Бүгін Сауд Арабияда қажылық басталды. Жер-жаһанды жайлаған пандемия салдарынан қажылыққа тек 10 мыңға жуық қажы қатыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz
Қажылық алты күнге созылып, тамыз айының екісінде аяқталады.
Биылғы жылы қажылыққа баратын мұсылмандарға бірқатар санитарлық шектеу қойылды. Атап айтқанда, Сауд Арабия билігі әлеуметтік қашықтықтың сақталуын және күшейтілген санитарлық-гигиеналық шараларды қадағалайтын атап өтті.
Мысалы, "Жынды ұрып-соғу" рәсімі аясында пайдаланылатын барлық тас антисептиктермен өңделеді. Сондай-ақ қажылық жасаушылар Қағбаға қолдарын тигізіп, я сүйе де алмайды. Рәсімдерді орындау барысында бетперді тағып жүру міндеттелген.
Бұдан бөлек, барлық қажы өткен жексенбіден бастап қатаң карантиндік режімді ұстанып жүр. Әдетте, жыл сайын қажылыққа мыңнан емес, миллиондаған адам қатысатын еді. Себебі өткен жылы Сауд Арабиясына 2,5 млн-нан астам қажы келген.