Атажұрттан алыста жүрсе де, Ресейдің Астрахань облысындағы қандастар қайырымдылық ісімен бір бүйрегі елге бұрылып тұратынын, бала күнінен қазақы тәрбиені санасына сіңіріп өскенін байқатты, деп жазады Egemen.kz
Бүгін Атырауға "Жолдастық" қазақ мәдениеті" қоғамы кеңесінің төрағасы Нұрлан Қандықов пен "Қазақ мәдениетін дамыту" қорының басқарма төрағасы Эдуард Ысқақовтың бастамасымен жиналған 1 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді.
Атыраудағы белсенді волонтер Назгүл Нәжікенованың айтуына қарағанда, бұған дейін шекараның арғы шебінде тұратын қандастарымыз мұнайлы өңірдегі ауруханамен байланыс жасапты. Мақсат – ең қат медикаменттер тізімін алу.
"Бүгін облыстық кардиологиялық орталыққа Ресейдің Астрахань облысынан жіберілген 20 000 медициналық бетперде, 500 литр дезинфекциялық сұйықтық, 1000 инфузиондық система, 1000 медициналық дәке, 300 қорғаныш костьюм, түрлі медикаменттерді тапсырдық. Көрші елдегі қандастарымыздың бастамасына Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин қолдау көрсетті. Осынау игілікті іске Астраханьда тұратын чешен қоғамдастығының мүшелері де атсалысты", деді Назгүл Нәжікенова.