• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2020

Әлеуметтік қызметкерлер МӘМ жұмысын жетілдіру жайын талқылады

613 рет
көрсетілді

Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлері МӘМ жұмысын жетілдіру жайын талқылады. Бұл туралы ЕҚӘҚ министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ) көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қоғамдық кеңестер құрылуда, бюджет туралы ақпарат ашық түрде жариялануда, қызмет алушыларға ғаламтор еркін қолжетімді және де қоғамға да ашықтық мәселесі қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, стационарлық сипаттағы МӘМ-дерде тұратын 18 мыңнан астам қызмет алушы СОVID-19-ке тест тапсырды. Стационарлық сипаттағы МӘМ жұмысын жақсарту және олардың қызмет сапасын көтеру мәселелері алғаш рет онлайн түрде өткен Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлерінің II форумында талқыланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, МӘМ директорлары мен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.

Ерлан Әукенов өз сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқандығын атап өтті. МӘМ қызметін жетілдіру мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын жинады.

Барлығы 174 ұсыныс келіп түсті, олардың барлығы форумда мәлімделді. Олардың 150-ден астамы Еңбекмині 7 бұйрығына өзгеріс енгізуге, қалғаны – ҚР Үкіметі қаулыларына, 2 кодекске және қолданыстағы 5 заңға қатысты.

Ұсыныстардың ең көп саны арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарының өзгеруіне байланысты. Олардың ішінде, мысалы, МӘМ қызметтерін алушылар үшін киім, аяқкиім, төсек-орын және жеке гигиена заттарының ең төменгі нормасын арттыруға және оларды қолдану мерзімін қысқартуға қатысты ұсыныстар бар. Арнайы әлеуметтік қызметке жүгінген кезде ұсынылатын құжаттар тізімін оңтайландыру, мекемеден шығару ережесін қайта қарау, МӘМ қызметкерлерінің міндеттерін нақтылау жөнінде және тағы басқа ұсыныстар түсті. Жиналған ұсыныстар мұқият қаралатын болады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді, олардың 10 мыңы МӘМ аясында қызмет көрсетеді. Форум барысында әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби әдебі жөніндегі әдістемелік ұсыныстар таныстырылды. Құжат қызмет алушыларға, әріптестерге және қоғамға қатысты әлеуметтік қызметкерлердің мінез-құлқына қатысты 5 тараудан тұрады. Ұсыныстарда әлеуметтік қызметкерлердің әдеп қағидалары мен негізгі мінез-құлық стандарттары көрсетілген. Жақын арада олар іс жүзінде енгізілетін болады.

Форум барысында әлеуметтік қызметкер мәртебесін көтеру мәселесі де айтылды.

"Мемлекеттік деңгейде олардың құзіреті мен маңызын арттыру қажет. Мысалы, Еңбек кодексіне жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеу туралы бөлім енгізуге болады. Әлеуметтік қызметкерге еңбек нарығында мәртебе мен кепілдік берілуі керек. Әлеуметтік қызметкерді және оның отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету қажет. Біз оларды тиісті әлеуметтік қорғау арқылы ғана әдеп қағидаларының сақталуын талап ете аламыз", деді Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова.

Бұған дейін МӘМ жұмысын жақсарту мақсатында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне 22 тармақтан тұратын шараларды қабылдау ұсынылды. Олардың ішінде:

- қоғамдық кеңестер құру;

- ашықтық қағидатын енгізу;

- қызмет алушыларды ғаламтормен қамтамасыз ету;

- барлық мекемелерді бейнебақылаумен қамту, камералардағы жазбаларға қызмет алушылардың туыстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- қажет болған жағдайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;

- шалғай ауылдарда орналасқан МӘМ-дерді қалалар мен аудан орталықтарына көшіру және мекемелер жұмысын жақсарту жөніндегі басқа да шаралар.

Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасованың айтуынша, МӘМ жұмысында шағымдарды талдау мен кері байланыс ортантуға ерекше көңіл бөлінеді.

"Шағымдар мен өтініштер негізінде, оның ішінде әлеуметтік желілер бойынша тәуекелдер картасын жасау керек. Сіздердің назарларыңызға тәуекелдер картасы тек олқылықтар анықталған өңірлерде ғана емес, сондай-ақ алдын алу мақсатында басқа өңірлерде де жасалуы қажет екендігіне назар аударғым келеді", деп атап өтті Дәмежан Сәдуақасова.

Өткен кезең ішінде мерзімі аяқталуға жақын ұсыныстарды орындаудың оң үрдісін көруге болады. Бұл тұста ұсыныстардың орындалуының ең жоғары пайызы Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

Ұсыныстарды іске асыру нәтижелері бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын 113 орталықтың 74-і wi-fi бар ғаламтормен қамтамасыз етілген. Бұл мекемелердің барлығында қоғамдық кеңестер құрылды, әлеуметтік желілерде аккаунттары ашылды. 95 МӘМ бюджеті ашық түрде жарияланды. МӘМ басшылығы мен қызметкерлері қамқорлықтағы жандардың туғандарымен және жақындарымен тығыз байланыс орнатқан.

"Біздің міндетіміз – ашықтықты арттыру, қызмет алушылармен жұмыс сипатын өзгерту. Ол үшін бюджет ашықтығын қамтамасыз ету, МӘМ жағдайларын егжей-тегжейлі қарау және орталықтар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру мәселелерін көтеру қажет. Барлық ұсыныстардың орындалуын бақылау – қазіргі кезде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, сондай-ақ аумақтық департаменттер алдында тұрған басты міндет", – деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Қызмет алушылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды орындау бойынша жұмыс жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде елімізде стационарлық типтегі 113 медициналық-әлеуметтік мекеме бар, онда 21 мыңнан астам қызмет алушы тұрады.