• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

Спорт залдары неге жөнді жабдықталмайды?

382 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында Спорт және денешы­нықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов елі­мізде спортпен шұғылданатын азаматтар саны ел тұр­ғын­дарының 21,6 пайызын құрайтындығын айтып өтті.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында Спорт және денешы­нықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов елі­мізде спортпен шұғылданатын азаматтар саны ел тұр­ғын­дарының 21,6 пайызын құрайтындығын айтып өтті.

Агенттік төрағасы бұл ретте қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуын қамтамасыз ету үшін бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау аса маңызды екендігін ерекше атады. Оның мәліметіне қарағанда, халқының 70 пайызы спортпен шұғылданатын әлемдегі жалғыз ел – Финляндия. Бұл мемлекеттің мектептерінде дене тәрбиесінен аптасына бес сағатқа дейін мін­дет­ті сабақтар өтеді екен. Ал Поль­шаның Сеймі күн сайынғы денешынықтыру сабақтарын мек­тептің бағдарламасына енгізу туралы заң қабылдаған. Бұл игі дәстүрден АҚШ та қалыс қалмапты. Осы ел Сенаты бастауыш мектептің оқу жоспарына күн сайын өтетін денешынықтыру сабағын енгізгені мәлім болып отыр. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2020 жылға қарай денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың санын 30 пайызға жеткізу, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында 15 пайызға жеткізу туралы тапсырма бергендігін де қаперге сала кеткен жөн.

Былтыр ел спортшылары олимпиадалық емес спорт түрлерінен 316 медаль жеңіп алғандығын алға тартқан агенттік төрағасы елімізде спорт түрлерін дамыту қарқынды дамып келе жатқандығымен бөлісті. Сонымен қатар, мүгедектер арасындағы спорт та даму үстінде екендігін атады. Лондон қаласындағы ХІV Паралимпия ойындарында үш спортшымыздың бірінші ондықтан көрінуі соның бір дәлелі. Жалпы, барлық халықаралық жарыстарда дене мүмкіндіктері шектеулі спортшылар 53 медальға ие болыпты. Сонымен бірге, ұлттық спорт түрлерінен де табыстарымыз жоқ емес. Қазақстандық спортшылар 226 медаль алса, соның 73-ші алтын, 66-сы күміс және 87-сі қола.

Осы ретте агенттік басшысы кемшіліктерді де айналып өтпеді. Мәселен, былтыр еліміздегі спорт секцияларымен қамтылған мектептерде қатысушы оқушылар саны 27 пайыз. Әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш мектеп оқушыларының 80 пайызынан астамын құрайтындығы да айтылмай қалмады. Агенттік төрағасы мектептерде сабақтан тыс оқытулар үшін азаматтық қызметкерлердің базалық жалақысына 40-50 пайыздық үстемеақы төленуі тиістігін атап өтті. Ал үстемеақы бүгінде шамамен 8 мың теңгені ғана құрайды. Агенттік басшысының пайымынша, осының өзі елдегі, оның ішінде ауылдағы мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты жаппай дамытуға кері әсерін тигізіп отыр.

Әлемдік озық тәжірибеде бұл басқаша сипат алған. Канадада сабақтан тыс спорт секциялары бойынша мұғалімге мектеп оқушыларының тікелей санына қарай жалақы төленеді, дейді агенттік төрағасы. Ол, сонымен бірге, мектептерде денешынықтыру сабақтары апталық көрсеткіш бойынша екі сағатқа кемігендігіне алаңдаушылығын білдірді.

Бұдан басқа, балалар мен жас­өспірімдердің денешынықтыру клубтарының саны кемуде. Е.Қожағапановтың мәліметінше, 2011 жылы мұндай клубтардың саны 651 болса, 2012 жылдың қорытындысы бойынша небәрі 626-сы қалған. Елімізде әскерге ша­қыртылатын он баланың жетеуі медициналық тексеруден өте алмайды, деген агент­тік төрағасы жыл сайын мек­теп оқушыларының арасында денешынықтыру бойынша нормативтерді, Президенттік тесті табысты тапсыратындар қатары төмендеп бара жатқан­дығымен де бөлісе кетті. Былтыр президенттік тест тапсыруға қатысқан 613 мың мектеп оқушы­сының тек 3,6 пайызы ғана оны үздік орындаған. Осыған орай агенттік нормативтерге өзгеріс­тер енгізу жұмыстарымен де ай­на­лы­сып жатқандығы айтып өтілді.

Жалпы, 7 мыңнан астам жалпы білім беретін мектептердің тек 5,5 мыңы ғана спорттық залдармен қамтылыпты. Онда да олар­дың материалдық-техни­ка­лық жабдықталуы нашар күйінде қалып отыр екен. Тіпті ауылдық жерлерде қара­пайым спорт құралдары да жетіс­­пей­тіндігін тілге тиек еткен Е.Қожағапанов келер жылдан бастап еліміздің оқу орындарында денешынықтыру мен спорттан сыныптан тыс сабақтар желісін кеңейту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Гүлнар Ықсанова өзінің қосымша баяндамасында бүгінгі таңда еліміздегі жасөспірімдердің 50 пайызға жуығы созылмалы аурулармен ауыратындығына назар аудартты. Депутат бұл аурулардың басым бөлігі спорт пен денешынықтыруға белсенділіктің болмауынан туындайтындығын баса айтты. Мысалы, мектепте оқу барысында балалардың көру қабілетінің бұзылуы 5 есеге, ал ас қорыту ағзасы мен тірек-қимыл аппаратына қатысты ауруларға шалдығу 3 есеге артады екен.

Соңғы 5 жылда ауру түр­лерінің жиілігі де көтеріле түскен. Жасөспірімдер арасындағы қан аздығы ауруы 2,3 пайызға өсіп, ересектерге қарағанда бұл көрсеткіш екі есеге көбейген.

Комитет хатшысы спорттық нысандардың қолжетімсіздігінен туындаған жайттарға да тоқталды. Әсіресе, бұл әскерге шақыру барысында айқын сезіліпті. Оның айтуынша, соңғы 2012 жылғы күзгі шақыруларға қатысты ме­дициналық жарамдылық дерек­тері бойынша, 104 мың жас­өспірімнің 29 мыңы әскерге уақытша жарамсыз болған. Ал 11 мыңнан астамы бейбіт уақыттағы әскери қызметке жарамсыз деп танылыпты.

Депутаттар тарапынан ауыл­дық спортты дамыту мәселесінен бастап қазіргі әр сала бойынша ұлттық құрамада жүрген легио­нер­лерге қатысты сауалдар көптеп қойылып, бірқатар ой-пікірлер айтылды. Енді осы ұсыныс-пікірлер Парламентке жаңадан келіп түскен спорт және денешынықтыру заң жобасында ескерілуі тиіс.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар