• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 04 Тамыз, 2020

Статистиканың дәлдігі індетке қарсы іс-шараларды нақтылайды

161 рет
көрсетілді

Қаупі сейілмеген зауалдың тигізіп жатқан зардабы орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше туиттердегі парақшасында осы дерттен қайтыс болған азаматтардың қазасы қабырғасына бататынын, коронавирус пен өкпе қабынуынан көз жұмғандардың саны әлі де жоғары екенін айтты. Президенттің пәрменімен тамыздан бастап пандемияның таралу ауқымын нақты бағамдау үшін коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасы біріздендірілді.

Шырғалаң шақта өкпесі қа­бын­ғандардың қатары тым көбейіп, соның салда­рынан қайтыс болғандар аз болмады. Бірақ пневмонияға шал­дық­қандар­дан ПТР-тест нәтижесінде КВИ анық­­тал­мағандықтан, бұл науқастар Сovid-19 бойынша жалпы статистикаға алынбады. Алайда көпшілік мұнда бір кілтипан барын, дем жетпей жаны қысылғандардың күрт көбеюіне осы бәлекет індеттің ықпал еткенін айтып дабыл қақты.

Бұл мәселе Мемлекет бас­шы­сының назарынан тыс қалмады. Содан статис­тиканы біріздендіру қолға алынып, Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап КВИ-ге шалдыққандардың дерегін жаңа әдіспен жинақтай бастады. Аурулардың халықаралық жіктемесінің жаңа кодтары негізінде зертханада анықталған КВИ мен ПТР-тест нәти­жесі таза болғанымен, пневмонияға шалдыққан науқастар бірге есепке алы­нады. Коронавирус инфекциясын код­тау алгоритміне сәйкес, қазір зертханада анықтал­ған жағдайларға U07.1 коды және расталмаған немесе ықти­мал жағдайларға U07.2 коды қолда­нылады. Бірінші және екінші код қойылған нау­қастар Сovid-19 жұқтырған деп есеп­те­леді.

Статистиканы жаңа әдіспен жүргізу­дің жай-жапсарын Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық комму­никациялар қызметі алаңында айтып берді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканы біріктіру туралы шешім қабылдадық. Көп адам ДДҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа, Қазақстан статистиканы неліктен 1 тамыз­дан бастағалы жатыр дейді.

Себеп мынада: бізге кодтау мен па­циенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алго­ритмін әзірлеу үшін қазіргі ақпа­рат­тық жүйені баптап, жаңа мә­лі­меттерді енгізу үшін пер­со­нал­ды дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл – өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа. ПТР-тесттен анықталған нәтижені тіркеу оңай болғанымен, расталмаған коронавирус пневмониясын анық­тау қиын. Біздің алдымызда аз уақыттың ішінде дәрігерлерді ко­ронавирус пневмониясының бел­гілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу міндеті тұрды. Біз бұл жұмысты атқардық. Ендігі кезекте ДДҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін тіркеуге дайынбыз», деді А.Цой.

Жоғарыда халықаралық жік­те­ме бойынша коронавирус жағ­дай­ларын кодтау алгоритміне қысқаша тоқталдық. Министрдің айтуынша, қазір U07.1 кодын расталған жағдайлар үшін, ал U07.2 кодын расталмаған немесе ықтимал жағдайлар кездескенде қолданамыз. Бұл ретте бірінші кодтың анықтамасы өте айқын. Бірақ U07.2 коды коронавирус инфекциясының эпидемиялық белгілеріне байланысты, яғни пациент ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғаны, сондай-ақ дене қызуы, құрғақ жө­тел, интоксикация, тыныс алу жеткі­лік­сіздігі сияқты клиникалық белгі­леріне қарай айқындалады. Бұл әдіс ауруға қатысты ахуалды дұрыс болжап білуге, қажетті ресурстарды, меди­ци­налық кадрлар мен төсек орын­дарды, медициналық бұ­йымдар­ды, дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарлап, ста­тис­тиканың ашық­тығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.

 

Жұқтырғандардың 70 %-ға жуығы жазылды

«Енді сандар туралы айтайын. Мен осынау көп ақпаратқа бас қатырмай, қысқаша ғана жеткізуге тырысайын. Бүгінгі таңда республикада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 92 662 жағдайы тіркелді. Иә, бұл сан үрей тудыруы да мүмкін. Алайда олар­дың 67 пайыздан көбі аурудан сауы­ғып шықты. Мұндай жағымды көрсеткіштер баяу болса да өсіп келеді. Жағдай Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Маң­ғыстау облыстарында, сондай-ақ аста­нада оңалып келеді. Осылайша Қазақ­станда КВИ жұқтыру бойынша жағдай тұрақталды деп толық сеніммен айта аламыз. Індеттің шарықтау шегі­нен өттік. Біздің міндетіміз – бүкіл адам үшін, бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін өте қиын сынақпен келген осы позицияны ұстап қалу», деді ведомство басшысы.

 

15 стационар жабылды

Сонымен қатар Алексей Цой тағы бір жағымды жаңалық ре­тінде инфек­циялық және про­ви­зор­лық төсектік орындардың босай бастағанын атап өтті. Осы жылдың маусым айында ел­дегі кейбір ауруханада жағдай қатты ушығып кеткен еді. Бүгінгі таңда стац­ионарлардың 34 пайызында ғана нау­қастар жатыр. Бұған төсектік орын­дарының қорын 48 997-ге дейін арттыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Осы­лайша Қазақстанның 7 өңірінде 15 ста­­ционар жабылып, қайта құры­лым­­далды.

Мұндай оң динамика жедел жәрдем қызметі саласында да байқалады. Мау­сым айының соңында республикада жедел жәрдем қызметін шақырудың жағдайы 30 мыңға дейін жетіп еді. Карантиннің соңғы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне жүгінудің жалпы жағдайы екі есе азайды.

«Дәрігерлердің алтынға бергі­сіз ере­жесін есте ұстаған абзал: ауырып ем іздегенше, әрдайым ауырмаудың амалын іздеген дұрыс. Ең бірінші кезекте бұл Сovid-19 ауруына тікелей байланысты тәмсіл. Көп адам медицина қыз­меткерлеріне өтемақы берер кезде тамызға, яғни коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілгенге дейін анықталған адамдар одан сырт қалмай ма деген сұрақ қойып жатыр. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Міндетті түрде мәселені жіті зерт­тейміз. Әрбір жағдай жеке талданады. Әріптестеріміздің ешқайсысы бұл мәселе бойынша алаңдамай-ақ қойсын. Көп уақыт өтпей күз келеді. Бұл статис­тикада өтемақы мен төлем­ақы ғана емес, ең бірінші кезекте ресурстарды бөлу, болжау, диагностика мен ауру­­ха­наға жат­қы­зу мәселелері қам­тылады. Бұл міндеттер – қазір­гі уақытта басты маңызға ие», деді Алексей Цой.

Сонымен қатар жиынға ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кла­рин­валь қатысып, жаңа жіктемеге қатысты кеңінен айтып берді.

 

ДДҰ жоғары бағалады

«Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы Қазақстанның ДДҰ-ның жаңа жіктемесін Сovid-19 ауруына шал­дығу күді­гі бар пациенттер үшін пай­дала­ну туралы шешімін жоғары ба­ғалайды. Бұл – әлем бойынша мәлі­меттерді жинауды стандарттау үшін өте маңызды қадам. Қайта саралау коронавирус инфекциясы жағдайының көбеюін көрсететініне қарамастан, бұл эпидемиялық процесті жақсы түсінуге, ресурстарды жақсырақ бөлуге, ұлттық және аймақтық деңгейлерде жауаптарды дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Науқастар мамандандырылған ауру­ханаларда емделуге жедел қол жеткізе алады. ДДҰ Қазақ­­с­танның ақ­парат алмасуда таныт­қан ашықтығын қолдайды. Вирус әлі де халық арасында таралуда. Тек ортақ күш-жігермен осы пандемияны еңсере аламыз. Әр адамның қосқан үлесі өте маңызды. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы Үкі­мет­­пен және Денсаулық сақтау минис­т­р­лігімен жұмысты жал­ғас­­ты­рады», деді Кэролайн Кла­рин­валь.

Сұрақ-жауап барысында жур­на­листер коронавирус пен пнев­мо­нияның жалпы статистикасы неге біріктірілмеді деген сауалды жиі қойды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұл статистиканы біріктіру қиынға соқ­пайтынын, тек халық екеуінің ара-жігін түсініп, ПТР-тесттен КВИ анықталмаса да бейқам жүру­ге болмайтынын ұғыну ма­ңыз­­ды екенін атап өтті.

3 тамыздағы жағдай бойын­ша бір тәулік ішінде корона­ви­рус ин­фек­ция­сының 1069 зерт­ха­налық растал­ған жағдайы және ПТР-тесттен анық­талмаған коронавирус пневмония­сы­ның 798 жағдайы тіркелді. Бұл ретте рас­талған коронавирус инфекция­сы­нан өлім-жітім күніне 34 жағ­дай­ды құ­рады, ал зертханалық расталмаған КВИ тәрізді пневмониядан бір күнде 21 адам көз жұмды.