Аустралияның Виктория штаты COVID-19 өршуі жайында дабыл қағып, Мельбурнға коменданттық уақыт енгізді, деп хабарлайды Reuters.
Елдегі екінші қала саналатын Мельбурн бұған дейін де 6 апта карантинге жабылған еді. Бір күннің ішінде ауру жұқтырған викториялықтар саны 671 адам болып, 5 млн тұрғыны бар штат орталығы сағат 20:00-ден 05:00-ге дейін коменданттық сағаттың тәртібіне бағынуы тиіс деген шешім шықты.
Виктория Премьер-министрі Дэниел Эндрюс: «Қатаң тәртіп ауруды күнделікті мыңдаған адамның жұқтыруын шектейді деп ойлаймыз. Осыған дейінгі шаралардың тиімділігі аз болуына байланысты азаматтардың енді үйлерінен тек жұмысқа бару үшін және көмек алуға ғана шығуына рұқсат», деді.
Бұған қоса Мельбурн тұрғындарының далаға, таза ауаға шығуына да белгілі бір тәртіп енгізілді. Супермаркеттер жұмысы тоқтамағанымен, мейрамхана мен дәмханалар есігі келушілерге жабық, тек тапсырыс қабылдап, үйге жеткізіп береді.
* * *
Worldometer дерегіне қарағанда Америка Құрама Штаттарында КВИ жұқтырғандар 49 038 адамға ұлғайған.
Пандемия басталғалы АҚШ-та 4,81 млн тұрғын SARS-CoV-2 тырнағына ілініп, вирус салмағын әлеумет тұтас сезініп жатыр. Өткен тәулікте 467 адам өмірмен қоштасса, дүйсенбі, 3 тамыздың таңына дейін елде барлығы 158 365 америкалық көз жұмған деген мәлімет келтірілді.
* * *
Италия ғалымдары адамдар үй хайуанаттарына вирус жұқтырады деген болжамды растады.
Италияның солтүстігіндегі Ломбардияда 540 ит пен 277 мысықты тексеріп, қожайындары ауырған кезде немесе олар індет зілі жоғары жерлерде жүрсе SARS-CoV-2 жұқтыратынын анықтаған. Зерттелген иттердің 3,4, ал мысықтардың 3,9 пайызында антиденелер пайда болған. Ал Германиядағы Фридрих Леффлер атындағы институттың басшысы Томас Меттенляйтер ит пен мысық адамдар арасында вирус таратады деген қауіп негізсіз, COVID-19 тек адамнан адамға жұғады деп тұжырымдаған болатын.
* * *
COVID-19 індетіне қатысты жасалған шектеулер Испания туризмінің тынысын тарылтты.
Пандемия кесірінен елде 750 мың адам жұмыссыз қалып, жылдық табыс 83 млрд еуроға дейін азаяды. Бұл қауіпті «El País» айтады.
Өткен айдың соңғы күндерінде Германия үкіметі азаматтарына Испанияның бірқатар аймақтарына бармау жөнінде кеңес берген-ді. Енді Бельгия корольдігі де аса бір қажеттілік тумаса Арагон мен Наварра, Каталонияға сапарға шықпай, туристік қыдырысты қоя тұруға үндеді. Бельгиялықтарға бой тарта тұрыңыздар деген жерлердің қатарына британдық Лестер қаласы, Щвейцарияның Вале, Во және Женева кантондары да кірген екен.
* * *
Германияда КВИ-дің жаңадан тіркелуі Гессен аймағында көбірек болып тұр.
Гессен аймағы Әлеуметтік зерттеу министрлігі бір тәулік ішінде тест тапсырған адамдардың 88-інде вирус анықталғаны жөнінде хабарлады. Ал эпидемия өршігеннен бері Гессенде 12 117 адам ауырып, 520 пациентті құтқару мүмкін болмапты. Өткен тәулік ішінде жалпы Германия көлемінде жаңадан 240 адам вирус жұқтырған.
* * *
Мексикада бір тәулікте 4,8 мың адам вирус жұқтырған. Бұл туралы REGNUM жазады.
Мексика денсаулық сақтау министрлігінің бас эпидемиологы Хосе Луис Аломиа соңғы 24 сағат ішінде 4853 адам SARS-CoV-2 жұқтырғанын, осылайша жалпы есепте 439 046 мексикалықтың ауырғанын айтты. Бас эпидемиолог 289 394 жан жазылып шыққанымен, пандемия басталғаннан бері ел көлемінде 47 746 пациенттің демі үзілгенін жеткізді.
* * *
Иранда соңғы үш апта ішінде ауру өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің хабалауынша, бір тәулікте 2685 адамның вирус жұқтырғаны анықталған.
Елдегі 31 аймақтың 25-і бойынша «жағдай алаңдатарлық» деп бағалаған министрлік бір күнде 208 адамның тірішілік тынысының тоқтағанын, осылайша пандемия құрбандарының саны 17 190 болғанын айтты.
Иранда барлығы 310 мың пациент індет жұқтырған.
Топтаманы дайындаған
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»