Зеленов ауданындағы Белес ауылы аумағынан «Robinson-44» тікұшағының сынықтары мен қалдықтары және опат болған екі адамның денесі табылды деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Олардың бірі – есімі Ақжайық өңіріне кеңінен танымал кәсіпкер, жерге құлаған жекеменшік әуе көлігінің иесі Владимир Волков, екіншісі – оның қатар жүрген серіктес досы Григорий Поляничко екені белгілі болып отыр. Оқиға орнында болған әріптестеріміздің айтуына қарағанда, тікұшақтың қираған сынықтары 150 метрлік радиусқа дейін шашылып кеткен.

– Оның бәрін іздестірумен, тікұшақ бортында жазылып қалған жазбалардың мағынасын ашу жұмыстарымен, тұтастай алғанда тікұшақтың апатқа ұшырау себептерін анықтаумен азаматтық әуе комитетінің сарапшылары айналысуда. Сондықтан бұл оқиға жөнінде түбегейлі байлам жасау уақыты жеткен жоқ. Тек әзірге анық байқалған көрініс тікұшақтың шашылып кеткен сынықтары мен қалдықтарында күю мен өртенудің белгілері жоқ, – деді газет тілшісіне Орал көлік прокуроры Арман Мұхамбетқалиев.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің теміржол, әуе және су көлігінде қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзуға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тиісінше бұл іс Қылмыстық кодекстің 295-бабының 3-тармағына сәйкес келеді. Тергеу амалдарын Орал стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жүргізуде.
Рас, тікұшақ иесі ұшар алдында оның бағытын жергілікті әуе қозғалыстарын басқару орталығымен және «Казаэронавигация» қызметімен келіскен. Оның үстіне Владимир Волковтың да, оның жанындағы Григорий Поляничконың да тікұшақты басқарып ұшуға рұқсат беретін куәліктері болған. «Robinson-44» әлемдегі ең сенімді әуе көліктерінің бірі. Бұл тікұшақ әр елдегі полиция және құтқару қызметтерінде кеңінен қолданылады. Оның құны 650 мың АҚШ доллары төңірегінде екенін интернеттегі дерек көздері айғақтайды. Қалай десек те, «Robinsonның» сенімді екеніне қарамастан, Орал өңірінде осындай қайғылы жағдай орын алды. Жазмыштан озмыш жоқ деген осы да.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.