• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Тамыз, 2020

Қиял құшағындағы Айша

309 рет
көрсетілді

Бақытты отбасы, әдемі үй, жайнап тұрған дастархан, сыңғырлап күлген анасының дауысы, бұл өмірде одан асқан бақытты жан жоқ шығар, сірә. Осынау 13 жасар қыздың күлкі мен шаттыққа толы кешкі асын кенет шырылдай шыққан ащы дауыс бұзып жіберген еді.

Бақытқа толы балалық шағын қанша қиғысы келмей жатса да, көзін әрең ашып, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Манағы кең, жылы әрі ке­ре­­мет үй мезетте лашыққа айналып кеткендей. Жарқ-жұрқ еткен най­за­ғай мен нөсерлеп жауған жаң­быр олардың паналаған баспанасын ұшы­рып әкететіндей...

Лас еден, қуыстай бөлменің бір бұрышында араққа сылқия тойып, бүріскен әкесі мен анасы. Олардан сәл алшақтау жерде әбден тозығы шығып, жыртылған көрпе үстінде, жартылай жалаңаш найзағай дауысынан шошып шырылдап жылаған екі жасар Омар атты інісі. Үйде сылдыраған бос бөтелке мен көгерген наннан басқа, жүрек жалғар ештеңе де жоқ еді.

Айша осы көрініске әбден еті үйренгендей, ақырын орнынан тұрып, інісінің қасына барды. Бауырын жұбатқандай болып, маңдайынан сүйіп, үстіне қалыңырақ әкесінің жа­ман жейдесін қабаттап жапты. Омар­дың қасына жантая жатып, жартылай сынған терезенің бір бұрышынан нөсерлі далаға көз қырын салады.

«Өмірге не үшін келдім?», «Мен кімге керекпін?» деген сұрақтар мен ата-анаға деген реніш Айшаны тез есейтіп жібергендей. Біресе осындай тағдырына өкпелеп, біресе әке-шешесінің бар екендігіне, аман екен­дігіне, қастарында екендігіне шүкір­ші­лік етеді. Інісі Омармен өзінің есейген шақтарын, білім алып, жұмыс істеп, бақытты ғұмыр кешетіндіктерін ойлай өз-өзін жұбатып жатып, көзі ілінеді. Күні бүгінге дейін оны жылытып, күш беріп келе жатқан да осы, асқақ армандары мен үзілмес үміттері болатын.

Ұйқыға кеткен сәттен бастап, Айша тәт­ті қиялдарының құшағына еніп, қа­нат біте ұшып жүргендей күйге кене­летін.

Бұл – бүгінде өз бүлдіршіндерінің болашағына қолын бір сілтей қарайтын отбасыларда өсіп келе жатқан кіршіксіз сәбилердің бір күндік тіршілігі еді.

 

Сағыныш ИБРАГИМ,

студент