Қай ғасырға, қай заманға көз салсақ та ар мен намыстан жаралған, рухы биік, елім деп, ер Едігедей еңіреп туған қазақтың ұлағатты перзенттері көп болды. Солардың бірі кешегі Кеңес заманында өзінің ерен еңбегімен ата салтына, ел дәстүріне лайық өресі биік қайсар туған қайраткерлердің жолын салып өткен Жақыпбек Жанғозиннің туғанына 100 жыл толып қалды. Аты аңызға айналған асыл ағамыз Алатауды еркін жайлап, Керекуде кереметтей із қалдырып, Ақмолада тың көтерісіп, Қарағандыға облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгенде алғашқы рет Жезқазғанда таныстым. Ол кезде қырыққа жетпей қылшылдап тұрған қылыштай жас кезім ғой, Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатының парткомының хатшысы қызметін атқарушы едім.
Қай ғасырға, қай заманға көз салсақ та ар мен намыстан жаралған, рухы биік, елім деп, ер Едігедей еңіреп туған қазақтың ұлағатты перзенттері көп болды. Солардың бірі кешегі Кеңес заманында өзінің ерен еңбегімен ата салтына, ел дәстүріне лайық өресі биік қайсар туған қайраткерлердің жолын салып өткен Жақыпбек Жанғозиннің туғанына 100 жыл толып қалды. Аты аңызға айналған асыл ағамыз Алатауды еркін жайлап, Керекуде кереметтей із қалдырып, Ақмолада тың көтерісіп, Қарағандыға облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгенде алғашқы рет Жезқазғанда таныстым. Ол кезде қырыққа жетпей қылшылдап тұрған қылыштай жас кезім ғой, Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатының парткомының хатшысы қызметін атқарушы едім.
Ол кезде Жезқазғанның жылына бес миллион тонна руда беретін алып шахталары қатар түзей бастап, атағы аспанға жетіп тұрған кезі болатын. Жаңа салынып жатқан мыс зауытымен және ең ірі деген №57 Арқаның алып шахтасын көрсеттік. Әу, дегенде байқағаным, ықшам денелі, бірақ алғыр қырандай сақ, тұлғасы шымыр да ширақ көрінді.
Кездесулер барысында Жақаң құрғақ әңгімені сүймейтін қайраткер екенін көрсете білді. Әсіресе, тұрғын үй мәселесін жеделдету, жол құрылысын тездету, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету жайлы сауалдарды көмекшісіне жаздырып алып, артынан тез арада шұғыл көмектесті.
Сол күнгі кеште өзінің досы, Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Файзолла Серғазин ағайдың балдызы Рахила Әукенова апайдың үйінде бірге болдық.
Дем сәтте думан қызып кетті. Қонағымыз «Подмосковные вечера», «Варяг» деген өлеңдерді шырқағанда орыс, қазақ түгел қосылып, алғашқы терді шығарып алдық. Рахила апай бұрыннан білетінін көрсетіп домбыра ұсынып, қонаққа қазақша ән салдырды. Домбыра қағысы да маған ұнап кетті, тұла бойды шымырлатып, қағып, шерткенде балқымаған адам қалған жоқ шығар. Күмбірін ашық та әдемі дауысына қосып, «Көзімнің қарасын» шырқай тартқанда бәріміз қосыла жөнелдік. Бір кезде бастаушымыз да, қостаушылар да тына қалды, мен жастайғы ғадетпен өлеңді айта беріппін. Жақаң домбырамен сүйемелдеп отыр. Мен:
Ер емес қымсынар,
Әркім-ақ ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім,
Күн бар ма бір тынар, – деген жеріне дейін жиырма алты шумақ өлеңді толық айтып шықтым. Жұрт қол шапалақтап жатыр. Жақаң келіп арқамнан қақты да: «Сен қазақ екенсің ғой», – деп дән риза болғандай күле қарады. Мен: «Сіз орыс деп естіп пе едіңіз?» – деп шап бергенде, ол кісі: «Мәскеуде оқыған, көп жылдар шахта басқарған», – деп естігеннен кейін әбден орыстанып кеткен шығар деп жорып едім, нағыз қазақ екенсің», деп енді өзіме өлең айтқызды. Үкілі Ыбырайдың «Қарақат көзді сым саусақ» деген өлеңін айтып беріп едім, көпшілік ду күлді, Жақаң жанары жайнап, бұйра шашы желбіреп сақ-сақ күлді де, қайта айтқызды, әсіресе, ағамыз:
Етің аппақ қояндай,
Қызығыңа тоям ба-ай!
Алыстан аңсап келгенде,
Не қыл деп жатсың оянбай? – деген сөздерді әп-сәтте жаттап алып, қайталап бәрімізді күлдірді.
Жақыпбек Жанғозин Ақмола облысының бұрынғы Державин ауданындағы №2 ауылда (Қазір қазақтың тұңғыш ғарышкері, Совет Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров атында) қазан айының 20 жұлдызында 1913 жылы дүниеге келді. Абыр да сабыр, аласапыран да алаң-елең уақытта ауылдың тұрмысы да онша емес еді. Әкесі Жанғозы үлкен ұлының атын Жақып деп қойса, бұл ұлының атына «бек» – деген жалғауды қосып, Жақыпбек атады.
Әттең, не керек, Жақаңның әкесі дүниеден ерте өтті. Үш ұлымен қалған анасы тұрмыстың өте қаталдығы жанға батқан соң, Жақыпбекті үлкен ағасымен қосып балалар үйіне тапсырды. Бұл жылы орында Жақыпбек алғашқы білімін алды, қасында ағасы болған соң ешкімнен жасқанбай, сескенбей еркін өсті. Оның үстіне өзі де өте алғыр, ұғымтал. Бір естігенінен айнымайтын зеректігін танытты.
Жақаң тағдырдың бергеніне тәубе дерліктей сәті түсіп 1931 жылы Семейдегі кооперация техникумын тәмамдады. Талапты ерге нұр жауар дегендей, орташа білімді Абайдың елінде алғаны ойшыл балаға үлкен сабақ болды. Ол дананың талай өлеңін жатқа айтатын болды. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген даналықты құран сөзіндей жаттап алып, өмір бойы жадында сақтап, даналық сенімін ақтай білді.
Семейде алған білімін сол өзінің алғашқы мамандығы бойынша жалғаған ол 1936 жылы Мәскеудегі Кеңестік кооперативтік сауда институтын бітіріп, жоғары білімді заманға сай маман болып шықты. Оқуды бітіріп шыққан кезде тап осындай мәдениетті де сауатты мамандарға сусындап отырған билік Жақыпбек Жанғозинді Алматы қалалық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, бір жылдан кейін комсомолдың орталық комитетінің бөлім бастығы етіп бекітті. Бұл жұмысты ет қызуының мол кезінде қамшы салдырмай қалаулы дәрежеде орындап жүрді. Бірақ ол кезде көзге түсе қалған белсенділікті ұнатпайтындар, талаптыға тап беріп қағып түсіргіштер қаптап жүрді. Сондай бір қырсыққа Жақаңды да репрессияның шабармандары іліктірді. Қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Комаров қармаққа түскенде, «халық жауы» деген аты бұрқ ете қалды. Сол кезде көппен бірге қол қойып, оны қаралауға кіріспегені үшін «қырағылығын жоғалтты» деген желеумен жауапқа тартылды. Құдай оңдап өзінің адамдығымен әрі алғырлығымен бұл пәледен аман құтылды.
Оқыған мамандардың аса қажет кезі ғой, 1940 жылы Жақыпбекті Алматы қалалық партия комитетінің бөлім бастығының орынбасары қызметіне бекітті. Сол жылы ол ВКП(б) орталық комитетінің жанындағы жоғарғы партия мектебіне алынды. 1941-1942 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің кадр бөлімінің нұсқаушысы, содан кейін сауда және қоғамдық тамақтандыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды.
Бұл жұмысты да нағыз маман ретінде дұрыс жүргізе білгендігін ескеріп, Қазақстанның басшылары Жақаңды Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы етіп, жауапты қызметке жіберді. Қарағандыда Жақаң 1942-1943 жылдары, соғыстың нағыз ауыр кезінде Орталық Қазақстандағы өндіріс ошақтары – Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Қарсақбайдың Отан соғысына деген серпіліске қарқынды түрде атсалысып жатқан кездерінде қоғамдық тамақтандыруды жолға қойды. Сауда жұмысын, әсіресе, Қарағандыдағы кооперативтік сауданы өзге облыстар үлгі алардай жоғарғы дәрежеге жеткізді.
1943-1945 жылдары Жақыпбек Жанғозин Алматы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1945-1951 жылдары бірінші хатшысы қызметін үлкен абыроймен атқарды. Соғыстың қызу кездері, жеңістен кейінгі соғыс салған жарақат пен зардапты басып, елдің халық шаруашылығын, халықтың тұрмысын қалпына келтіру жолында Жақыпбек Жанғозин өзіне біткен қажыр-қайрат пен адамгершіліктің арқасында ауыр күнде ауылды да, астананы да, майданға көмекті де ұмытпай, саламатты жұмыстарды жүргізе білді. Алматы облысы астаналық ретінде өзге облыстарға үлгі көрсетіп, барлық көрсеткіштерімен алдыңғы қатарда жүрді.
Отанына деген сүйіспеншілігінің арқасында елдің жағдайын, ұлтының мүддесін ойлаумен өткен қажымас қайраткерді бүкіл ел сүйді, қадірледі. Ол тек қана Хрущевке жақпады, оның да себебі ұлтжандылығына байланысты. Ол Жұмабек Тәшеновтің Хрущевке қарсы шығып, қазақ жерінің бір үзімін де бермейміз деген сөзінің берік жақтаушысы болды. Сталиннің 70 жылдық тойында Қазақстан делегациясының атынан Орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов емес, құттықтау сөзді айту жолы Жақыпбек Жанғозинге бұйыруы да жұрттың бәріне ұнай қойған жоқ.
Жанғозин 1951-1953 жылдары Қазақстан Министрлер Кеңесінің орынбасары болды. Содан кейін 1953-1957 жылдары республиканың Сауда министрі қызметін атқарды. Бұл жұмысты да ерен еңбекқорлықпен атқарды. Одақ көлеміндегі бастығы, Саяси бюро мүшесі Анастас Микоянның алғысын алды, көмегіне қолы жетіп, Қазақстанның Мәскеуден алатын қажетті үлесін босқа жібермеді.
Тың игерудің қиын, қызу тасқынды кезінде Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті Ж.Жанғозинді Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады. Бұл жұмыста да (1957-1960 ж.ж.) тер аямай қажырлы іскерлікпен үлкен абыройға жетті. Ол кезде облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы орыс халқының өкілі болса, қазағыма облисполкомның тигеніне де шүкіршілік еттік.
1960 жылы Жақыпбек Жанғозин Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағалығына тағайындалды. Бұл жолғы Керекуге келуі жауапты күшейтті, астығы бұрқырап жатқан Ақмола емес, бірер жылдар Ертістің мол суы азайып, қуаңшылық қажытқан ауырлыққа тап болды. Ертіс тасығандағы жайылымдар мен шалғындар тақыр тартты. Мал азығына шөпті басқа облыстардан шауып әкелу науқаны кезек күттірмес іске айналды. Ол аз ұйқымен көп қиындығы бар жұмысқа дереу кірісіп кетті. Сол қажырлы еңбегінің арқасында іс түзелді, халық шаруашылығы жөнге келді. Ол көптеген қазақ жігіттеріне қолдауын жасап, мол өнім алуды ғана емес, қарапайым халықтың хал-жайына жіті назар аударуды берік ұстаным етіп үйрете білді. Павлодарлықтар осы күндерге дейін Жақаңның ұстаздығын ұлықтап, алғыстарын арнап, есте сақтап жүреді.
Керекуден 1968 жылы Ж.Жанғозинді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне бекітті. Әрине, Қарағанды облысының бірінші басшыларының бірі болуы үлкен мәртебе еді. Осы қызметте жүргенде алғашқы кездесуімді сөз еттім ғой, екінші кездесуім де Жақаңның кім екенін айқындай түсті. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.К. Акулинцев тау қозғалса ыңқ етпейтін сабырлы әрі берекетті көсеми кісі болатын. Ол нағыз саяси қызметтің шебері еді. Ал облыстық атқару комитетіне Жақаңның келуін өте үлкен жақсылық деп білдік.
Бірде Жақаң мені өз кабинетіне шақырып алып: «Сіздің елде қыстың қысылтаяң кезінде болып едім, мақсатым құмдағы шопандардың хал-жағдайын білу еді. Ал енді бір аптаның шамасында егін орағы бітеді, дәм жазса, әдейілеп барып қазақтың ұлттық ордасы Ұлытауды араламақпын. Алаша хан, Жошы хандарды көрсеткеніңді Сабыр Біләлұлы Ниязбеков айтып еді, мені де аралатарсың. Мен көргенде партком едің, енді қаланың біріншісі болдың, тоса бер, жуырда келемін», – деді.
Адамзаттың баласына іңкәрлігі мен қазақ деген ұлтына құштарлығы мол асыл ағамен үшінші рет кездесу бұйырмады. Біздердей жас партия қызметкерлеріне әрі үлгі, әрі тірек болатын қажырлы да қайратты Жақаң, қазақтың ерекше жаратылған ардақты перзенті Жақыпбек Жанғозин сол кездесуден оншақты күннен кейін 1969 жылдың 10 қазанында дүниеден озды. Шауып келе жатқан Құлагер мерт болғандай қаралы қайғы шектік. Жақыпбек ағай адамгершілігі қисапсыз мол, рухани күші мығым қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, салт-санасының өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген ұлтжанды қайраткер еді. Оның достары туралы бүгінгі таңдағы қазақ халқының асыл абызы Сағындық Жүнісұлы Кенжебаев ағамыз тамаша әңгімелерді елге таратып, аузынан да, жазар естеліктерінен де тастамайды. Ал достары кім десеңіздер, Сәкеңнің айтқандарына тоқтала кетейін. Олар: Фазыл Кәрібжанов, Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Сабыр Ниязбеков, Мәсімхан Бейсебаев, Әмір Қанапин, Файзолла Серғазин сияқты алыптар мен арыстар болыпты. Оның басқа да достары, әріптестері, соңынан ерген шәкірттері аз емес.
Жақыпбек Жанғозиннің талай жылдар жан аямай тер төгіп жүріп еткен еңбегі лайықты бағасын алды. Ол Ленин орденімен, Ұлы Отан соғысы (ІІ дәрежелі) орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен (екі мәрте), «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдар, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1947-1951 жылдары Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы деген ең ірі билік төрін атқарды. Совет Одағының Жоғарғы Кеңесінің 2-ші шақырылуының, Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің 2-7-ші шақыруларының депутаты болып зор құрметке бөленді, халықтың қалаулысы, елдің аяулысы атанды.
Жақыпбек Жанғозиннің атымен Қаскелең, Атбасар қалаларында көшелер аталады. Павлодар қаласындағы бұрынғы «Кеңестер үйінің» қабырғасына барельеф қағылған. Ар-намыстың айғағындай ерекше дарынды тұлға Жақыпбек Жанғозин еренғайып талпыныстар мен әрекеттерге бейімдігімен, қай облыста қызмет атқарса да асқақ талап, қарқынды жігер көрсетіп, өзінің туған елге деген азаматтық парызын ақтап өтті. Ол қай арысқа салсаң да бөріні бүктеп түсуге жалықпас сақ қырандай үнемі алға ұмтылып, рухы биік, жүрегі таза, ниеті адал парасат иесі екендігін кеңінен таныта білді.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.