Әлеуметтік шиеленісті болдырмау – басшы мен жұмысшыға бірдей міндет
Халқымызда «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әрі жаман, әрі жақсы тіркес бар. Жамандығы ұрыс-керістің лебі болса, жақсылығы соны жуып-шайып, тігісін жатқыза бітістіруге қызмет етуі. Осы бітістіру мен түрлі әлеуметтік шиеленістің алдын алудың тұрғындар саны артып, жұмыс орындары жетіспей және шетелдіктермен бірлесе жұмыс жасау барысында алуан түсініспеушіліктер туындап жататын қазіргі кезеңде маңызы зор.
Әлеуметтік шиеленісті болдырмау – басшы мен жұмысшыға бірдей міндет
Халқымызда «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әрі жаман, әрі жақсы тіркес бар. Жамандығы ұрыс-керістің лебі болса, жақсылығы соны жуып-шайып, тігісін жатқыза бітістіруге қызмет етуі. Осы бітістіру мен түрлі әлеуметтік шиеленістің алдын алудың тұрғындар саны артып, жұмыс орындары жетіспей және шетелдіктермен бірлесе жұмыс жасау барысында алуан түсініспеушіліктер туындап жататын қазіргі кезеңде маңызы зор.
Ақтауда өткен «Маңғыстау облысында әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік еңбек дауларын шешу» атты өңірлік тәжірибе алмасу семинары осы мақсатты діттеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтік-еңбек саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көпдеңгейлі тетігін енгізу қажеттілігі туралы айтты. Маңғыстау облысы кәсіпорындарындағы еңбек қатынастары әрдайым қарапайым, жеңіл болып қалыптасқан жоқ. 2013 жыл басталғалы бері өңірде жалақыны көтеру, еңбек жағдайы мен әлеуметтік пакетті жақсарту секілді әртүрлі мазмұндағы 6 еңбек дауы орын алды. Мұндай жағдайдың жиі қайталанатыны неліктен? Дау-дамайды шешу барысында біз құқықты мойындамау, жұмысшыларды жалдаудың бұлыңғырлығы, компаниялардағы бизнес-үдерістің ашық еместігі, компания басшыларының нақты жағдайлардан, жұмысшылардың мұң-мүдделерінен бейхабар болуы секілді жағдайларға тап боламыз. Сондықтан да мен баршаңызды адамдарды жұмысқа алуда, кадр саясатында барынша мөлдір, таза болуға шақырамын. Жұмысшыларға олардың еңбекақылары қалай, неден құралатынын түсіндіру қажет. Ол үшін өндіріс және еңбек тәртібін нығайтудағы кәсіподақтар қозғалысының рөлі мен орнын қайта қарастыру керек. Өңірімізде кәсіподақ көшбасшыларымен белсенді диалог орнаған. Облыстағы кәсіподақтар кеңесінің қызметі оң бағалауға лайық, – деп өңірдегі әлеуметтік ахуал мен шиеленістердің алдын алу бағытындағы жасалған жұмыстарға тоқталған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев одан әрі мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың өзара қарым-қатынасын жетілдіруді, еңбекақы берешегі мәселесін шешуді, еңбек тәртібін нығайту, еңбек жағдайын жақсарту мәселелерімен айналысуды, сондай-ақ кәсіподақтар ұйымдарының нығаюымен бірге «Самұрық-Қазына» әлеуметтік әріптестік қорымен, орталық органдарымен өзара қарым-қатынасты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Семинарда «Әлеуметтік тұрақтылық рейтингі – еңбек даулары мен шиеленістерін диагностикалау тетігі» тақырыбында баяндама жасаған Әлеуметтік әріптестік орталығының бас директоры Н.Ерімбетов:
– Елдегі әлеуметтік тұрақтылық – мемлекеттік саясаттың шешуші басымдықтарының бірі. Компаниялардың әлеуметтік тәжірибесін талдау арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелеріне жаңа, стандартты емес шешімдер қажеттігін аңғаруға болады. Адами факторды ескермей, әлеуметтік еңбек қақтығыстарына тек еңбек даулары ретінде қарау дұрыс емес. Мұндай наразылықтарға тереңірек үңілсек, оның астарында жұмысшылардың адами қарым-қатынастары, оларды адам ретінде құрметтеу керектігін аңғару қиын емес, – деді.
«Самұрық-Қазына» АҚ тобы компаниялары кәсіподақтарының әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік дамыту бойынша жаңа міндеттерге сәйкес Қор компанияларындағы әлеуметтік-еңбек қақтығыстарының алдын алудың және жол бермеудің тиімді тетіктерін әзірлеуге және енгізуге арналған Әлеуметтік әріптестік орталығы құрылды. Жұмысын белсенді бастаған Қордың жұмыстары 4 блокқа жүйеленген. Алдымен, әлеуметтік жауапкершілік пен әріптестіктің барлық бағыттары бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-тармен өзара тығыз іс-қимыл жасауды, екіншіден әлеуметтік-еңбек қақтығыстарының алдын алудың жаңа тетіктерін енгізуді межелеген олар, үшінші кезекте әлеуметтік-еңбек қатынастары диагностикасының инновациялық әдістемелерін жасап, енгізу және соңғы жүйеде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі іс-шаралары бағытында жұмыстанады.
Семинарда сөз алғандардың барлығы ел тыныштығын сақтау үшін әлеуметтік шиеленістердің алдын алу, қандай еңбек дауларының да өз шешімін табуына қол жеткізудің маңыздылығын баса айтты. Бұл жұмыс беруші және жұмыс жасаушы тарап үшін де маңызды. Жұмыс беруші, яғни басшылық біржақты еңбек өнімділігіне, өндірістік жетістікке ғана малданып, қарамағындағы жұмысшылардың ахуалын кейінгі орынға қойса тығырыққа тіреліп, шиеленіске жол ашып береді. Ал жұмысшылардың да «біз үшін бәрін жасайды, әйтпесе..» деп алақанын ысқылап, орынсыз талап қоюының жөні жоқ. Қандай қиын жағдайды да, басшысының басқару ісіне күдігі мен күмәні болса да ашық айтып, заң жолымен, қалыпты шешуге тырысуы қажет. Сабыр, сыйластық, түсіністікпен ел бірлігін, тыныштығын сақтау, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосу болып табылады. «Бүгінгі жасалған әрбір жұмыс, қаланған түйір кірпіш келер ұрпақтың бақыты үшін» деген ой-сенім ешкімді де адастырмайды деп ойлаймыз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.