Қоғамдық жағажайлардың жұмысына тыйым салынғанына қарамастан, тұрғындар Павлодар облысындағы су айдындарында шомылуды доғарар емес. Адамдар жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылғандықтан, қайғылы жағдайларға әкеп соқтыруда.
Жақында Ертіс өзенінің Сынтас ауылынан бес шақырым жердегі жағалауында отбасымен бірге демалуға келген әкесі мен ұлы суға батып кетті. Жергілікті тұрғындар 1998 жылы туған жігіттің денесін судан алып шықты. Оқиға орнына келген «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ жедел-құтқару жасағының сүңгуірлер тобы 1973 жылы туған отағасын іздеу жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр. Оның денесі бүгінгі күнге дейін табылмады.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті аймақ тұрғындары мен қонақтарына облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің №8 қаулысының 10-тармағына сәйкес өңірдің қоғамдық жағажайларының қызметіне тыйым салынғанын еске салады.
Өткен тәуліктің ішінде департамент бөлімшелері облыстың су айдындарында 25 рейд жүргізген. 18 мамырдан бері департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, барлығы 1682 рейд өткізді. Рейд барысында олар шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша 12 мыңнан астам жадынама таратты. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 440-бабы бойынша 29 адам қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 225 адам 364-бапты бұзып, тыйым салынған жерлерде шомылған.