Қазақстандық музыканттар Джочино Россини атындағы халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды. Ең алдымен классикалық музыкаға арналған ерекше форматтағы бұл байқау шартының өзге бәйгелерге қарағанда басқаша болғанын айта кетуіміз керек. Дода шартына сәйкес қатысушылар өз өнерлерін алдымен әлеуметтік желіде сынап, қазылар алқасы қойылымды бағалағанға дейін көрермен көзайымына айналуы қажет болған.
Өз кезегінде Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының мемлекеттік ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті бұл тапсырманы сәтті орындаған. Дегенмен осы жерде аталған квинтеттің финалға өтуіне жақын жерлестері емес, шетелдік көрермендер көбірек ат салысқанын айта кетуіміз керек. Қазылар алқасы бірауыздан Жанат Ерманов жетекшілік ететін біздің квинтетті ең үздік деп таныған.
«Конкурсқа әлемнің түкпір-түкпірінен өнерпаздар қатысты. Мамыр айында басталған байқау үш ай бойы өтті. Біздің топ қазылардың назарына Жак Ибер, Клод Дебюсси, Александр Цемлинскийлердің күрделі шығармаларын ұсынды», дейді Ж.Ерманов.
Жалпы бұл өнерпаздарымыз жоғарыдағы марапатқа бір күнде жете салмапты. Олар осыған дейін де көптеген дәстүрлі байқаудың лауреаттары атанып келген. 2016 жылы квинтет BELBRAND AWARD халықаралық музыкалық сыйлығының лауреаты атаныпты, ол – 19 елдің 165 үміткерінің арасында өткен эстафеталық жарыстағы үлкен жеңістің бірі болған.
Италия төрінде жеңіс туы желбіреген квинтеттің құрамында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары – Сұлушаш Елубаева (флейта), Құралай Мәлімбаева (гобой), Жанат Ерманов (кларнет), Санжар Қадырбеков (валторна), Талғат Сапабеков (фагот) бар.
Байқау жеңімпаздарын марапаттайтын гала-концерт келесі жылы Пезарода өтеді деп күтілуде.