Елімізде жолдарды орташа жөндеуден өткізуге қатысты жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Көлік басқарушылар республикалық маңызы бар жолдарды неғұрлым ертерек пайдалана алуы үшін мамандар тиісті жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімнен бұрын орындауға тырысып жатыр, - деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша Ақмола облысында жолшылар әуежайға кіру жолы (0-1+500 шақырым) бар "Көкшетау қаласының айналма жолын" Р-14 (0-1+960 шақырым) орташа жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтады. Мердігер компания – "Көкшетау жолдары" ЖШС ресайклингілеу және асфальт-бетон қоспасынан жасалған жол жабындысын төсеу жұмыстарын орындады.
Сондай-ақ мамандар жолды таңбалап, жолдың қозғалыс бөлігінің эксплуатациялық сипаттамасын қалпына келтірді. Жол жабындысының жоғарғы қабатын төсеу кезінде жолшылардың беріктігі жоғары қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетонды қолданғандығын айта кету керек. Нысандағы жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен үш айға ерте аяқталды. Жөндеуден өткен жол учаскелерінің толық бойында қозғалыс та ашық.
Еске салайық, биыл Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың 1,1 мың шақырымы жөндеуден өтпек.