1990 жылы Қазақстан көпұлтты, оның бірегейлігі осы этностық сан алуандылықта деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында әу бастан-ақ түйісу нүктелерін іздеп, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейтуге бар күшін салды.
Ол тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен мемлекетімізге парасатты ұлттық саясаттың қажеттігін жақсы түсінді. Сондықтан ұлттық мәселені әділетті шешудің бір тиімді жолы мен институты ретіне 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның алдына Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығын сақтау мақсат етіп қойылды. Дәл сол кездерде ұлттық саясаттың басты қағидаттары да негізінен айқындалды. Ол мәмілеге негізделген қоғамдық тұрақтылық, заңның үстемдігі мен тәуелсіздікті нығайту жолы болатын. Бұл мәселені шешуде эволюциялық ұстанымға басымдылық берілді.
Ассамблея жұмысының жаңа міндеттері қатарына, ең алдымен, патриоттық тәрбие, азаматтықты және мемлекеттік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім жатты. Ассамблея жұмысы стратегиялық жоспарлауға негізделіп түзілді. Оның қаржылық және материалдық базасы нығайтылды. Ассамблеяның инфрақұрылымдық әлеуеті артты. Осындай айрықша көңіл бөлінудің арқасында ҚХА үлкен жұмыстар атқарып, көптеген нәтижелерге қол жеткізді.
Егер ұлт саясаты Конституцияға сәйкес жүйелі түрде жүргізілмесе, онда кез келген әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселе табан астынан ушығып, ұлттық реңк алып, мемлекеттің тұрақтылығына зиян тигізудің ықтималдығы зор болды. Оны біз бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған кейбір республикалардың мысалынан және өз елімізде тұрмыстық деңгейде орын алатын жағымсыз көріністерден білеміз. Бұл мысалдар бізге этносаралық шиеленістердің түптеп келгенде қоғамдық-саяси сипат алатындығын және оның түп-тамыры әдетте әлеуметтік теңсіздіктен «сусындайтынын» жақсы көрсетіп берді. Осыны ескере отырып Қазақстанда елдің Конституциясына сәйкес халықтарды алаламайтын, баршаның еркін дамуына мүмкіндік жасайтын ашық саясат жүргізілді.
Осының нәтижесінде қазақстандық қоғамдық дамудың құқықтық негізі қаланды, түрлі мәдениеттердің үндесуін жолға қойып, жалпы қазақстандық азаматтық құндылықтарды бойына сіңірген көп мәдениетті қоғам қалыптастырудың алғышарттары жасалды. Тіл саясатын іске асырып, еліміздің рухани түлеуін, оның дінаралық келісімі мен қоғамда адамдардың бір-бірін жатсынбауына толық мүмкіндіктер туды. Қысқасы, Қазақстанды рухани келісім еліне айналдырып, азаматтарымыздың санасындағы бетбұрысқа қол жеткізудегі басты мақсат ретінде күн тәртібінде тұрды.
Екінші жағынан, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде нақты және сапалы шешіп отырған жағдайда тұрғындар арасындағы наразылық басылып, олардың билікке деген сенімі артып, этносаралық қатынастардағы кейбір түйткіл мәселелер өзінен өзі шешімін тауып, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтардың құқықтары іске асырылып, ел азаматтарының құқықтарын олардың ұлттық белгілері бойынша шектеуге жол бермеудің кепілдіктері арта түсер еді.
Қазақстанның зайырлы қоғамның дәстүрлерін қалыптастырып, қоғам мүшелерінің бойына терең сіңіру міндетін белсенді түрде іске асыруына мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуы дәнекер бола алады. Мұндай үнқатысуға қоғамның да бейім болғаны дұрыс. Солай ғана зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени үдерістеріне сай келетін діни сана қалыптастыру керектігін түсінуге болады. Өйткені діннің діңгегі – дәстүрмен берік. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамының алдында мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының моделін табу қажеттілігін ескере отырып, ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам құру міндетін шешпек керек.
Сонымен Қазақстан халықтары Ассамблеясы дегеннің орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атауы берілгенде оған қоғамды одан әрі топтастыру және біртұтас қазақстандық, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру сияқты басты мақсат жүктелген болатын. Яғни алдымызда Ассамблея тарихын тұрақтылық тарихына айналдыру міндеті тұрғаны белгілі. Ол дегеніміз ҚХА-ның жаңа міндеттеріне сонымен бірге патриоттық тәрбие беру, азаматтық қоғам институттарымен қарым-қатынас саласын іріткі салғыш күштердің саясаттандыруына жол бермеу жұмысын күшейту, этносаралық қарым-қатынасты нығайту секілді бағыттар да жатады.
Ұлттық саясатта саяси мақсаттар мен міндеттердің алатын орны бөлек. Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстандағы саяси өзгерістер мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып бірте-бірте және бұлжытпай іске асырылмақ. Сонымен қатар ол экономиканы реформалау қазір елдің қоғамдық-саяси өмірін қайта құрусыз мүмкін болмайды деген іргелі қағидаттың дұрыстығын көрсетіп отыр. Себебі қоғамдық тұрақтылық ұлт мәселесін демократиялық негізде шешудің бірден-бір тиімді жолы. Ол – халықтың бірлігі мен бірыңғай азаматтық, бір мемлекеттік тіл. Жалпы, саяси модернизация барысында адамдардың нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударылуы керек. Мұнда ұлттық құндылықтардың дәстүрлі діндермен өзара байланысы, диаспоралар мен этностық топтардың біртұтас қазақстандық қоғамның және біртұтас қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың құрамдас бөлігі екендігін түсінген жөн. Қазақстандағы диаспоралар мен этностық топтардың мәдени-рухани құқықтарын сақтап, дамытуға кепілдік берілетіндігіне деген олардың сенімін нығайту міндетін жүзеге асыру қажет. Сол сияқты мемлекет құраушы қазақ ұлтының әлеуетін мақсатты түрде жаңғырту, оның қазақстандық қоғамдағы шоғырландырушылық рөлін көтеру өте маңызды. Этносаралық және дінаралық келісім саясатының кешенді сипат алатындығын оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени-білім, сол сияқты мемлекеттік саясаттың басқа да салаларымен тығыз байланыста қаралатындығын ескерген абзал.
Елімізде қолға алынған саяси модернизациялау үдерісі жергілікті елді мекендердегі этностық және діни қауымдастықтардың мәселелерін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіру негізінде тиянақты және өміршең етіп шешкен жөн. Бұл міндеттердің қатарына азаматтардың ұлттық намысын құқықтық қорғауды, олардың тілін, мәдениетін және діни наным-сенімдерін сақтауды қамтамасыз етуді де жатқызуға болады. Ол үшін, әрине этносаралық қақтығыстарға жол бермеу мақсатында осы бағыттағы ахуалды зерттеп, оны болдырмауға арналған ғылыми ұсыныстар дайындап, халықпен жұмыс істеудің жаңа жолдары мен оларға әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдерін қарастырып, ұлтаралық келісім мен этносаралық байланыстың тәжірибесі мен мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ескеру қажет.
Түбінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өзін өзі басқару ісіне тікелей араласып, сол арқылы қоғамды ұйыстыру барысында қазақстандықтардың игілігі үшін, қазақстандық мемлекеттіліктің құндылықтарын мызғымас етіп, қазақстандық бірегейлік пен азаматтық даму үрдісін нығайтатын бірден-бір күшке айналғанының еліміз үшін маңызы өте зор. Бұл үдеріс республика азаматтарының әлеуметтік, ұлттық, діни және тағы басқа белгілеріне қарамастан жалпыхалықтық сипат алуы шарт. Ол үшін Ассамблея шектен тыс мемлекеттенуге ұмтылмай, азаматтық әлеуетіне басымдық бергені жөн. Сонда ғана әлеуметтік ортада әділеттілік орнап, қоғам тазарады. Сол кезде ғана мемлекеттің қолы ұзарып, заман оңалып, мәдени-рухани жаңару шынайылыққа ие болар еді.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Білім және ғылым министрлігі Білім комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы