Өлке тарихындағы біз білмейтін ақтаңдақтардың ақиқаты Ұлы даламызға қадам басқан әр зерттеуші мен саяхатшының еңбектерінен көрініс табады. 1928 жылы Мәскеу қаласында белгілі биолог, академик Борис Келлердің «Орал қаласынан Индер тауына дейін» атты еңбегі жарық көреді. Таралымы – 10000 дананы құраған. Зерттеуші Келлер бұл еңбегінде біздің өлкеміздің тарихына қатысты ауқымды деректерді баяндайды.
Атырау туристік аймақтың қалыптасуына қолайлы өлке болып табылады. XX ғасырдың басында Келлер облысымызға қарасты Индер тұзды көліне саяхаттап келеді. Тұздыкөлдің аумағы сол кезеңдегі деректер бойынша 45 шақырым делінген.
1926 жылы Тұздыкөлден 1 638 тонна тұз алынып, Жайық өзені арқылы тиісті пункттерге жеткізілген. Қалған тұздың қоры Жайық балықшыларының еншісіне бұйырған. Келлер өз зерттеулерінде: «Индердің тұзының сапасы жоғары. Тұзды ішекті тұздауға пайдаланған дейді. Соның нәтижесінде скрипканың ішектері жасалып, отаға арналған инелер дайындалған», – дейді.
Зерттеуші Келлер емдік бұлаққа барған сәтінде шатқалдан ағып жатқан салқын суға көзі түсіп, ішуге жарамсыздығын айтады. Ал ҰҒА академигі Мұфтах Диарұлының зерттеулерінде: «...ең пайдалысы, ішіндегі тұзды суы,оның ішінде түрлі микроэлементтер бар. Соның ішіндегі өте қымбаты – бор, бром, калий, магний...», – деп жазады.
Таза бұлақты тұзды көлді көрген сәтінде Келлердің санасына шипажай салынса деген ой келеді. Күн сәулесімен, ұлттық сусынымыз қымызбен емдеуді де ұсыныс ретінде айтады.
Келлер өлкемізге қадам басқан сәтінде, қазақ ауылдарына барғанын ерекше толғаныспен өз еңбегінде атап өтеді. «Орал тауынан Индер тауына дейін» атты еңбегінде: «... Ауыл ақсақалдары төріне шығарып, шұбат ұсынды. Байқағаным басты тағамдары ет, сүт өнімдері. Басты кәсібі – мал бағу. Бұл өлкеде теңіз қырыққабаты, таусағыз, жұзғын секілді өсімдіктерді кездестірдім. Елді ашаршылық кезеңінде құтқарған манна өсімдігін байқадым. Өлкедегі азаматтар Калмыков базарына апарып, маннаны сатып, сауда-саттық байланысын күшейткен» – деп жазады.
Зерттеуінің соңында: «Индер тауының маңында аялдадым. Адам қайран қалады. Тау арасында қазақ ауылы көрінеді. Биік жартаста қазақ баласы халық әнін шырқап отыр. Көшпелі қазақтың неліктен кең далада ғұмыр кешетінін енді түсінгендей болдым», – деп атап өтеді.
Иә, өлке тарихына қатысты тың деректер жетерлік. Бұл бір ғана зерттеудің ұшқыны. Зерттеуші Келлердің XX ғасырдың басында айтқан ұсынысы өзектілігін жойған емес. Айтылған мәселенің шешімі бүгін, ертең шешіледі деген үміт бар.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ