Қазақстан – өз бидайын шетелге экспортқа шығарып отырған әлемдегі астық өндіруші 15 ірі елдің бірі. Астығымыз Италия, Испания, Иран, Түркия, Тунис, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғыз және басқа да осы сияқты 70 елге экспортталады. Қай-қайсы да, Қазақстан астығын қуана алатыны анық. Өйткені біздің өнімнің сапасы жоғары.
Қостанай облысы – астықты мол өндіретін өңірдің бірі. Егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жері құнарлы, орман-тоғайы мол, жазық даласы төрт түлік малға қолайлы өңір.
Жерден өнім алу үшін өмірлік тәжірибе, ғылыми білімділік, мол еңбек қажет. Астықтың өнімділігі бидайдың тұқымына да көп байланысты. Жинаған өнімнен тұқымдық бидайды алып қаламын. Ара-арасында тұқымды жаңартып отырамын. Егін егу технологиясы өзгерген жоқ. Өткен жылы жақсы өнім алынды. Біздің жақта бидайдың өнімділігі орташа алғанда гектарына 17 центнерден келеді. Бұл жоғары емес, бірақ қанағаттанарлық. Қазір бидайдың бағасы да өсті. Бір жылдары 1 тоннасын 30 мың теңгеге саттық, бүгінде 70 мыңнан өткізуге болады. Біздің шарушылығымызда 1700 гектар егін алқабы бар, негізінен бидай егеміз. 1000 гектардай мал жайылымы бар. Осы жайылымға сәйкес мал ұстаймыз. Малға қажетті сұлы, арпа егеміз. Бәрін елеп-екшеп, өндірген бидайымызбен есеп айырысамыз. Артығын сатып, қарыздардан құтылып, еңбек еткен адамдардың жалақысын төлейміз.
Бидай кептіргіш кешендер салынса
Егін жинау кезінде тоқтаусыз жауын жауып кететін жағдайлар болады. Бұрын ондай кезде бидайды шауып алып, аудан орталығында немесе кеңшарда орналасқан астық қабылдау кәсіпорындарындағы бидай кептіретін құрылғыларға жеткізетін еді. Қазір оның бірі де жоқ. Ал күннің ашылуын күтіп қалсаң, уақыттан да ұтыласың, астықтың сапасы да түсіп кетеді. Алдағы уақытта осы жағын мемлекеттік тұрғыда ойластырып, шешкен дұрыс деп ойлаймын. Өйткені оның бәріне шаруа қожалықтарының күші жете бермейді. Қазір көрші Ресей елі бидай кептіргіштерді шығарып жатыр. Бірақ бағасы арзан емес. Бидай кептіретін құрылғыны алу, орнату жағын аудан, облыс басшылығы шешкені дұрыс. Осы орайда, астық қабылдау кәсіпорындарының бидай кептіретін құрылғылары дұрыс жұмыс істесе, бәрімізге де тиімді болар еді. Біз оның қызметіне ғана ақы төлер едік. Сол сияқты астық сақтайтын қоймалар болуы керек. Жалпы, тұқымды сақтау, бидайды көктемде егу кезінен бастап, оны жинап алуды қосқанда, элеваторларға тапсырғанға және еліміздің нарығы мен шетелге экспортқа шығарғанға дейінгі процестерге қажетті барлық құрал-жабдықтарды қамтамасыз ету және оларды орналастыру, жұмысын жүргізу Үкімет тарапынан жүйелі түрде қолға алынуы қажет. Ал диқандар тек егін егу, жинап алу науқанымен алаңсыз айналысуы тиіс.
Жалпы, жер дегеніміз – тірі организм. Оны экологиялық зардаптарға ұшыратпай, тиімді пайдалану керек. Егін немесе басқа да дәнді-дақылдар еккендіктен, жерге зиян келмеуі тиіс. Мысалы, аса жоғары өнім алу мақсатында небір технологияларды, қауіпті тыңайтқыштарды қолданып, жерді аздырып жіберіп жатқандар туралы да естіп жүрміз. Бірнеше жыл пайдаланылған алқаптар жарамсыз болып қалатыны туралы да айтылады. Сондықтан жердің топырағы, оның құрамы ұдайы ғылыми тұрғыда зерттеліп отыруы керек. Бұрын алқапта қалған бидайдың сабақтарын бір жерге жинап, өртейтін еді. Қазір мұндай тәсілге жол берілмейді. Оның экологиялық зардабы бар. Сол себепті қазір бидайдың сабақтары мен қалдықтарын жердің бетіне шашып тастаймыз. Топырақты нөлдік өңдеу жүйесіне көштік. Бұрын жер қыртысын қайта-қайта айыра беретін болса, қазір көп қозғамаймыз. Ең бастысы, топыраққа зиян келтірмей, жердің құнарлылығын, ылғалын өзінде сақтай білуіміз қажет. Бізде топырақ бонитетінің балы жоғары ғой.
Табыс кілті – ғылым мен технология
Адамзат баласының бүгінгі ғылыми-технологиялық ғаламат жетістіктерге қол жеткізуі ғалымдардың еңбегінің арқасы. Баяғыда адамдар атпен, арбамен жүрген болса, қазір ел мен елдің арасына ұшақпен қатынайды. Осыдан бір ғасыр бұрын пойыздар сағатына 30-40 шақырым жылдамдықпен қозғалса, бүгінде 300-400 шақырым жылдамдықпен жүйткитін пойыздар бар. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұшақтардың жылдамдығы 200-220 шақырымды құраған. Ал қазір сағатына 1 мың, тіпті 2 мың шақырым жылдамдықта ұша алатын жолаушылар ұшағы бар. Әскери ұшақтардың жылдамдығы дыбыстан да озады, олар сағатына 4 мың шақырым жылдамдықты бағындырып отыр. Сондықтан қай салада болсын, ғалымдармен бірге жұмыс істеудің тиімді болатыны сөзсіз. Кезінде ғалымдар өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасап, жаңалықтарын енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруға тікелей атсалысты. Ал қазір ғалымдар мен өнеркәсіп арасында байланыс жоқтың қасы. Осы кемшіліктің орнын толтырып, ғалымдардың ашып жатқан жаңалықтарын өндіріске енгізіп, тиімді жобаларды іске асыру – бүгінгінің талабы. Туған өлкеміздің құнарлы жерлерін тоздырып алмау, экологиялық апаттарға ұшырамау үшін ғылымның ұтымды жаңалықтарын пайдаланудың маңызы зор.
Субсидия – шаруаға демеу
Бүгінде техника да, технология да өзгеріп жатыр. Ауыл шаруашылығына жанар-жағармайды жеңілдікпен беретіні де орынды. Біз Ресей елінің диқандарымен байланыстамыз. Олар ауыл шаруашылығымен айналысатындардың бәріне де алған техникасының 50 пайызын субсидия беріп қайтаратынын айтады. Бізде егінмен айналысатындарға ғана 25 пайыздық субсидиямен қайтарады. Алдағы уақытта біздің елде де сондай мүмкіндіктер жасалса, астық өндірушілерге үлкен қолдау болар еді. Техникалары жаңарған сайын шаруа қожалықтарының жұмыс тиімділігі артады, өнімдерінің сапасы да жақсарады. Бүгінде Ресейдің комбайндары 45-50 млн теңге тұрады. Алыс шетелдікі тіптен қымбат. Қосалқы бөлшектері де арзанға түсетін болғандықтан біз көбіне көрші елдің «Вектор» деген комбайнын аламыз.
Несін жасырайық, қазір ауыл шаруашылығында жүргендердің көбі жаңа комбайн, тракторлар ала алмайды. Сол себепті 200-300 гектар жері бар шаруа қожалықтары бұрынғы Кеңес одағы кезінде шыққан техникаларын жамап-жасқап, барымен күн көріп жүр. Тозығы жеткен техникамен мол өнім де жинай алмайсың. Осының бәрі мемлекет тарапынан ойластырылып, шешілгені жөн.
Мал шаруашылығына нақты жағдай жасау керек
Мал шаруашылығы күрделі өзгерістерді қажет етеді. Оған үлкен қолдау қажет. Негізінен асыл тұқымды малмен айналысқандарға ғана субсидия беріледі. Ал басқалары ондай қолдауға қол жеткізе алмай отыр. Бүгінгі таңда әлеуеті жоғары шаруашылықтар ғана асыл тұқымды мал өсіреді. Ал басқалары малды семіртіп, сою үшін сатумен ғана шектеліп жүр. Сондықтан малды асылдандыруға да көп мән берілуі тиіс. Басым бөлігі етті ірі қара малын бағады. Ал сүтті сиырларды алайын десе, оның сүтін сауып, аудан не облыс орталығына жеткізудің проблемасы бар, ұзақ жолға ашып кетеді. Бүгінде мал ұстау мен бағудың өзіндік құны арта түсті, тапқан табыстарын ақтай қоймайды.
Мал шаруашылығының қиындықтары өте көп. Малшылар қысы-жазы тыным таппайды. Біздің жақта қыс алты ай болады. Далада баға алмайсың, қорада ұстап, жем-шөбін беріп тұрасың. Малды тек еңбекқор адам ғана бағып, баптап, күте алады.
Баяғыда ата-бабаларымыз мал бағудың қыр-сырын терең білген ғой. Қыста қыстауда отырған, жазда жайлауға көшкен, тіпті күзде бір-екі ай күзеуде отыратын болған. Абайдың әйгілі «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңінде «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген жолдары бар емес пе? Сондықтан бізге де қазір заманауи жетістіктерді пайдалана отырып, малды жазда жайлауға шығарып, қыс айларында қыстауға алып келіп бағатын тәсілге шығармаса болмайтын сияқты. Бұл үшін аудан орталықтары маңында ірі шаруа қожалықтарына жер бөліп, жылы қоралар салып, малды айдап әкеліп, аудандағы адамдарға жұмыс беріп, көктемге дейін қыстап шығатындай жағдай жасаса, орынды болатын сияқты. Көктемде жайлауға шығару керек. Осылай малдың санын да, сапасын да арттыруға болады.
Бүгінгі таңда алыс қыстақта қалған малшыға алты ай қыста қатынас болмай қалады. Азық-түлік жеткізе алмайсың және ондай жерге ешкім барғысы да келмейді. Тіпті қыста жолды қардан тазартудың өзі үлкен проблема. Бұрын аудан орталығынан кеңшарларға, бөлімшелерге баратын жолды шаруашылықтар ұдайы тазартып тұрды. Біздің жақта кейде қыста жол бойындағы қардың биіктігі екі метрден асады. Туннельдің ішімен жүріп келе жатқандай боласың. Бүгінгі таңда мал қыстақтарынан ауылға дейінгі жолды ешкім тазартпайды. Сондықтан 60-70 шақырым жерге трактормен де жете алмайсың. Малшы қыста ауыра қалса, ауруханаға жеткізу де қиын. Бұл мәселені терең зерттеп, өңірдің жай-күйін және ауа райын ескере келіп, бір шешімдер қабылдау керек. Тұтастай алғанда, малшылар халықты етпен қамтамасыз етіп отыр. Олардың проблемаларын нақты шешпесек, мал шаруашылығы дамымайды.
Ауыл шаруашылығын дамытуда ауылдың рөлі зор
Енді бір мәселе – тұрғындардың қалаларға қоныс аударуы. Әсіресе, жастардың ауылдан кетіп қалғаны қиын болып тұр. Еңбек ететін жастағы адамдардың кеткені өз алдына, олар көшкен соң, мектептің бірінші сыныбына баратын оқушылар болмай қалады. Екі-үш жыл бойы бастауыш сыныпқа ешкім бармаса, балалар саны азайған мектеп жабылады. Ал білім ұясы жабылса, ауылдың берекесі кетеді. Ұстаздар жұмыссыз қалады. Олар да қалаға қарай көшеді. Қалған оқушылар көрші ауылдарға барып оқуға мәжбүр болуда. Мысалы, кезінде 300 оқушы оқыған мектептерде қазір 50-60 баладан қалып отыр. Қаратал, Теңіз, Каменорал, Баркидің мектептері қандай еді?! Енді олар да жабылғалы тұр. Мысалы, біздің ауылдағы мектепте бір кездері 11-сынып оқушыларын оқытқан мұғалімдерге өзіміз жалақы төледік. Содан кейін «1-сыныпқа баратын балалар жоқ, оқушылар саны азайды» деген себеппен жабылып қалды. Сол жылы тұрғындар үдере көшіп кетті.
Сақталып келген бір жүйе бұзылған соң, бәрінің тоз-тозы шығып, «ауылдың болашағы бар ма, жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Бұрын көшелері түзу, бір қатарды сақтап тұрған үйлердің де көркі кетеді. Көшкен адамдар үйлерін бұзып алып, қалаға алып барып, материалдарын құрылысқа пайдаланады. Қалай десек те, облыста іргесі сөгіліп кеткен ауылдар аз емес.
Негізі күре жолдың бойында және басқа елдімекендерге жақын ауылды орталық ретінде сақтап қалудың маңызы өте жоғары. Әлеуметтік-мәдени нысандар сақталса, ауыз сумен, газбен, тас жолмен қамтамасыз етілсе, ауыл тұрғындары ешқайда кетпейді. «Қалаға барып, әр жерде жұмыс істеп, басқа ортада жүргенімше, өзім үйренген ауылым жақсы», деп бәрі де туып-өскен жерінде тұра берер еді. Туған жердің қадір-қасиетін білген адамға ауылдың орны бөлек қой!
Ең біріншіден, ауылға оң көзқарас керек. Елдің ынтымағын, тұтастығын сақтауда, өңірлерді, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуда ауылдардың рөлі өте зор екенін түсінетін уақыт жетті. Шекара маңындағы аудандар мен мекендер бар. Оларды ұстап қалу тіптен маңызды! Республика бойынша шағын елдімекендерді сақтап қалуға арналған бағдарлама болуы керек. Бұл қордаланып қалған күрделі проблемаларды шешіп, бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалса, ауыл да көркейеді, тұрғындары да тұрақтанады.
Осы аталған проблемалардың мемлекеттік деңгейде шешілуіне мән берілсе және біз сияқты ауыл шаруашылығы саласында жүрген адамдардың ой-пікірлерін жинақтап, саралап, өңірлерді дамытуға күрделі бетбұрыс жасалса, үлкен жетістіктерге жетер едік.
Шағын шаруа қожалықтарына шынайы қолдау қажет. Осы салада қандай проблемалар бар, соның бәрін терең зерделеп, ғылыми жаңалықтарға сүйене отырып, кешенді түрде шеше білсек, еліміз өркендей түсетіні ақиқат.
Халқымыз «Қалауын тапса, қар жанар» дейді. Түбі елімізде ауыл шаруашылығы өркендейді. Өйткені әлем халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Тек осы саланы дамытудың жолын таба білуіміз қажет.
Оразғали ОМАРОВ,
«Қаражар» ЖШС директоры
Қостанай облысы,
Меңдіғара ауданы