Жаз. Ауыл кеші. Ымырт үйіріліп келеді. Саман кірпіштен тұрғызылған тоқал үйдің алдындағы ошаққа қи салынып, от тұтатылды. Көп кешікпей оның мұржасынан түтін көтеріліп, қара қазан шымырлап қайнай бастайды. Ұсақ малдың тұяғы таптаған қидың жалыны көмірден кем болмағанын аға буын ұрпақ өкілдері өте жақсы біледі. Осы табиғи отын ғасырлар бойы қазақы пештің қызуын бәсеңдетпей келді емес пе? Ал үйдің іші мен сыртындағы ошақта қара қазанға пісірілген тағамның дәмі тіл үйіріліп тұратыны ұмытыла қояр ма екен.
Мұндай көрініс ел ішінде сексенінші жылдарға дейін сақталып келді. Кейіннен қидың орнын көмір, содан соң көгілдір отын алмастырды. Ошақтар жойылып, әр үйге газ құбырлары тартылды. Сіріңкені бір тартып қалсаң болды, көгілдір от лап ете түседі. Ендігі жерде тамақ қара қазанда емес, қалайы кострюлдерде пісіріле бастады. Бәрібір ошақта жанған от пен көкке бой соза көтерілген оның түтіні сол жылдардағы ауыл балаларының көкейінде жатталып калды.
Ошақта жанған оттың жанында, арбаның үстінде жатып бала-қиял жер-көкті шарлап кете барушы еді. Ошақ оты жүздеген, мыңдаған ауыл балаларының арманын ұштап, түпсіз терең әлемге жетектеп кете баратын. Ауылдың ұл-қызының арманшыл, мақсаткер болып өсуінің бір сыры ошақта жанған оттан ауысқан шексіз қуат па деп қаласың. Ал керісінше бір күн ошақта от жанбай қалса, ауыл баласының көңілі пәс, жабырқау бола қалатыны да бар. Көршілес қоныстанған қос үйдің сыртқы ошақтары да қатар орналасқан еді. Көршінің ошағында сатыр-күтір лаулап от жанып, біздің үйдің ошағы қарайып, үңірейіп тұрса, атам мен әжеме: ошақта неге от жанбай жатыр, деп ығырды шығарушы едім.
Мұндай ошақтар ауылдық жерде әлі де кездеседі. Көзіңе шоқтай басылатын сол тұрмыстық зат-мүлікті көргенде үй иелеріне мұны пайдаланып тұрасыңдар ма деген сауал қоясың еріксіз. Әрине. Әсіресе жаз кезінде оған ет асып жегенді жақсы көреміз. Оның дәмі мүлдем бөлек болады дейді жергілікті тұрғындар.
Ошақ деген сөзді жалаң қарастырмай, оған тереңірек мән берсек, ұя, отбасы деген мағыналы ұғым шығады. Мысалы, қазіргідей күрделі кезеңде індет қос өкпеден қысқан кезде ошағымыздың оты сөнбесін, ағайын! «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей» деп дана Абай айтқандай, қазанымызда бүлкілдеп, былқылдап піскен майлы ет сізге шипа болып дарығай!
АҚТӨБЕ