Жүрекке жасатқан үшінші операциядан тұра салысымен, пойызға отырып Дешті-Қыпшақтың оңтүстігіндегі Шымкент қаласына жетуге асықтым. Алматыдан Шымкентке пойыз ерте келеді екен. Вокзал басындағы жұрт абыр-сабыр арпалыста.
Ал наурыздың таңы шуақты жылы еді. Бір жас жігіт:
– Ата, көлік керек пе? – деп сұрады.
– Дәл төбесінен түстің, жас досым. Кеттік.
– Қайда барасыз?
– Әуелі мешітке апар. Таңғы намаз оқиын. Сонан соң, Абай саябағына жеткізіп сал.
– Әй, Бақберген, Абай саябағы қай тұста?
– Орталықта.
– Мешіт ше?..
– Қалаға кіре берісте аядай мешіт бар. Соған соқ. Сол ыңғайлы болады.
– Жүдә, жақсы болды, – деп қуанды көлік жүргізуші жігіт.
– Сен қаланы білмесең, қалай таксист болып жүрсің?.. – деп сұрадым.
– Ауылдан енді ғана келдім ғой. Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың демей ме, қазақ?
Мешіттің сырты да, іші де таза, ұқыпты екен. Жылы сумен бет-аузымды шайдым. Асықпай намаз оқыдым. Шағын мешіт іші жанға жайлы еді.
Абай саябағының қасында машинадан түсіп қалдым. Кең саябақта жан жоқ екен. Есік алдында қап-қара Абай ескерткіші көлденең жатыр. Бабама басымды идім. Қап-қара тасты сипадым. Фатиха сүресін оқыдым. Осыдан сәл жоғары жерде 2007 жылы Абайдың ұлы Турағұл бабама ақ граниттен биіктігі үш метрлік обелиск тұрғызған едім. Соны таба алмай жан-жағыма алақтай бердім. Біреу әдейілеп келіп, басымды балтамен ұрып түсіргендей миыма қан шапшыды, жерге тізерлей отырып қалғанымды сездім. Үш метрлік ақ граниттен сомдалып жасаған обелиск көздің жауын алғандай әдемі болатын. Сол обелискінің енді орны ғана қалыпты.
Жидебайдағы әкесі Абайдың, әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның, Ақшоқыда жатқан Құнанбайдың, Мағауияның, Әбіштің зираттарынан, Шымкенттегі фармзаводтың астында қалған қазақ зиратынан да арнайы топырақ алып, Шымкенттегі Абай саябағының тап ортасынан қалап алған ыңғайлы орынға Турағұл бабама келісті ескерткіш тұрғызғам. Шымкенттің елі шын қуанған. Тілеулес болған.
Турағұл бабамызды Совет үкіметі он бес жылдай қудалап, ақыры Шымкент қаласында өлтіріп тынған. Қазақы зиратқа елеусіз жерледі. Семейдегі Өскенбай ұрпағына арнайы салынған Ақшоқыдағы көлемді кесенеге Турағұлды жеткізуге, қудалауға түскен тобықтының шамасы жетпеді. Естілері түрмелерде, иә ел-жер сағалап, қашуда болатын. Шаһкәрім қажыны 1931 жылы атып өлтірген. Текті тектен тірі қалған жазушы, аудармашы, болыс болған Алаш ардагері Турағұл Құнанбаев қана еді. Енді оған да туған жерінен топырақ бұйырмай, сыртта жан тапсырды.
Ал мен елу сантиметрлік тапал ғана жерге төсейтін қоңырша тастың алдында тізерлеп отырмын. Көзден парлап жас ақты.
Лондонда Абайдың үйін ашқанымда, Семейден адамдар шақыртқам, біреуі келмеген. Шымкент қаласында Турағұл бабама арнайы ескерткіш салдырып, үлкен ас бергенде де Семейден адамдар шақыртқам, бір адамы келмеген. Одан кейін де туған елімнің атын шығарған айтулы істер тындырдым, бірақ қайтып Семейден жан шақырған емеспін. Жауларымды қуантпайын, деп өн-бойымды жиып, суық асфальттан тіземді көтеріп, әзер тұрдым-ау. Әлдекім қолымнан демегендей болды. Жас әйел екен. Анадай жерде бізді бағып тұрған он-он бір жастағы бала да маған көмек беруге ұмтыла берді.
– Аға, асықпаңыз, – деді әйел. – Сіз Роллан ағасыз ба?
– Дәл үстінен түстіңіз. Рахмет, қарындасым. Саған да рахмет, – дедім мені қолтығымнан демей берген қара сұр өңді балаға.
– Арзымайды, – деді бала.
– Аға, мынау таза орамал, көз алдыңызды сүртіп жіберіңіз. Сіздің неге қапаланғаныңызды ұғып тұрмын. Турағұл бабамызға арнап аппақ еңселі ескерткішті ашқаныңызда, терең сөз айтқаныңызда қаланың көп адамы осы жерде болды ғой. Мен өз класымның оқушыларын арнайы алып келгем.
– Апай, бізбен көрші тұратын Асыл деген қыз сол жиында Абайдың өлеңдерін оқыпты дейді. Сол рас па?!.
– Үш жасар қыз Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды. Бүкіл Шымкент сүйсінді. Бәріміз таң қалғанбыз. Ол рас. Роллан аға ол қызға сыйлық бергені де есімде.
– Анау тұрған екі қабатты үйде, Абай үйін аштыңыз. «Абай» атты отыз екі беттік газет шығардыңыз. Шымкенттің барлық қазақ мектептері сол газетпен жұмыс істеді. Небір керемет мақалалар, ақыл-өсиеттер берілетін. Ондай газет қазақ елінде бұрын-соңды шыққан емес. Енді шықпас та!..
– Қарындасым, сен өзі бәрін біледі екенсің ғой, – деп таңырқадым. – Мен сол 2007 жылдан бері Шымкентте болған емеспін. Ауруханадан шыққан соң, Түркістанға, Шымкенттегі Турағұл бабамның ескерткішіне бас иіп кеткім келген. Оған көрдің бе, міне... – деп бөгеле бергенімде, қасымда тұрған бала:
– О, Турағұл бабаның ескерткішінің тас-талқанын шығарып та үлгерген екен ғой, – деп күлімсіреді.
– Сен несіне қуанасың? – деп зекіді мұғалім әйел.
– Мен қуанып тұрғаным жоқ, көкірегім қарс айырылып, бір уыс жүрегім еңіреп жылап тұр, – деді екілене сөйлеген жас бала.
– Сенің есімің кім? – деп сұрадым.
– Айбар болады.
– Жақсы есім! Сен болғанда, Абайдың ұлы Турағұл бабамыздың ескерткішін ешкім тас-талқанын шығарып, қирата алмас еді. Біздің сорлы елге сендей батыр ұлдар керек, Айбар!
– Ата, мен сізбен келісемін.
– Әттең, қазақтың батыр ұлдары әлі бесікте жатыр. Үш ғасыр бойы қайғы мен мұң арқалаған қазақ халқының еңсесі көтеріліп, көңілі өскенін қалаймын. Сонан да, Құдайдан күнде қазақтың рухы өршіп, намысы өрлеуін тілеуден жалығып көргем жоқ. Атойлап тұратын азаматтар, жалындап тұратын қыздар керек біздің бұл көшімізге. Біз сонда ғана ошағымыздың отын өшірмей, еркін тыныстайтын ел бола аламыз. Біз сонда ғана өлмейтін, өшпейтін ұлт бола аламыз. Тас бауыр, жалған ұрандармен ұлтты да, халықты да көтере алмайсыз. Адамды адам жасайтын, Адамның жүрегінде жанатын – Адамгершілік оты. Өзгенің бәрі жалған! Бұ дүниеде мәңгі еш нәрсе жоқ. Мәңгі еркін тыныстайтын Құдай ғана!
– Аға, мен сабаққа асығулымын. Мынау менің телефоным, – деп жас әйел визиткасын қолыма ұстатты. – Сізге бір нәрсе айтуға рұқсат етіңіз. Жанымның күйгенінен айтайын. Кісіден кісілік кеткендіктен айтайын, – деп сәл дамылдады да: – Аппақ ескерткіш алыстан көз тартып тұрушы еді. Қасына жеткенде жұрт тоқтап, тастағы жазуды оқыған соң, қарттары бастарын иетін. Сол аппақ ескерткішті көзді ашып-жұмғанша тас-талқанын шығарғанын көзіміз көрді. Құрылысшылардан, ескерткішті неге алып жатырсыздар? Қайда көшірмексіздер? – деп сұрадық.
– Көшірмейміз, құртамыз! – деп күлді біреуі.
– Жүдә, оңтүстікке Абай не керек?.. Оның баласы не керек? Алашорда не керек?
– Түкке де керегі шамалы... – деп кейбіреуі әңгімені қолдаған болды.
– Сендерге патшаның генералы Черняев керек пе? – деп өрекпіп едім, біреуі:
– Әй, қатын, жоғал, – деп айғайлады да, құрылысшыларға: – Ақ граниттерді бастықтың үйіне апарыңдар. Камин тұрғызамыз, – деді.
* * *
Үш жастағы қыз жұрт алдына атып шығып, Абай ақынның ең бір күрделі философиялық ойға толы «Тотықұс түсті көбелек» өлеңін оқып кетті.
Адамзатқа не керек,
Сүймек, сезбек, кейімек.
Харекет қылмай, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Жұрт таңғалды. Үш жастағы қыз шешесінің етегіне бетін басып, жұрттан көзін алмады. Қыздың тосқаны жұрттың шапалағы болатын. Қыздың өзі қол соқты. Жұрт та қолпаштап ду қол соғып берді. Ал жұрттың санасына Абайдың ойлы сөзі әлі жетіп үлгермеп еді.
– Ұстаз апай жақсы адам екен, – деді Айбар.
– Келісті адам.
– Шындықты жалаулатады екен. Күйеуі ұрып-соғатын болар.
Мен Айбарға таңырқай қарап алып, басынан сипадым.
– Айбар, мен мына араға тізе бүгіп бір дұға оқиын. Сен мені тоса тұр.
– Аға, қасыңызға бірге тізерлейін.
Мен әуелі Турағұл бабамнан кешірім сұрадым. Туған еліңізден бөліп-жарып, бұ жерге сізді мен әкелгем жоқ. Бейітіңізді бұзған да мен емеспін. Басыңызға тұрғызған ескерткішті талқандаған да мен емеспін. Пенде деген тәрбиеге көнбейтін «малдар» бар. Оларға менің әмірім жүрмейді, оны өзіңіз де білесіз.
«Оны білемін», – деді Турағұл бабам. Мен сасқалақтап жан-жағыма қарадым. Қарсы алдымда жерге төсейтін қоңыр тасты көрдім. Қасымда отырған Айбарды көрдім. Ол салмақты отыр еді. Тегі бар балапан-ау, – деп сүйсіндім.
«Сенде кінә жоқ, Роллан».
Менде бір кінә бар деп ойладым. 2007 жылы Шымкенттегі фармзаводтың жанынан бір уыс топырақ алып, Ақшоқыдағы Құнанбай бабаның қорымына ақ гранитпен көмкеріп жатқызуға шамам келер еді. Сол кезде оны неге ойламадым? – деп өкінгенімде өзегім өртеніп түсті.
Саябақтан шыға бергенде Айбарға бұрылып:
– Айбар, мен Шымқалаға таңғы пойызбен келіп түстім. Бір жерден ас ішсек қалай қарайсың? – дедім.
– Жүдә, қатты қуаттаймын, аға. Мен экскурсовод ретінде сізге мықты кафені айтайын. Келіссеңіз, сол кафеге апарайын.
Кафе шынымен де келісті екен.
– Айбар, сен қысылма, ұнағаныңды таңда.
– Рахмет, ата! Маған сізді Құдай жіберсе керек.
– Таң атпай ма?!.
– Кейде мектепке барғым келмейді. Мұғалімнің бәрі әйел. Менің атам айтпақшы, бүгінгі мектепті қатын-қалаш басқарады. Еркектердің терең окоптарда бүрісіп-бүрісіп жатқандарына отыз бес жыл болды білем. Кедейлік дәуірлеп тұр. Ақша жоқ. Тойып ішерлік тамақ та жоқтың қасы. Бірақ, озат оқушылар бар. Соның бірі де байдың балалары емес, кедей-кепшіктің балалары... Мұқағали ақын «Біз жетімдерміз! Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз!» – деп тебіренген. Менің әкем Мұқағали ақынның барлық өлеңдерін жатқа біледі.
– Әкең мықты екен!..
– Кезінде мықты болған деседі. Қазір мықты емес.
– Неге? – деп таңырқай сұрадым.
– Арақ ішіп кетті ғой... Тоқтау жоқ. Бірақ адал. Өзі ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай батыр тұлғалы адам. Күні бойы базарда жүреді. Жұрттан бір бас жоғары, алпауыт адам базарда сөйлеп келе жатады. – Иә, Құдай, кел, шық, жекпе-жекке! Бар екеніңді көрейін, шық, жекпе-жекке! – деп дауыстай сөйлеп бара жатады. Әкемді базардағылардың бәрі таниды. Оның не сөйлейтінін де біледі. Біреу күледі, біреу кейиді, біреу аяйды.
– Әңгімешісің-ау, Айбар-жан! – деп сүйсінбеске амалым қалмап еді.
– Ата, Қытайдың Ухань қаласындағы бактерологиялық лаңкестік әлемді дүр сілкіндірді ғой. Сіз ол туралы не ойлайсыз? – деді Айбар.
– Алыпқашты әңгіме көбейді. Мен білсем, коронавирус Ана-Жер үшін тажал оты. Бүкіл әлемді жалмап түсіретін қасірет. Пандемиядан жылдам қорғануды ойластыру керек.
– Семейде өтетін Абай ақынның 175 жылдық мерейтойына қатысасыз ба?!.
– Егер әлем коронавируске қалқан қоя алмаса, Фараби мен Абайдың тойы елімізде өтпейді. Токиодағы Олимпиада да өтпейді. Пандемия Патшалығының алдында біз әлсізбіз. Ана-Жер 7,5 миллиард халықты асырауға шамасы жетпейді. Ана-Жерді ұстап тұруға энергетикалық қуат та жетпейді. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Ана-Жерде адам санын тежеп ұстауға, экологиялық апаттарды болдырмауға, жан салмасақ, ХХІ ғасырда Ана-Жерді бүтіндей өлтіріп тынамыз. Ана-Жерді өлтірген соң, өзіміз де өлеміз, – деп ақиқат айтқан әлемнің адал ғалымдары мен ойшылдары болған. Олардың ашына айтқан ескерту сөздеріне адамзат мән бермеді. Өкінішті.
– Сонда не, ата, ақырзаман болатыны рас па?
– Айбар, біз ақырзаман атты жардың жағасында ары-бері теңселіп тұрғанымызға бір ғасыр өтті.
Үлкен дүкенге тіреліп барып тоқтадық.
– Айбар-жан, мынау бір келісті, кең дүкен екен, осыған кірейік.
Жарты күн маған көмекші болған, сөйлегіш, жөнбілгіш, Шымқаланың нағыз блогері Айбарға естелік боларлық сыйлық алғым келген.
– Сенің смартфоның бар ма?..
– Оу, Ата, смартфон менің не теңім?!. Менде мектепке баратын сөмке де жоқ қой, – деп Айбар жадырай күлді.
– Саған мықты смартфон сыйлайын деп едім. Оныншы «Айфонға» қалай қарайсың?..
– Ата, мен қарсы емеспін. Бірақ бұл Шымқаланың сөйлегіші мен болғаныммен, тентегі мен емеспін. Оныншы «Айфонды» сіз алып бересіз, шүбә жоқ, бірақ оны маған кім ұстатады?.. Ертең-ақ тентектер тартып алады ғой. Маған орташа ғана «Самсунг» алып берсеңіз, сол жетеді.
– Айбар, экскурсовод, сіздің бұйрығыңыз маған заң.
– Рахмет, ата, – деп барып Айбар көзін төмен салып кетті.
– Бір нәрсе айтайын дедің бе?
– Ыңғайсызданып тұрмын...
– Сен сияқты бірінші класты экскурсоводқа, мен бірінші класты гонорар төлеуім керек. Қысылма, айт!
– Біздің үйде бес бала бар. Үлкені он екі жастағы Айбар. Мына менмін. Сонан кейін Абылай, Кенесары, Садық деген үш ұл. Сара деген үш жастағы қыз тағы бар... Бүгін Сараның туған күні. Менің гонорарым үлкен қуыршаққа жете ме екен, ата, а?..
– Жеткенде қандай!..
Айбар ойланып барып:
– Сараға қуыршақ алған соң, оны дүниеге әкелген шешесіне де сыйлық болғаны дұрыс қой, ата, а?..
– Өте дұрыс. «Айфон» аламыз ба?
– Шешем қатардағы адам. «Самсунг» алсақ жетер.
– Әкеңе не аласың?..
Айбар ойланбастан жарқырап күлген қалпы мені құшақтады.
– Құдайды күнде жекпе-жекке шақырып жүрген әкем, қолда бардың қадірін әлі біле қоймас...
– Шешім сенен, Айбар! Қалай айтсаң, солай істейміз!..
Үлкен дүкенді көшірердей болып Айбар екеуміз далаға шықтық. Дүкеннің қасынан такси ұстап, он-он бес дорбаны соған салдық.
– Айбарды үйіне жеткізіп салыңыз, – деп тапсырдым жүргізушіге.
– Жоқ, әуелі атамды қонақ үйге орналастырайын. Көке, сіз мені қонақ үйдің алдында тоса тұрыңыз.
– Құп болады! – деді таксист.
Мен қонақ үйге орналасып болған соң, есік алдына шықтық.
Жып-жылы кеш еді. Қала шамдары енді ғана жана бастаған.
– Рахмет, экскурсовод! Сен жақсы жігітсің! Жақсы адам болып бақ!
Он екі жастағы баланың көңілі толқулы болатын. Көз жасын көрсеткісі келмей, мені құшақтай берді. Мәрт мінез танытып тұр еді.
Маған осы Шымқаланың өзі де, адамдары да, иісі де ұнайтын. Кейде осы Шымқаланы сағынатыным да бар, сол кезде әлемнің қай түкпірінде жүрсем де, сапарымды үзіп тастап, Әулие бабамның еліне асығатынмын.
Таңмен таласа тұрып, Құранды құшағыма басқан күйі Әулиенің кесенесінің түбінде ұзақ жүретінмін.
О, ол ұмытылмайтын, естен кетпейтін өзгеше тынысты сәттер ғой!..
Көк базардың алдына тақай бергенім сол еді:
– Көке, көкесі деймін, – деген таныс дауыс естілді.
Кеше таңертең, мені шағын мешітке апарған таксист жігіт екен.
– Көке, қайда жол жүрмексіз?..
– Түркістанға.
– Өзім апарып саламын. Түркістан өз елім ғой... – деп салдыр-күлдір сөйлеп тұр. – Қол дорбаңызды маған беріңіз. Өзім жайғастырам. Сусынды да өзім реттеймін, көкесі.
Артынша әудем жерден еркін, дүркіреген дауыс естілді. Артынша ұзын бойлы, қалың шашты, бет-әлпеті келіскен жігіт ағасы көрінді.
Жан баласына назар салып қарамастан, жан баласын елеп-ескерместен топты жарып, тура маған қарай келе жатты.
– Әй, Құдай, бар болсаң, кел бері, шық, жекпе-жекке!.. Шық!..
Құдай адамзатқа қарсы шығуға бел буған осы бір сәтте, Шымқаланың батыр тұлғалы азаматы Көкбазарда Құдайдың өзін жекпе-жекке шақырып тұр еді.
Бұл бұрын-соңды болып көрмеген көзсіз батырлық болатын!
Құдай жігітке таңырқай езу тартып қарады да, сәл дамылдады. Жұмақтағы алманың дәмін татпаңдар дегенде де ақылға көнбеген Адам ерлік танытқан.
Ол ерліктің немен біткенін Құдай білетін.
Ал адам білмейтін. Адам өзін Құдай санап адасқанына ықылым замандар өтті ғой, несін айтасыз!..
Құдай, Уханьда бір топ адамдардың уыс-уыс шыбын-шіркейді шашып тұрғанын кеш аңғарып қалды.
Адам адамзат баласына қарсы, тағы да бір қауіпті сынақты үнсіз жорғалатып жіберіп жатыр еді.
– Сендерге пандемия патшалығының жиіркенішті сыйымен алыса тұру қалыпты ғой, – деді Құдай.
Құдай Адамның арамдығына еш таңданбады, тек өткір көзінде мұң тұр еді.
Құдай өз қателігіне күйрей күйінді ме?.. Әлде Адамның тойымсыз пиғылына күйрей күйінді ме?.. Ол жағы бізге беймәлім болатын...
– Құдай, бар болсаң, кел бері, шық, жекпе-жекке!.. Шық!..
Ал пандемия патшалығы әлемді енді ғана асықпай жаулап, аяусыз жайратуды бастап кеткен...
Жаратушы Құдайдың өзіне қарсы шапқан пенделер, дем ала алмай тұншығып, өлім құшып, тозаққа топырлай түсіп жатқан. Ана-Жерді қорлаған. Адам-пенде Құдайдың қарғысына ұшыраған.
Бірақ соңғы сөз әлі де Құдайдың құзырында қалып еді.
Осы шағын эссем ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан ел басқарған, мемлекет басшыларының бірі болған, іскер, өмір көрген, жөн білген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке тілек хатым болсын.
Бұл мәселенің екі түрлі шешімі бар.
Бірінші шешім: Шымкенттегі Турағұл бабама ақ граниттен тұрғызған биіктігі үш метрлік обелиск, Абай саябағының ішінде орналасқан еді. Сурет бойынша сол обелискіні саябақта қайта орнату керек. Турағұл бабамыздың сүйегі Шымкентте жатыр ғой.
Екінші шешім: Шымкенттегі фармзаводтың астында қалған қазақ бейітінің орнынан бір уыс топырақ алып, Шыңғыстаудағы қорымға апарып жайғастыру керек. Абайдың балаларының бәрі сонда, Құнанбай аталарының қасына жерленген. Текті тұқымның жер бетіндегі соңғы мекенжайы, сол Ақшоқы қорымы.
Алыстан Әулиенің мавзолейі көзге шалынды. Өн-бойымды ып-ыстық толқын қуалай жөнелді. Әулиемен жапа-жалғыз қалуды көксеген жұдырықтай жүрек бұлқынып бақты. Көзіме жас үйірілді. Мен әбден тас-талқан болып шаршағанымды сездім... Аяғымды созып тастап, ыңғайланып отыруыма машина тарлық жасады.
Бұ дүниеден кеңдік көрмедік, бәлкім, о дүниеде кеңдік көрерміз, деген дәмеге үміттенген болдым.
О, сайтан үміт, бізді азғырған да, алдаған да сен ғой. Ал Құдай, бұ дүниеде адамға үміт барын сездірмесе, Ана-Жерде адамның өмірі тозақ болары анық еді.
Телефоныма шұғыл хат келді.
«Ата, менің әкем Құдайды төбелеске күнде емес, жылына бір-ақ рет шақырғанда, біздің отбасының өмірі оңды болар еді, деп ойлаймын. Сіз Абай бабаңызды жаныңыздан артық жақсы көреді екенсіз. Мен де әкемді жанымнан артық жақсы көргім келеді. Абай бабамның ескерткішінің қасында тұрмын. Бүгін де сабаққа барғам жоқ. Сабақтың үлкені Абайдың өлеңі екенін енді ғана ұқтым».
«Әулиенің мавзолейі енді көзге шалынды. Жүрегім тулап берді. Айбар, жаның оқуды шын қаласа, оқудың ерте-кеші болмақ емес».
«Ата, коронавирус үлкен адамдарға қатерлі ауру дейді. Сақ болыңыз!»
«Коронавирустан ба, адамдардан ба?..»
«Ата, екеуінен де!.. Ал Құдай өзіңізді аялай бағып-қағып тұрғанын ұқтым.»
«Айбар, оны ұққан адамға, Құдайдан басқа не керек?..»
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ