• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Шілде, 2020

Алматыда М.Мақатаев көшесіндегі медициналық мекеме провизорлық орталыққа айналды

498 рет
көрсетілді

Осыдан екі-үш апта бұрын орталыққа күніне 20-25 науқас түскен болса, қазір орта есеппен 8-10 адам түсуде. Бұл туралы онлайн-брифинг кезінде Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

– Психикалық сауықтыру орталығының М.Мақатаев көшесіндегі филиалында 5 наурыздан бастап провизорлық орталық қызмет жасап келеді. Шетелден ұшып келген 1800 азаматтың барлығы осы орталықта болды. Оның 152-нен инфекция анықталып, оларды жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырып отырдық. Бірінші шілдеден бастап біздің орталықта 350 төсек провизорлық төсек жасалды. Яғни М.Мақатаев көшесіндегі орталықта 180 төсек болса, Ә.Кекілбаев көшесінде 170 төсек провизорлық көмек көрсетіліп жатыр, – деді спикер.

Провизорлық орталықта білікті 296 медицина қызметкері жұмыс жасайды.

Олар өкпенің қабынуының орташа ауыр және ауыр дәрежесімен, яғни пневмониямен ауыратын науқастарға барлық қажетті емдеу шараларын жүргізуде.

– Өкпесі қабынған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Науқастарға қабынуға қарсы, бактерияға қарсы, сондай-ақ антикоогулянтті терапия және оксигенотерапия қолданылады. Бұл емнің бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен протоколы бойынша жүргізілуде. Біздің орталықта 10 реанимациялық төсек және 6 ИВЛ аппараты бар. Жыл соңына дейін тағы 4 ИВЛ аппаратын аламыз деп жоспарлап отырмыз, – деді орталық басшысы.

Осы айдың басынан аталған провизорлық орталықтан 499 адам ем алып, жазылып шыққан. Ең есте қалатыны, 1933 жылы туылған әжей өкпесінің 64 пайызының қабынған диагнозымен түсіп, емделіп шыққан.

– 1933 жылы туылған апамыз біздің ауруханаға түсіп, 18 күн жатып, ем қабылдады. Бес күн реанимацияда жатты. КТ рентгенінен қарағанда өкпесінің 64 пайызы қабынғаны анықталды. Ол кісіге протокол бойынша ем жүргізіліп, он сегіз күннің ішінде сауығып шықты, – дейді Сапар Рахменшеев.

Айта кетсек, провизорлық орталық ашылғалы бері жасы 55-тен жоғары 207 науқас емделген. Оның 152-сі жазылып шықса, қалғандары ем қабылдауда. Бүгінгі мәліметке қарасақ, Мақатаев көшесіндегі провизорлық орталықта 103 адам емделуде, ал Ә.Кекілбаев көшесіндегі орталықта 125 науқас ем алуда. Яғни бұрынғыдай емес науқастар саны азайған әрі бос орындар да бар.

Директордың айтуынша пандемияға қарамастан орталық өзінің тікелей міндеттерін тоқтатқан жоқ. Яғни диспансерлік бақылауда тұрған психикалық я болмаса наркологиялық ауытқулары бар ауруларды амбулаторлық және орталыққа жатқызып емдеу жүргізілуде. Психологиялық көмек көрсету де тоқтатылған жоқ.