• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 31 Шілде, 2020

Озық технология өрісіңді кеңейтеді

235 рет
көрсетілді

Қазір цифрландыру – қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. Ал төрткүл дүниені шар­пыған коронавирус пандемиясы цифрландырудың мемлекеттік органдармен қатар барлық сала үшін өте маңызды екенін дәлелдей түскендей болды. Президенттің жас­тар кадрлық резерві арқылы іріктелген мамандар арасында да осы салада тиімді жұмыстар атқарып жүргендер аз емес. Мәселен, отандасымыз Тілектес Адамбеков «Қазпошта» АҚ-ның уақыт талабына сай жұмыс істеуін қадағалап, шетелде жинаған тәжірибесімен құрылым жұмысын ілгерілетіп келеді. Бүгін біз «Қазпошта» АҚ-ның ІТ және инфрақұрылым бойынша атқарушы директоры Т.Адамбековпен жүргізген әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қазіргі қызметіңізге қандай тәжіри­бемен келдіңіз? Қайда білім алдыңыз?

– «Болашақ» бағдарлама­сының түлегімін. Шанхай қаласындағы Тонгдзи (Tongji University) универ­ситетінде телекоммуникация маман­дығы бойынша білім алдым. Оқуды аяқтаған соң Қазақстан-Қытай «Жібек жолы» ынтымақтастық орталығының бас директоры болып қызмет еттім. Атал­ған компанияда жұмыс істей жүріп Қытайдан инвести­циялар тартумен, бизнес-кеңес бе­румен айна­лыс­тым. Қа­зақ­стан қалаларының және об­лыстарының әкім­дері үшін Қы­тайдың ірі корпорацияларымен және ҚХР үкімет өкілдерімен іссапарлар ұйымдастырдым. Жалпы, Қытайдан елге көптеп инвестиция тартуға тырыс­тым. Одан кейін «Astana Innovations» АҚ-ның инвес­тиция жөніндегі басқарушы директоры қызметіне ауысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Инвесторларға қызмет көрсету орталығының жұмысын қол­ға алдым. Одан бөлек, біл­геніммен бөліскенді жөн санап, студенттерге дәріс оқуға бел будым. Қазақстанның мем­­лекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарында қытай халқының мәдениеті, психологиясы, кәсіпкерлігі туралы дәріс оқып жүрмін.

– Президенттің жас­тар кадрлық резерві туралы естіген кезіңізде оған қаты­суға бірден бекіндіңіз бе?

– Президенттің кадрлық резервіне іріктеу басталғаны жөнінде достарым хабарлады. Сөйтіп, мен де бағымды сынап көргім келді. Ірік­теу барысында қойылатын көпте­ген сұрақтан сүрінбей өту үшін күн­діз-түні дайындалдым. Бұл жо­ба­ға рес­публикамыздың түкпір-түк­­­піріндегі білікті әрі білімді жас­­тары қатысқаны белгілі. Кадр­лық резервтің ерекшелігі әрі мақсаты – түрлі саладағы білі­­мі мен тәжірибесі ұштасқан азаматтарды біріктіріп, ел мүд­десі­не қызмет етуге жұмыл­дыру. 

Резервшілердің қатары­на өткен соң бізді әртүрлі мем­лекеттік органдар сұх­батқа шақырды. Сол кезде «Қазпошта» АҚ басшылы­ғымен кез­десіп, әңгіме барысында ой­ларым­­мен бөлісіп, жоспарларымды ұсынуға мүмкіндік алдым. Нәти­жесінде, «Қазпошта» АҚ-ның IT және инфрақұрылым бойынша ат­қарушы директоры лауызымына жұмысқа орналастым. Қазір құры­лым жұмысын цифрландыруға, IT инфра­құрылымның дамуына жауапты қызметті атқарамын. Сонымен бірге блокчейн тех­нологиясының ілгері­леуі­не де атсалысудамын.

– Бүгінгі қызметіңізде не байқа­дыңыз? Нені өзгерткіңіз келеді?

– Әлемде орнаған коронавирус пан­демиясы еліміздегі цифрландыру саласының артта қалғанын көрсетті. Мемлекеттік органдардың жұмыс жүйе­сінде де, банк саласында да цифр­ланудың деңгейі төмен екенін, шикіліктің бары анық байқалды. Сол олқылықтардың орнын толтырып, жақсы жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Қазпоштада» Цифрлық банк, сонымен бірге Smart contract деген жаңалықтар енгізіп, барлық қазақстандықтарға, әсіресе бизнес өкілдеріне пайдалы болатын жобаларды ұсындым. Әлі де көп жұмыс жүргізу қажет. Өйткені цифрландыру саласы күн санап ілгерілеп, дамуда. Яғни бір жаңалықты оқып болғаныңша басқа деңгейдегі толықтырулар енгізіліп жатады. Сондықтан бұл сала ұдайы ізденісті қажет етеді.

– Келешекке қандай жос­парыңыз бар?

– Блокчейн саласын зерттеп жүр­геніме 4 жылға жуық уақыт болды. Блокчейн технологиясын өз елімізге әкелу арқылы осы саланы дамытып, оған қоса блокчейннің қыр-сырын меңгерген білімді мамандар мен бағдарламашылар даярлағым келеді. Яғни өзім ғана біліп қоймай, білгенімді отандастарыма үйретіп, жаңа мамандар даярлау қажет деп ойлаймын. Қазірдің өзінде жаңа жүйеге, халықаралық деңгейдегі жұ­мысқа көшуіміз керек екенін өзге жастарға түсіндіріп, команда құруды қолға алдым. Eurasia Blockchain Fintech Group компаниясында қызмет етіп жүр­генімде канадалық серіктестермен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында компания құрдық. Оған 1 миллион АҚШ долларына жуық инвестиция тарттық. Енді ТМД ел­дері арасында блокчейн саласындағы тұң­ғыш лицензияланған биржа ашып жатыр­мыз.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»