Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті, белгілі қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова өкпесі қабынып, 55 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz
Қаралы хабарды оның жолдасы Төлеутай Рахымбеков өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Бұған дейін Салтанат Рахымбекованың 11 шілдеде аурухана төсегіне таңылғаны туралы хабардар еткен.
"Аты өшкір пневмония менің отбасымнан сырт айналмады. Менің Салтанатым, менің сүйікті Салтушам жансақтау бөліміне түсіп қалды. Дене қызуы 39 және одан жоғары. Дәрігерлер мұны коронавирустан емес дейді, ал мен оларға сенемін. Салтанат жоспарлы емделу курсын өтіп жатқан, сол кезде пневмония анықталды. (...) Сондықтан біздің дәрігерлер, медбикелерден, санитар әйелдерден артық ешкім жоқ екеніне сенімдімін! Мені кешіріңіздер! Мен жеке басыма, отбасыма қатысты ешқашан жарияламайтын едім. Мына вирус ең жақсы адамдарды жалмап бара жатқанын білемін. Денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Алла мен аруақтардан бәрі және Салтушам үшін дұға етемін", деп хабарлады Төлеутай Рахымбеков.
С.Рахымбекованың қайтыс болғаны туралы ақпаратты Facebook-те қоғам қайраткері Мұрат Әбенов те ауыр өкінішпен жазды.
"Біз жақын дос, әріптес, серіктес және пікірлес бола білген Салтанат Рахымбекованы жоғалтып алдық... Ол бұл аурумен ұзақ уақыт күресті. Сүйікті жұбайы Төлеутай Рахымбеков қолынан келгеннің бәрін жасады. Салтанат Темірқұлқызының қазір бізбен бірге болмағанына сену қиын. Төкеге, балаларына, жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", делінген хабарламада.