• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2020

Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары алаңдаулы

463 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы тілшілер қосынына Іле ауданы, Байсерке ауылдық округі, Қоянқұс ауы­лына қарасты «Қоянқұс» бау-бақша серіктестігі тұрғындары өтініш айтып хабарласты. Ауылдағы ағайын бірнеше жылдан бері шешімін күткен әлеуметтік мәселенің түйінін тарқатуға жергілікті атқарушы билік өкілдерінің құлықсыздығына наразылық білдіріп, басылым арқылы жоғарыға мұң-зарын жеткізгісі келеді екен.

– Біздің ауылымыз Алматы қаласының шекарасынан 1 ша­қырым қашықтықта орналасқан. Ал «Қоянқұс» бау-бақша серік­тестігінің құрылғанына 7 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 200 үй салынды. Ауыз су, газ желі­сіне тұрғындар ақша жинап, өз кү­ші­мізбен қосылдық. Қазір ауыл­да 12 көпбалалы отбасы, 35 зей­нет жасындағы қария, 7 мүм­кін­дігі шектеулі адам тұрып жа­тыр. Ауылда мемлекеттің ара­ласуымен шешілетін мәселе бар. Біз бұл жайында Іле ауда­ны әкімдігіне жыл сайын ша­ғым­данып, жауап ала алмай отыр­мыз. Жақында аудан әкімі Бағ­дат Қарасаевтың онлайн қабыл­дау­ында болып, ауылдың мәселе­сін жүзбе-жүз айттым. Әкім ау­дандық бөлімдерге тапсыр­ған еді, – дейді аталған бау-бақша серік­тестігінің төрайымы Гүл­жиян Нұрғалиева.

Тұрғындардың өтінішін жет­кізген серіктестік төрайы­мы­ның айтуынша, Іле ауданы әкім­дігі «қоянқұстықтарды» жыл сайын шығарып салма жауаппен жұбатып келеді екен. Ал ауыл­дың тыныс-тіршілігі үшін ауадай қажет мәселенің биыл да ше­шілмей қалуынан қорыққан тұр­ғындар облыс әкімі Амандық Баталовтың атына да хат жолдапты. Өкінішке қарай маусым айында жіберілген өтініштің жауабын күткен ел күзге де жетті.

– Жалпы, біздің мәселеміз мем­лекет үшін аса бір салмақ сала­­тындай күрделі емес деп ойлай­­мын. Өйткені қазір ауылда тіршілік етуге қажетті жағдай бар, оны тұрғындар өз қалтала­ры­нан қаражат шығарып жасап алған. Орталықтанған су жүйе­сін іске қостық, әр үйге дейін газ құбыры тартылған, көше­ге құм мен тас төселді. Бұл жағы­нан ешкімге ауыз ашып отыр­ған жоқпыз. Бірақ елді мекен­нің одан әрі гүлденуі үшін мемле­кет­тің көмегі қажет. Дәл қазір ше­ші­мін күткен бірнеше мәселе бар, соған құлақ түретін адам табыл­май отырғаны өкінішті, – дейді Гүлжиян Нұрғалиева.

Атап айтқанда, бау-бақша серіктестігі аумағындағы электр желісі жеке адамның иелігінде болғандықтан тариф қымбат. Оның үстіне ауылда жарық жиі сөнеді. Тұрғындар осы электр желісін мемлекеттің балансына өткізудің мүмкіндігін қарас­тыруды сұрайды. Тағы бір мәселе: ауылдың ішінен жоғары кернеулі электр желісі өтеді екен. Оны Іле ауданының энергетика бөлімі елді мекеннің сыртына көшіруі тиіс болған, бас жоспар бойынша солай белгіленген-мыс. Бірақ бұл шешім де орындалар емес. Сондай-ақ ауылға телефон мен кеңжолақты интернет байланысын қосу туралы тұрғындар өтініші бірнеше жылдан бері аудандық «Қазақтелеком» компаниясында қаралмай жатқан көрінеді. Қазір ауыл­да ұялы байланыс та нашар екен.

– Интернет байланысының нашарлығы­нан өткен көктемде, қашықтан оқу кезінде қатты қиналдық. Ауылда 135 оқушы бар. Міне, жаңа оқу жылында да сабақты қашық­тан оқитын болдық. Яғни ата-аналар мен оқушылар тағы әуреге түсетіні анық. Бізге аудандық «Қазақтелеком» компаниясы тұрғындардың сұранысына орай өтінішті қарайтындарын, төлем қабілетін растау туралы зерделеуден кейін ауылға байланыс бағаналарын орнатуды қолға алатындарын айтқан еді. Дәл қазір шамамен екі жүзден астам тұрғын үй иелері кеңжолақты интернет қызметін тұтынуға дайын, – деді бау-бақша серіктестігінің басшысы бізге.

Айтпақшы, ауыл тұрғындары үшін тағы бір басты мәселе бар. Жаңадан салынған ауыл мен үлкен жолдың арақашықтығы 350 метрге жуық. Осы жолда шағын өзен бар. Тұрғындар өзеннен өтетін көпірді өз күшімен жөндеп алған. Алайда су тасқыны бола қалған жағдайда ауылға қауіп төнуі мүмкін. Қоянқұстықтар осы көпір мен ауылға дейінгі 350 метр жолды жөндеуге әкімдік қол ұшын берсе дейді.

– Бізді «Egemen Qazaqstan» газетінен көмек сұрауға Іле ауданы әкімінің орынбасары С. Ерекешов қол қойған жауап хат мәжбүр етіп отыр. Шенеуніктің жауа­бына қарасақ, бау-бақша серіктестігінің аумағында тұратын адамдар үшін мемлекет тарапынан қандай да бір жәрдем күту әбестік екен. Өйткені орынбасардың жауа­бында бау-бақша серіктестігінің мемлекет қарамағына жатпайтындығы, біз көтерген мәселе, оның ішінде көмек сұрап отыр­ған 350 метр жол мен көпірді жөндеуге қаражат жоқтығы айтылыпты. Яғни тұр­ғындар бұрыннан естіп келе жатқан жауыр жауап тағы айтылған. Аудан әкімдігінің шы­ғарып салма жауабына қанағат­тан­баған­дықтан да біз облыс әкімі Амандық Баталовқа жүгінген болатынбыз. Бірақ бұдан да нәтиже болмайтын сияқты, – деді шарасыздықтан күйінген ауыл тұрғындары.

Жалпы, «Қоянқұс» бау-бақша серіктес­тігі құрылғалы бері ауылдың іргесі бірнеше есеге кеңейген. Қазір жаңа құрылыс аумағы Қоянқұс ауылының аумағымен қосылып, үлкен елді мекенге айналған. Ал серіктестік жеке кооператив болғанына қарамастан байырғы ауылдың есебіне кіретін үйлерді де су, жарық, газбен қамтуға кіріскен.

– «Қоянқұс» бау-бақша серіктестігі Алматы қаласы шекарасынан 1 шақырым қашықта орналасқан. Қазіргі заманда өрке­ниеттің іргесінде отырып, мемлекет қам­қорлығын сезінбеу өкінішті. Өз күшімізге сенгеніміз дұрыс, өзгеге де қарайласқан орынды. Бірақ атқарушы билік мұны білуі керек. Әлеуметтік мәселе шешілмесе қордаланып, шиеленісе түседі, дәл қазір біздің ауылда осы көрініс қалыптасты. Адамдар өз қаражатына ауыл проблемасын қа­шанға дейін шеше береді? Мысалы, ауыл тұрғындары өз күшімен салған ауыз су желісі мен электр жүйесіне ауыл әкімдігінің балансына кіретін 30 үйдің қосылуына рұқсат берген. Яғни серіктестік 30 үйді сумен, жарықпен қамтып отыр. Өкінішке қарай, ауыл иелігіне кіретін кіші Абай көшесіндегі осы 30 үйдің жолын, су мен жарығын әкімдік қаражатына жөнделіп, қосылғаны жайында жоғарыға есеп берілген. Іс жүзінде олай болмаған. Бұған тұрғындар куә. Біз ақылдаса келе, Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаевқа өз талабымызды айтқан едік. Егер бау-бақша серіктестігіне мемлекеттен жәрдем болмаса, ауыл әкімінің балансына кіретін 30 үйге су мен жарық беруді тоқтатамыз, – дейді бау-бақша серіктестігінің төрайымы Гүлжиян Нұрғалиева.

 

Алматы облысы