• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Тамыз, 2020

Елімізде өңдеуші өнеркәсіп саласында 16 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді

986 рет
көрсетілді

Елімізде биылғы бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8% (5,8 трлн теңге) құрады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1% ұлғайып, 373,1 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан халықаралық саудаға байланысты шектеулер нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының көлемі қаңтар-мамырда 18,6% азайып, 5,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар 1 тоқсанның қорытындысы бойынша секторда жұмыспен қамтылғандар саны 601,4 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4% артты.

2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңдеуші өнеркәсіптің 16,4 мың кәсіпорны жұмыс істейді.

Индустрияландыру картасы аясында, жыл соңына дейін 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша шамамен 900 жұмыс орны құрылуымен жалпы құны 23,7 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды.

Пандемия кезінде жеке қорғаныс құралдарына (ЖҚҚ) деген сұраныстың артуына байланысты 4 жаңа жоба іске қосылды. Сондай-ақ, биыл Шығыс Қазақстан облысында Ақтоғай МӨЗ-ның қайта өңдеу қуатын кеңейту, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу, Аұмола облысында жаңа өңдеу кешенінің құрылысы және тау-кен байыту комбинаты құрылысы, Қарағанды ​​облысында шиналар шығаратын зауыт салу сияқты т.б. ірі жобалар іске асырылып жатыр.

2019 жылы тауарлар бойынша жергілікті қамту үлесі 519,8 млрд.теңгеге ұлғайды. Мемлекеттік сатып алу мен сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Министрлік жанынан құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдар, "Атамекен" ҰКП, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" және салалық қауымдастықтардың өкілдері енгізілген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ай сайын жергілікті қамту мониторингін жүргізеді. Бүгінде жоғары импортқа тәуелділік байқалатын өңдеу өнеркәсібінде жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеге 73 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің импортын 2025 жылға қарай 20%  азайтады.

Жаңа жобаларды енгізу ішкі нарықтағы бірқатар дайын тауар позицияларын ұлғайтуға мүмкіндік береді. ЕЭО келісімі аясында отандық өндіріс автомобильдерін және электротехникалық жабдықтарды Мемлекеттік сатып алу бойынша 2 жылға басымдық белгіленді. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі шеңберінде баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін отандық тауар өндірушілер тізбесі бекітілді.

Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Оларда 23 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түсімі 180 млрд. теңгені құрады. Өнім өндіру көлемі 2,9 трлн теңгені құрады. Барлық АЭА инфрақұрылымын салуға арналған бюджеттік шығындар 344 млрд теңгені құрады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялар көлемі шамамен 1,1 трлн теңгені құрап, бюджеттен бөлінген 1 теңгеге 3 теңгеден астам жеке инвестиция тартылды.

АЭА тиімділігін арттыру үшін үш жылдық кезеңге арналған даму стратегияларын пысықтау жүргізілуде,сондай-ақ 3 АЭА-ның аумақтары кеңейтілді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін «Оңтүстік» АЭА аумағын кеңейту мәселесі қарастырылуда. АЭА қызметінің жаңа түрлері енгізіліп, 20-дан астам жаңа басым түрін енгізу пысықталуда. Заңнамалық актілерге түзетулер дайындалды. «Қорғас» ШЫХО АЭА тиімділігін арттыру бойынша кешенді жоспар әзірленуде.