Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Жалпы COVID-19 ауруын жұқтыру мен одан келетін өлім-жітім жағдайының ары қарай тұрақталуы экономиканың барлық секторын тартып, үйлесе жұмыс жүргізуге байланысты болмақ. Атап айтқанда тұрақтандыру бағытындағы қабылданған шаралардың нәтижесінің 30% ғана медициналық көмек пен эпидемиологиялық шараларға байланысты. Ал қалған 70% жаппай маска кию режимі мен гигиенаға (30%), сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтауға (40%) байланысты", деді Алексей Цой.
Министр карантин аяқталғаннан кейін, яғни 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін айтып өтті.
"Осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек) жұмысын бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюрлар мен педикюрлар (алдын ала жазылу бойынша) да ашылады", - деді министр.