• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Тамыз, 2020

Қарағандыда кәсіпкерлер 10 жедел жәрдем көлігін тарту етті

250 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының қайырымды кәсіпкерлері дәрігерлерді қолдау мақсатында емханалардың мобильді топтарының жұмысын жеңілдету үшін алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті аспап-құралдармен жабдықталған 10 автокөлікті сыйға тартты, – деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл қайырымдылық көмектің бастауында Qaz Carbon және YDD CORPORATION зауыттарының Ерлан Нығматулин, оның Грузиядан келген серіктесі Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз сынды акционерлері тұрғанын айта кеткен жөн.

Ірі бизнес өкілі Ерлан Нығматулин аталған игі іс-шараның коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге арналғанын атап өтті.

– Кезінде мемлекет бизнесмендерге өндірісті дамытуға және аяғынан  тұрып кетуге көмектесті. Енді, қазіргі күрделі кезеңде бизнес өкілдерінің мемлекет пен қоғамға көмектесетін кезі келді. Бұл автомобильдер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Олар мобильді бригадаларға үйде қабылдау жүргізуге және қажет болған жағдайда науқастарды тасымалдауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Шетелдік инвестор Давид Кемертелидзе бұл қолдаудың пандемиямен күресте қоғамның игілігі үшін қызмет етеді деген үмітте екенін айтты.

– Осындай күрделі кезеңде медицина саласының қызметкерлеріне қаншалықты қиын екенін біз жақсы түсінеміз. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдем қызметіне елеулі жүктеме түсіп жатқаны туралы мәліметін зерделей отырып, арнайы автокөліктерді сатып алуға шешім қабылдадық, – деді Давид Кемертелидзе.

​Ал кәсіпкер Жармұхамед Аппаз болса, мұқтаж жандарға көмек көрсету, жалпы адамдарға, елге қамқорлық жасау – бұл компанияның, бүкіл ұжымның негізгі қағидаттары екенін атап айтты.

– Біздің еліміз осы қиын кезеңді тез еңсеріп, адамдар қалыпты өмір сүру ырғағына тезірек оралса екен деп тілеймін, – деді ол.

Емханалық бригадаларға арналған «Лада-Ларгус» базасындағы автокөліктер емдеу іс-шараларын жүргізуге, науқастарды тасымалдауға және ауруханаға дейінгі кезеңде пациенттердің жағдайын бақылауға  арналған испандық Hersill жедел медициналық көмек шабадандарымен  жабдықталған. Ондағы әрбір жиынтық оттегі баллоны, ауа өткізгіштер, интубациялық түтіктер сияқты өмірлік маңызды құрылғылардан және пациентке алғашқы шұғыл көмек көрсетуге арналған басқа да құралдардан тұрады.

YDD CORPORATION ферроқорытпа зауытының акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаздың осы жылдың наурыз айындағы төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттің іс-қимылын қолдау үшін құрылған облыстық қорға 100 миллион теңге аударғанын айта кеткен ләзім. Бұдан бөлек, бұл үштік Қарағанды облысының ауруханаларына коронавируспен ауыратындарды емдеу үшін 100 оттегі концентраторын, пульсоксиметрлер мен «Эноксапарин» препаратын тарту етіп, қайырымы зор  іске мұрындық болған еді.