• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2013

Дала Демосфені рухына тағзым

470 рет
көрсетілді

Алты алашқа төбе би атанып, дүйім жұртты даналығымен аузына қаратқан дала ойшылы Төле би Әлібекұлының туғанына биыл 350 жыл толды. Осы айтулы оқиғаға орай ел тарихындағы даналығымыз бен даралығымызды шартарапқа паш ету үшін облыста мәдениет, әдебиет, сәулет, өнер және туризм салалары бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, үлкен шаруа­лар атқарылып жатыр.

Алты алашқа төбе би атанып, дүйім жұртты даналығымен аузына қаратқан дала ойшылы Төле би Әлібекұлының туғанына биыл 350 жыл толды. Осы айтулы оқиғаға орай ел тарихындағы даналығымыз бен даралығымызды шартарапқа паш ету үшін облыста мәдениет, әдебиет, сәулет, өнер және туризм салалары бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, үлкен шаруа­лар атқарылып жатыр.Десек, соның бірі жамбылдық ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінен құралған делегация мүшелерінің жақында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы баба мазарына зиярат етіп, құран бағыштап қайтуы болды.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауымен бағыты мен бағдарламасы алдын ала айқындалып, жоспары Өзбек­стандағы елшілік қызметкерлерімен ерте бастан келісілген сапар өте жеңіл және тағылымды болды. Төле би бабаның сүйегі Ташкент қаласының тура кіндік тұсында, Пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафа са­лаллаһу уәссәләмнің ұрпағы Шейх Хаванд Тахурмен қатар жатыр. Былайғы жұрт «Шейхантаур» деп атап кеткен ол өз заманында «ақылдың алдаспаны», «кемеңгердің кемелі», «білімдінің білгірі» атанған екен. Оның мазарын Ташкенттегі аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі десе де болады. Өзбек ағайындар «Қалдырғаш би» атап кеткен дала Демосфені Төле би Әлібекұлының кесенесі, міне, осы мазардың дәл қасынан орын тепкен. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен бірнеше рет күрделі жөндеуден өткізілген мазардың сәулетіне де, орналасқан жеріне де көрген жанның көңілі толғандай.

Қазақстан Республикасының Өзбек­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин бастаған дипломаттар жамбылдық ардагерлерді осы айшықты мазардың алдында қарсы алып, делегация мүшелерімен бірге баба әруағына бағышталған Құранға ұйыды. Құранды облыстан арнайы барған имам Әбдулбари Әміров оқыды.

Баба кесенесінің ортасына Иран елінің көктасы – оникстен құлпытас қойылыпты. Онда бидің аты-жөні мен оның өмірге келген және қайтқан жылдары жазылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген сөздері де бедерленіпті. Сондай-ақ, құлпытасқа қасиетті Құран аяттары да айшықталған. Баба мазарының шырақшысы өзбек азаматы Атамұрат Тұрсыновтың иығына жамбылдықтардың құрметпен шапан жабуы да жарасып кетті.

Елші бұдан кейін туған елінен келген қонақтармен бірге Ташкент төріндегі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және Өзбекстан астанасының қақ ортасынан бой көтерген Қазақстанның жаңа елшілік үйінің зәулім ғимаратының архитектуралық ансамблімен таныстырды. Жамбылдық ардагерлер елшіге облыс әкімінің атынан жыр алыбы Жамбылдың бейнесі кескінделген кілемшені тарту етті.

Ардагер ақсақалдардан құралған туристер, сондай-ақ, Юнус-Абад ауданындағы 2006 жылы салынған Тимуридтер тарихы музейінде болып (Әмір Темір музейі деп те атала береді екен), діні бір, тілі ұқсас елдің ежелгі мемлекеттілігінен сыр шертетін көне қолжазбалар, қарулар, ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар және әр замандағы тиындар сияқты көптеген тарихи жәдігерлермен танысты.

Ташкенттегі алтын уақыттарын босқа өткізбеу үшін делегация мүшелері оның «ескі шаһар» деп аталатын бөлігіндегі «Хазіреті Имам» архитектуралық кешенін­дегі Муй Мүбәрәк діни музейге де атбасын бұрып, одан Құран-Кәрімнің VІІ ғасырда теріге жазылған көшірмесін тамашалады. Бұл жәдігердің тарихы біздің «Тайқазанмен» тағдырлас болып шықты. Яғни, күндей күркіреген КСРО деген елдің тұсында бұрынғы Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербургтегі Эрмитаждан бір-ақ шықан кітап, өз еліне тәуелсіздік алған жылдары ғана оралыпты. Жол бастаушының айтуынша, сондай-ақ, осы музейдің іргетасы астына Мұхаммед Пайғамбар салаллаһу уәссаламның шашы да көмілген көрінеді.

Халық ауыз әдебиетінде «Төле би айтыпты» деген қанатты сөздер өте көп. Соның бірінде Төле би көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің: «Ел-жұртыңызға қандай өсиет қалдырасыз?» деген сауалына: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса – халқын сатады, халық азса – хандыққа таласады», деп жауап берген екен деп келеді. Құдайға шүкір, елдегі ауызбірлік пен татулықтың арқасында Төле бидің бүгінгі ұрпағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отыр.

Қазақ пен өзбек – тіріде базары бір, өліде мазары бір туысқан халық. Бұл сөзімізге екі елдің арасын жалғастырып жатқан Төле би мазары дәлел. Екі елдің берекесі мен бірлігі болашақта да осылай жараса берсін дей отырып, сапардың сәтті өтуіне хал-қадерінше атсалысқан облыс әкімдігіне, «Нұр Отан» ХДП облыстық, қалалық филиалдары мен дін істері жөніндегі облыстық департамент басшылықтарына және облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігіне ардагерлер үлкен алғыс айтады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Тараз-Ташкент-Тараз.

Соңғы жаңалықтар