Бүгін бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алқасының онлайн-отырысы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Отырысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят, қаладағы медициналық ұйым басшылары қатысты. 2020 жылғы қаңтар-маусымда елордада ана өлімі 7,2%, нәресте өлімі 1,3% төмендеді. Сонымен қатар неонатальды өлімнің (-1,5%) және бес жасқа дейінгі балалар өлімінің (3%) төмендеуі байқалады.
"Нұр-Сұлтанда сәби өлімі төмендеді. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Жұмысты жақсарту қажет", деді жиында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ә.Рүстемованың айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда елордадағы жалпы сырқаттанушылық 9,4%-ға төмендеді.
Аурушаңдық құрылымында тыныс алу жүйесінің аурулары алдыңғы орында – 40%-ды құрайды. Белгілі болғандай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаланың медицина ұйымдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істей бастады. МӘМС пен КТМК бойынша медициналық көмек көрсетуге келісім-шарттар жасаған Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық 95 медицина ұйымында Денсаулық сақтау министрлігі мен "Сақтандыру" ақпараттық жүйелерімен толықтай интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелер енгізілді. Медициналық көмекке тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін "Үйдегі дәрігер" жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Биыл 6 нысан ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 нысанды ашу жоспарлануда.
"КВИ бойынша ахуалды тұрақтандыру үшін атқарылған орасан зор жұмыс өз нәтижесін берді. Сонымен, бүгінде қала тұрғындарының өтінімдерінің саны 2,3 есе – күніне 3 410-нан 1 493-ке дейін; қоңыраулар саны екі есе – күніне 2 368-ден 1155-ке дейін азайды. Оның ішінде КВИ бойынша 5 есе – күніне 350-ден 71-ге дейін төмендеді. Ауруханаларға түскен науқастар саны 4 есе – күніне 400-ден 100-ге дейін азайды. Тиісінше, төсек-орын қорының жүктемесі 90%-дан 39%-ға дейін төмендеді", деді Ә. Рүстемова.
"Мемлекет басшысы стационарларда жоспарлы түрде емдеуге баса назар аударды. Бұл тек коронавирус инфекциясы бар науқастарға ғана қатысты емес, біз сапалы медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың барлығына қамқорлық жасауымыз керек. Сондай-ақ қала тұрғындарының келіп түскен шағымдарын да ұдайы ескеру қажет. Жұмыс қайта жолға қойылған кезде олардың саны артады", деді Б.Макен.
Кездесу қорытындысы бойынша елорданың денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттары анықталды. Бұл денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, медицина ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету, эпидемиологтардың рөлін күшейту, пандемия кезіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, БМСК жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ күз-қыс кезеңіндегі коронавирус инфекциясының келесі толқынына дайындық жүргізу.