтарға бірнеше рет қолдау көрсетті.
Әсіресе қауіпті індетпен күрес басталғалы бері жергілікті медицина саласын демеуге 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Сондай-ақ компания есебінен ПТР-тест аппараттарын, реанимобильдер мен жедел жәрдем көліктерін, термосканерлер мен №2 облыстық инфекциялық ауруханаға 6 оттегі концентраторын сатып алып берді. Жақында кәсіпорын өңірдегі ауруханаларды 40 оттегі концентраторымен қамтыды.
«Біздің компанияның басшылары Атырау облысына қосымша көмек ретінде 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлуге шешім қабылдады. Бұл қаржы денсаулық сақтау саласының мекемелеріне қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады» деген еді компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
Өткен аптада «Теңізшевройл» Атырауға 1 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі мен қорғаныш құралдарын әкелді. Бұл жүк Атырау қаласына таяу орналасқан Геолог кентіндегі емхананың қоймасына түсірілді. Сол жерден өзге емдеу орындарына жеткізіледі. «Қорғаныш құралдарының барлығы Германиядан шығарылған. Оның арасында «Tyvek» (Dupont) маркалы қорғаныш костюмінің XL мөлшерлі 5 мың данасы, S мөлшерлі қолғаптың 30 мың жұбы, шашты жинақтауға арналған шілтерлі тордың 1700 данасы, өкпені жасанды желдету аппаратына арналған медициналық бетперденің (Lowenstein Medical Tehnology Gmbn+Co. KG) М мөлшерлі 250 данасы және осындай бетперденің L мөлшерлі 250 данасы бар» деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Атырау облысы