Нұр-Сұлтан қаласында «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» жобасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранты аясында «Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
АБҚО басқарма төрағасы Бәтимә Мукина конференция барысында жобаның өзектілігін атап өтіп, оны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Бұл – азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жүзеге асыратын қайырымдылықпен байланысты алғашқы жоба. Қазақстандағы карантин режімі кезеңінде өте өзекті болып отырған грантты «Арнау» орталығының басшысы Ұлан Әбішевтің ұтып алғанына қуаныштымын. Бастамаларына сәттілік тілеймін. Біз өз кезегімізде жобаны іске асыруға дайынбыз. Жобаның тиімді болуын және еңбектің түпкілікті мақсатына жетуін қалаймын», деді Б.Мукина.
«Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ұлан Әбішев «Амал» жобасының мақсаты мен міндеттері туралы баяндады.
«Неліктен біз бұл жобаны «Амал» деп атадық? Бұл сөз «әрекет», «қимыл» дегенді білдіреді және бұл жобаның философиясына, идеологиясына сәйкес келеді. Қайырымдылық мәдениетін көпшілікке насихаттағымыз келеді. Бұл мәселе әсіресе пандемия кезінде өзекті. Біз бұрынғыдан да жұмылып, бірлігімізді көрсетуіміз керек», деді Ұ.Әбішев.
Баспасөз мәслихаты барысында «Ахыска» Түрік этно мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Аскер Пириев Қазақстандағы қайырымдылық қызметтің практикалық аспектілеріне тоқталды.
«Адамның табиғатында мұқтаж адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс бар. Әсіресе, біздің халқымызда. Қайырымдылық жасаушылар мұқтаж адамдарға көмектесіп қана қоймай, керісінше, мұқтаж адамдар қайырымдылық жасаушыларға рухани тұрғыдан көмектесетінін түсіну керек. Соңғы 10-15 жылдағы тәжірибемде қайырымдылық қызметін үйлестіру өте қиын екенін байқадым. Сондай-ақ игі істер жасау үшін бай адам болудың қажеті жоқ дегім келеді. Үлкен жүрек пен тілек жеткілікті», деді А.Пириев.
Нұр-Сұлтан қаласының Азаматтық бастамалар орталығының басшысы Махаббат Еспенова өз сөзінде қайырымдылық қазақ халқының мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі екенін еске салды.
«Амал» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының арқауына және ұлттық, азаматтық бірегейлік, прагматизм қағидаттарына сай келеді. Егер біздің балаларымыз, жастарымыз қайырымдылық туралы көбірек білетін болса, оның қаншалықты маңызды және пайдалы екенін түсінсе, онда біздің қоғам өзінің форматын өзгертіп, прогрессивті және ізігілікті қоғамға айналады. Дәл осы азаматтық қоғам еліміздің табысты болуына және халықтың барлық тобы үшін сапалы өмір сүруіне көмектесетін әлеуметтік капиталды жинақтайды», деп атап өтті М.Еспенова.
«Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» кешенді ақпараттық-түсіндіру әлеуметтік жобасының мақсаты – Қазақстандағы қайырымдылық процестерін стандарттау және жүйелеу, адамдарды біріктіре отырып, игі істер жасау, мұқтаж адамдарға көмектесу, сондай-ақ жастар арасында қайырымдылық мәдениетін арттыру.