• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 29 Шілде, 2020

Смахан төре айтқан ақын Жошы кім?

890 рет
көрсетілді

Былтыр Арқаның алтын қазығы, ұлт ұясы Ұлытау төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты жаһангер, әйгілі қолбасшы, теңдессіз қаған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

Біз осы ретте аталған игі істердің бір тармағы есебінде қасиетті бабалардың тек­ті жалғасы, тоғыз баулы төре тұқы­мы, көкжал Барақ сұлтанның төртінші баласы Бөкей ханнан тарайтын, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақын Жошы тура­лы сөз еткіміз келеді. Жошы Тәу­ке­ұлы есімі елге кең танымал болма­ғанымен, өз заманының ықпалды адамы екенін тарихи құжаттар, ауызекі дәйекті әңгімелер растайды. Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құсбек Тәу­кеұлының інісі Жошы сұлтанды Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның інісі Смахан Бөкейхановтың естеліктерінен көп кездестіруге болады. Аталған ең­бектерде Жошы Тәукеұлын Смахан тө­ре ақын Жошы деп ерекше атайды. Сондай-ақ ақындықтан бөлек өзі билік еткен сол кездегі Қарқаралы әкім­шілігіне қарасты Боқты төңірегіне (бү­гінгі Қарқаралы ауданы, Бақты ауы­лы) шарапатын тигізіп, мектеп те сал­дыртқан қайраткер адам. Жалпы, Жошы Тәукеұлы туралы айтпас бұрын, алдымен оның шыққан тегіне, шежіре тармағына қысқаша тоқталып өткен дұрыс. Жошының арғы атасы атақты Барақ сұлтан болса, одан бері қарай Бөкей – Тұрсын ханның немересі, Барақ сұл­танның төртінші баласы. Жошы сол Бөкей ханның бір баласы Тәуке сұл­таннан Молдахан деген сұлтанмен егіз туады. Көпшілік білетін көне тарих деректерінен белгілі, 14 жастағы Бөкейді Қаздауысты Қазыбек бидің пәрменімен Қаракесек Шекшек Нұралы би алпыс нөкерімен Барақ сұлтаннан аттай қалап, Самарқаннан Арқаға арқалап алып келген. Орта жүз, Арғын елі, оның ішіндегі қалың қаракесек руының бұл жосығы – қазақ ортасындағы төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды деген жазылмаған дала заңымен үндеседі.

 

Жошы есімі туралы бірер сөз

Қазақ дәстүрі бойынша жаңа туған нәрестеге ат қою – үлкен мәнге ие рәсім. Оның ішінде ұл балаға даңқты баба­ларының есімін беріп, қасиетті аруақ­тарға құрмет көрсету – ерекше ғұрып. Бұл салтты Алаш ішінде ақсүйек төре тұ­қымдары берік ұстанған. Оған өткен тарихтан көптеген мысал келтіруге болады. Қазақ тарихына қатысты бір­неше Жошы болған. Ескі шежіренің ең білімдар өкілі, жазушы Мұхтар Мағауин 2017 жылы «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында Темужіннің, яғни Шыңғыс ханның туған інісі Қасар­­дың да толық аты – Жошы-Қасар еке­нін айтады. «Кейінгі Жошы хан­мен шатастырмас үшін көбіне-көп үне­мі дерлік есімнің екінші жартысы қа­былданған. Рәшид-әд-Диннің еңбегін ақтарып қарасаңыз, тағы қаншама Жо­шы алдыңыздан шығады. Бұл – таң­балы қағазға түскен Жошылар ғана», дейді тарихшы ғалым М.Мағауин. Ол есім кейін Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханға берілген. Біз бүгін әңгі­мелейтін Жошы сұлтан да сол даңқты бабаларының есімін еншілеген тұлға ретінде бізді қызықтырады.

Есім қайталау қазақ хандығы тарихында ерекше сақталған деуге болады. Біз айтып отырған Жошы Тәукеұлының үшінші атасы Барақ сұлтанның есімі де арғы атасы Алтын Орданың ханы Барақ ханның есіміне құрмет ретінде қойылған. Жалпы, тере берсек, қазақ хандарының ішінде бірнеше Бөкей, бірнеше Жәңгір, бірнеше Құдайменде, бірнеше Көшек, бірнеше Абылай, бірнеше Тұрсын, бірнеше Қасымды кездестіреміз. Айтпағымыз, Жошы Тәу­кеұлы да өзінің ұлы жауынгер, ер, батыр бабаларының қасиетті есімін еншілеген тұлға ретінде құрметпен аталады.

 

Ақын Жошы

Төре тұқымдарын зерттеп жүрген жас ғалым Арман Ахметовтің «Барақ хан» атты толымды еңбегінде Жошы сұлтанның жасы құжаттарда әртүрлі жазылғандығы көрсетіледі. Жошының ту­ған жылы әр деректе 1813, 1817, 1818 жылы дүниеге келген деп жазылады. 1850 жылы Қарқаралы округінде әкесі басқарған Қара-Әйтімбет болысында тұрған. Тұрмысы бай. Бай бол­ғанымен қара бастың қамын ойламай елге пайдам тисін деген азаматтардың бірі болған. Мақаланың басында атап кеткендей, Жошы Тәукеұлы туралы Смахан Бөкейхановтың деректері Жо­шы өмірінен көп ақпар береді. Сол дерек­тердің бәрінде Жошының ақын­дық өнері туралы кеңінен айтылып, бір­неше өлеңі мысалға келтіріледі. Жошы­ның әр кезде жазып, ел аузында кеңінен тараған өлең­дерінің бір-екеуін осы жерде айта ке­туге болады.

Жошы сұлтанның қонысы Абыралы жерімен қолтықтас, арасынан Түндік өзені ағып өтеді екен. Ақынның бір өлеңі өзінің құдалары Байбөрілерге қара­тылып айтылады. Құдасы байбөрі елінен, Кенже Қойшыбайұлы кезекті қансонардың бірінде Жошының баласына түлкі байламай кетіпті. Жошының ренжігенін естіген Кенже біраз уақыт өтіп кетсе де, келіп: «Ассалау­маға­лей­күм, Алла жар!» деп амандаса кіріпті. Сонда Жошекең:

Уағалейкүмассалам, байбөрілер,

Ит жүгіртіп, құс салған

өңшең серілер.

Бір тышқанның түгіне қараймын деп,

Құдай қосқан құдадан

кеттің сендер!

– деген екен. Кенже: «Алдияр» деп түл­кісін әкеп, аяғына жығылыпты. Төре: «Уағы өткен, алмаймын!» деп алмапты.

Немесе ағасы аға сұлтан Құсбек төре қайтыс болғанда ақын інісі Жошы мына өлең жолдарын айтқан екен:

Кешегі туған айдың бүгін бесі,

Мал тайса, ер жігіттің қалмайды ісі...

Келсем, кеткім келмейтін

ауылым-ай,

Ит байласа тұрғысыз болғаны несі?!. Бұл өлеңдер Смахан Бөкейханның «Әле­кеңнің әулеті» атты еңбегінде жа­зылған. Аталған еңбек «Жұлдыз» журналына алғаш рет тоқсаныншы жылдары, кейін 2006 жылы қайта басылып шыққан.

Жошы сұлтан туралы 1858 жылғы құжаттан оның Қарқаралыда аға сұлтан сайлауына қатысып дауыс бергендігін тарихшы А.Ахметов Б.Нәсеновтің «Абы­­ралы – Сарыарқаның кіндігі» ең­бе­гіне сілтеме жасап жазады.

Жошы Тәукеұлының ақындығы осы бір-екі өлеңмен шектелмейді. Негізгі өлеңдері әлі де жарыққа шықпай отыр. Бұл туралы сұлтанның тікелей ұр­пағы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің ие­ге­рі Болат Тәңірбергенұлы мына бір құнды деректі ұсынады: «Қазақ­стан­­ға кеңінен танымал қоғам қайрат­кері болған, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының кандидаты, зерттеуші ғалым Мыңжасар Әдекенов кезінде 2008-2009 жылдары қазіргі Қарқаралы ауданы, Бүркітті ауылында аға сұлтан Құс­бек төреге, Құсбектің әкесі Тәуке сұл­танға, Құсбек төренің орынбасары болған, інісі Арыстанбек сұлтанның баласы Смайылхан сұлтанға салынған кесенелерді мемлекеттік қорғауға алуға үлкен жұмыс жасаған болатын. Сол кездегі облыстық мәдениет басқарма­сының басшысы, қоғам қайраткері Рым­бала Омарбекованы арнайы шақыр­тып, кесене басына граниттен көктас қойдыртты. Аталған шара барысында Мыңжасар аға «Мұндай ерекше архитектуралық нысандар мемлекет тарапынан қорғауға алынуы керек. Осы Қарқаралы төңірегінде Құсбек төре­нің бейіті пішінімен ұқсас салынған кесенелер көп. Оларға Құсбектің іні­лері Аппаз, Арыстанбек, Жошы сұл­тандардың бейіттерін жатқызуға болады. Солардың ішінде Тәукеұлы Жо­шының кесенесі ерекше назар аудартады. Тәуке сұлтан ұлдарының кө­бі­сінің кесенесі шошақ пішінді болып келсе, Жошы сұлтанның кесенесі сегіз құлақты ерекше архитектуралық құрылыс болып табылады. Бұндай нысандар орталық Қазақстанда көп кездесе қоймайды. Сондықтан аталған қорымды көп кешіктірмей дереу мемлекет қорғауына алып, белгі қою керек. Ондай құрылыс нысандарын жер­мен-жексен етуге болмайды», дей келіп Құсбек төренің інісі Жошы Тәу­ке­ұлының бес дәптер өлеңдер жинағы өзінің мұрағатында сақтаулы екендігін айтқан болатын. Сөйтіп, аталған мұ­раны ұрпақтарына сыйға тартамын деп жүргенде ол кісі бақилық болды. Жошекеңнің бес дәптерінен бөлек Мың­жасар Әдекеновтің мұрағатында Сма­хан төренің 40 дәптері бар екенін сол жиында естіген болатынбыз», дейді Б.Тәңірбергенұлы. Тікелей ұр­пағының айтуынша, ол бес дәптер қазір­гі таңда белгілі қоғам қайраткері, ғалым Сер­ғазы Мыңжасарұлы Әдекеновтің мұрағатында сақтаулы тұр. Алдағы уа­қытта аталған тың мұраны жас ұрпақ еншісіне табыстап, көпшілікке таныс­тырған дұрыс. Сондай-ақ жоғарыдағы пікірде айтылып кеткендей, Жошы Тәукеұлының кесенесіне өлкетанушы ғалымдар, тарихшылар кең көлемде зерттеу жүргізіп, мемлекет тарапынан қолдау тауып, реставрация жұмыстары басталса, нұр үстіне нұр болады.

 

Қазанбас қыстағын Жошы қыстауы деп атасақ

Боқты тауының сілемдеріне жататын ұсақ шоқылардың бірі – Өтең-Құлан деп аталады. Жошы Тәуке­ұлының қыстауы сол Өтең-Құлан деген жерде болған. Бүгінде ол жер «Қазанбас» қыстағы деп аталады. Оның себебі, Жошы өзінің малайларына жұмсақ қарап, оларға біреу «құл» деп жекісе: «Құлдарым емес, ұлдарым» деп жалшыларға мәдениетті қарым-қатынас жасайтын болса керек. «Барақ хан» кітабында Жошы сұл­танның жеке басына суреттеме жа­сай келіп: «Жошының денесі өте ірі адам болған. Орыс деректері оны «қарапайым, саналы адам» деп жазса, ел аузында «көзі өткір, берген батасы да, айтқан қарғысы да қате кетпеген» дейді. Өзі жомарт, қайырымы мол адам болғаны соншалық, шеттен пана іздеп келген адамдарға қоныс беріп, үй­лендіріп, еншісін де бөліп беріп отырған. Төртуыл руынан ағайынды Еркінбай мен Меркінбай, қырғыз руы­нан Жотабас келіп, Жошының малын баққан. Төре оларды үйлендіріп, алдарына малын салып берген екен. Қазір олардың тұқымы Жошы әулетімен туған туыстай араласып тұрады», деп жазады А.Ахметов. Әлгіндей ерке­ле­те­тін болған соң, жалшылары ұйқы­лары қанғанша ұйықтайтын болып, бір жалшысы Қазанбас атанып кетсе керек. Кейін Кеңес өкіметі орнаған тұста, бай-төре тұқымдарының атын атауға тыйым салынған тұста Жошы қыстауы қасақана «Қазанбас» аталып кетеді. Азат күнде ақиқат ашық айтылып, тарихтың ақтаңдақ тұстары толық ақталса дейміз. Әрине, Жошы қыстауы осы тұрғыда өзінің заңды атауын қай­тып иеленсе дегіміз келеді.

 

Кенесары қозғалысындағы Жошы бейнесі

Смахан Бөкейханның жазбаларында Бөкей ханның қарақалпақ әйелінен туған үш ұлдың бірі – Уәли сұлтанның Оңқа мен Жәдік атты батыр ұлдары болған. Қарқаралы өңі­рінен Бөкейдің ұлы Тәукенің ұрпағы Болат Тәңірбергенұлының айтуынша, Оңқа мен Жәдіктің әкелері ерте өліп, шешелері әмеңгерлікпен Уәлидің інісі Тәукеге шығып, «екінші бәйбіше» аталыпты. Ол кезде Оңқа мен Жәдік 17-18 жас шамасындағы жігіттер. Тәу­ке­нің әмеңгерлікпен алған әйелі Мол­дахан мен Жошы есімді егіз ұл табады. Б.Тәңірбергенұлының деректерін әрі қарай тарихшы А.Қиятұлы былай деп жазады: «Құспек төре Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып тұрған 1843-1846 жылдардың аралығында Кене­сары хан Ресей отаршылдығына қарсы күресін жүргізіп жатады. Сонда Кенесары Қарқаралы округіне келіп, Бөкей тұқымынан Жамантай мен Құс­пек сұлтандардың көтеріліске қо­сылуын талап етеді. Төрелер: «Біз патша қызметіндеміз. Ел ішіне іріткі салып сендерге қосыла алмаймыз», деп жауап береді. Сонда Уәлиден туған Оңқа мен Жәдік сұлтандар ағасы Құс­пекке: «Сен біздің атамыздан қалған еншімізді берген жоқсың» деп, шешесінен туған інілері Молдахан мен Жошыны ертіп, Кенесары ханға қарай бет алады. Жай кетпей Құспектің 4000 жылқысынан 1000 жылқыны бөліп айдап әкеткен. Ол кезде Кенесары 3000 қолмен Қарқаралы өңірінде кейін «Кенесары асқан» аталып кеткен жерде күтіп жатқан. Інілерінің бұл қылығын естіген Құспек оларды тоқтатпақ болып, сауытын киіп, қолына найзасын алып, жігіттерімен өзі жолға шығып кетеді. Қуып келген Құспекті көріп, Оңқа аттың үстінде тұрып найзасымен береннің сол жақ бүйірінен түйреп желкесінен шығарып, аттан көтеріп жерге қойыпты. Құспек: «Түгі бетіне шығып кеткен екен, әрі қарай қырғынға бармай-ақ осымен доғарайық. Жөнімен кете берсін! Жіберіңдер!» деп бұйырады. Сөйтіп, 1000 жылқыны қуып Оңқа мен Жәдік бауырларымен көтеріліске қосылған. Бұл ауызша жеткен мәлімет құжаттармен расталады. Кенесары сұлтанға қосылып кеткен қазақтар туралы 1838 жылы 7 қыркүйекте жазылған мәлімет топтамасында былай делінген: «Уәлиұлдары Оңқа мен Жәдік сұлтандарға қарасты Қара-Әйтімбет болысы Сарыбай бимен бірге Қоңыр шатқалдары мен Шу өзені бойында 1847 жылы Кене­сары хан қырғыздармен болған соңғы шайқаста жазым болған соң, көте­ріліске қатысушылар жан-жаққа бытырап кетеді. Уәлидің ұлдары мал-жа­нымен, жанында төлеңгіттері бар Сары­судың бойында тоқтап, сондағы біраз ауылдарды «сендер көтеріліске қосылмадыңдар» деп күш көрсетіп шауыпты. Бірақ шешек ауруы тарап, ағайынды Оңқа мен Жәдік ауырады. Қолайлы сәтті пайдаланғысы келіп, алдында шабылған ел кек алмақ ниет­пен 800 жігіттен құралған жасақпен олардың ауылына аттанады. Жау келіп қалған тұста төрелер киіздерді жығып, жалаң денелеріне шекпеннің үстінен орап, бес-бес жігітке бөлініп арқаларынан найзамен тіретіп, садақ тартқанда алдыңғы лектегі екі-үш адамнан өтіп, жиырма-отызын бірден опырып түсіреді. Жаулар: «Бұлар бізді алдаған екен ғой, күш-қуаты бойларын­да» деп шегініп кеткен. Артынша төре ауылы жиналып: «Олар енді бізге күн көрсетпейді. Көшуіміз керек!» деп, үдере көшіп Балқаштың басына жетеді. Мұнда төрелердің ауруы әбден асқынып, денесінің суы шек­пенге шығып кетіпті. Сонда олар төлеңгіттеріне: «Бізді осы Балқаштың түбінде қойып, елге қайтыңдар! Ал мына Жошы мен Молдаханды ағасы Құспекке жеткізіңдер!» деп тапсырады. Сөйтіп, Оңқа мен Жәдік сүйегі сонда қалып, ауы­лы Қарқаралыға жетеді. Құспек төре оларға мал беріп, баласы Қоңырдың жерінен Боқтының етегінен Жошыға қоныс берсе, Арыстанбек төренің жанынан Молдаханға жер беріпті. Кейін Молдаханнан тараған Шәмшінің баласы Армия төре аталарының айтуымен Оңқа мен Жәдік бейіттерін көргенін айтыпты. Ал олардың Кенесарыға қалай қосылғанын Болатқа әңгімелеп берген Жошының ұлы Жақыптың немересі Сеңкібай Мұсатайұлы екен».

Жошы сұлтан туралы, Кенесарының батыр сарбаздары Оңқа мен Жәдік ту­ралы белгілі жазушы, ақын Серік Сағынтай өзінің «Оңқа-Жәдік оқиғасы» хикаятында жазады. Көркем шығармада Жошы бейнесі әредік-әредік кездесіп отырады. «Оңқа мен Жәдік Жошы мен Молдаханды ала кеткен. Бес-алтыдағы балалар еді тайға мінген. Иә, сонда ғой бұлар қалың жылқыны бермесе де, екі ұлды Құсбек алып қайтқан сол сапардан. Түсінде сол Құсекең: «Оңқажан, ар ма? Елге қайтсаңдаршы. Сағындық қой! «Ер – туған жеріне...» деген. Өкпе-ренішті ұмытайық. Жошы мен Молдахан өсіп қалды. Сендерді сағы­нып, өлең айтып жүр...» деп, жүзін теріс салып тұрды. «Ағеке, бері қарашы!» дейін десе, дауысы құмығып, қыс­тығады. «Қайран, атамекен!» деп, күр­сініп оянған», деп жазады жазушы С.Сағынтай.

Қазақ даласы жаппай орыс отарына еріксіз батып бара жатқан аяусыз шақта осындай-осындай оқиғалар әр жерде өтіп жатты. Жоғарыдағы оқиғадан нені аңғаруға болады: Құсбек сұлтанның Кенесарыға қарсы пиғылы болмағанын Жошы мен Молдаханның еншісі деп Кенесары әскеріне 1000 жылқыны бөліп алып кеткен Оңқа мен Жәдікке қарсы келмеуі де ұлт-азаттық қозғалысқа іш­тей болсын тілеулестігінен екенін аңға­ру қиын емес.

Ендігі борыш осындай тұлғала­рымыздың тарихтағы әділ бағасын әлсіретпей беру болса керек. Бұл ретте Жошы сұлтан, атақты аға сұлтан Құсбек төре, Оңқа-Жәдік Алаш тарихын­да ерекше құрметпен аталуы керек елеулі тұлғалар деуге әбден негіз бар. Қоры­та айтқанда, Ұлытаудағы ұлы қаған – Жошы ханнан басталған насихат жұмыстары біз әңгіме еткен Жошы ақын сияқты қайраткер, өнерлі тұлға­ларды да қамтып кеткені үлкен игі істер­дің басы болатыны сөзсіз.