Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері коллекциясында тұрған мына қос картинаның бірі «Киіз үй ішінде», екіншісі «Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері» деп аталады. Бұл екі шығарма да XIX ғасырдың аяқталар тұсында талантты суретші Николай Хлудовтың қылқаламынан туған. Заманында Ахмет Байтұрсынұлын алаңдатқан Хлудов шығармашылығындағы түсініксіз мәнер туралы бүгінгі өнертанушылар не дейді?
Қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы даму барысы туралы сөз қозғағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары орыс елінен жер аударылып немесе экспедиция негізінде елімізге келген суретшілерді айналып өте алмаймыз. Неге десек, сурет өнеріне тың серпін әкелген жас таланттардың көпшілігі олардың кәсіби білігінен нәр алды. Сондай суретшілердің бірі 1921 жылы Алматыда тұңғыш көркемсурет студиясын ашып, Әбілхан Қастеевке дәріс берген Николай Хлудов.
Алпыс екі жыл өмірін шығармашылыққа арнаған ол қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін кенеп бетіне түсірген суреткер өмірінің соңына дейін қазақ даласын мекендеп, тұмса табиғатына тамсанумен өтіпті. Бұл пікірімізге туындыгердің: «Мен арман әлеміне еніп кеткендеймін. Жерұйық дегеніміз осы болар, сірә. Менің туған жерімде мұндай ғаламат таулар, көкорай шалғын заңғар белестерге мөлдір суын жеткізуге асыққан өзендер, Жетісу өңірін мекендеген керемет адамдар жоқ», деген сөзі дәлел.
Ол өзіне таныс емес халықтың өмірін бақылап, түрлі суреттерді дүниеге әкелді. Біз сөз етіп отырған полотнода көшпелілер тұрақжайының құрылымы, оның ішкі жасау-жабдықтары, ұлттық киім-кешек, күнделікті тіршілік қамы тұтас баяндалған. «Киіз үй ішінде» деп аталған суреттегі жеті кейіпкердің көңіл күй ырғағы бір-біріне ұқсас болғанымен, эмоциялары жеті бөлек. Шебердің қолтаңбасы картинаға жан бітіріп-ақ тұр. Дей тұрғанмен, бұл шығарманы қазақ этнографиясының бай мұрасын көрсететін тарихи мәні зор шығарма деп қабылдай аламыз ба? Картинада ұлттық танымымызға томпақ келетін қандай тұстар бар? Маман сөзімен саралап көрейік.
– Бұл еңбек үнемі музейдің төрінде тұрады. Әрине, Хлудовтың шеберлігіне шәк келтіре алмаймыз. Бір қарағанда әсерлі болып көрінгенімен, туындының өне бойынан қазақы қасиет-қалыбымызға сай келмейтін бірнеше жағдайды байқауға болады. Аядай бөлме болса да, киіз үйдің көшпенділерге тән өз мәдениеті бар. Біріншіден, есі дұрыс қазақтың отағасы келінінің, қыздарының көзінше жартылай жалаңаштанып отырмайды. Екіншіден, беті ашық тұрған қазанның қасында отырып шаш өру әдепті бойжеткеннің әдеті емес. Үшіншіден, әр нәрсенің киесін білген ұлтымыз бас киімді ешқашан жерге қоймаған, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақытхан Мырзахмет.
Жас суретші Шаттық Батан да бұл суреттердің өне бойында халқымыздың табиғатына теріс көріністер белең алған деп есептейді. Оның пікірінше, біздің болмысымыздан мүлде бейхабар шетелдік көрермендер аталған шығармалар арқылы «қазақ осындай болған екен» деген ой түюі мүмкін. «Көп ішінде төсін жарқыратып отырып жүн сабаған қазақ әйелі туралы қандай ойға қалар едіңіз?» дейді ол.
Өз қолтаңбасымен бейнелеу өнеріне жаңа леп әкелген шебер, ұлттың жан дүниесін, мінезін, ұзақ зерттегенде осы дүниеге неге мән бермеді деген сауал туындайды. Бұл жай ғана кездейсоқтық па, жоқ әлде басқа ма?
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, Орталық мұражайға ғылыми кеңесші болған тұсында Ахмет Байтұрсынұлы Хлудовтың бірнеше туындысын сын садағына алыпты.
Ахаң: «Суретші Хлудовтың туындыларына жалпылама назар салғанда, оның қазақ тұрмысы мен өмірінде мүлдем кездеспейтін, не аса сирек ұшырасатын құбылыстарды бейнелеуге құмар бағыты бірден көзге ұрады. Бәлкім, мұнысын қазақтардың тұрмысын көпшілік жұртшылықтың санасына әбден сіңген қалыпта, яғни оларды жартылай жабайы түрде елестететіндердің ұғымына сай бейнелегісі келуімен, не нақты жағдайдың біртектілігі суретші көңіліне жақпайтындығымен түсіндіруге болар да еді. Бәлкім, суретші қазақтардың өмірімен үстірт қана таныс, сондықтан оны қалыпты жағдайда бейнелеуге дәрменсіз шығар», деп жазған екен.
Сол заманның өзінде-ақ ұлт зиялысын алаңдатқан суретшінің бірнеше шығармасындағы жартылай жалаңаш әйелдердің бейнесі көзге түрпідей тиеді. Осы туындылардың көпшілігі күні бүгінге дейін мұрағатта емес, көрмелердің ең көрнекті қабырғаларында тұр. Кейбір өнертанушылар Хлудов қаламынан тамған жартылай жалаңаш картиналар шоғырын ақтап алғысы келетінін де байқадық. Олардың сөзінше: «Бұл – өнер, суретші қиялында ешқандай шекара болмауы тиіс». Қанша жерден дара шебердің қолтаңбасы десек те, болмысымызға қайшы өрескел қателіктер бар картина ұрпаққа не беретініне зер салғанымыз жөн секілді. Өнердің бір мұраты ха- лықтың мәдениеті мен тарихын болашаққа жеткізу дейтін болсақ, мұндай мәселелер аса мұқият зерделеуді қажет ететіндей.
АЛМАТЫ