• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2020

Жамбыл облысында шешімін күткен мәселе көп

755 рет
көрсетілді

Жамбыл өңірінің бірқатар тұрғыны бейнеконференция режімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болып, өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жөндеу және ауылдарды абаттандыру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz

Әйгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев облыстағы мәдени саланың дамуындағы мәселелерге алаңдайтынын жеткізді. Шу ауданының кейбір елді мекендеріндегі ауылдық клубтардың ғимараттары апатты жағдайда болса, кейбір мәдениет үйлерінің жұмысы ойдағыдай емес екен. Бұл тұрғыда Бердібек Сапарбаев композитор көтерген мәселелерге айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Ағымдағы жылы Шу ауданындағы Абай ауылында 100 адамға арналған клуб салынуда. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйі жөнделіп, Көктөбе ауылындағы Мәдениет үйі газдандырылуда. Сол сияқты мұндай жұмыстар ауданның бірқатар ауылдарында жалғасуда. Бердібек Сапарбаев аудан орталығы Төле би ауылында мәдениет, шығармашылық және білім саласын дамыту жобасы аясында үлкен орталық салынып жатқандығын айтып өтті.

Ал, Сарысу ауданының тұрғыны Айтуған Рыспанов облыс басшысынан Арыстанды ауылынан Түркістан облысына апаратын жолды асфальттауды сұрады. Қазіргі таңда бұл жолға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен қиыршық тас төселген. Сонымен қатар, Байзақ ауданының тұрғыны Мақұн Төлеуғалиева Қостөбе ауылындағы орта мектептегі акт залы мен спорт залдарының құрылыс мәселелерін жедел шешіп бергені үшін облыс әкіміне алғыс білдіре келе, ол шатырдың сапасыз екенін жеткізді. Өз кезегінде Тараз қаласының тұрғыны Жамбыл Бекеев 2017 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіп ашқанын, ол аяқ киім тігіп, сатумен айналысатынын, енді әкімнен кәсібін ілгерілетуге қолдау көрсетуін сұрады. Ал, "Қазақтелеком" АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілі Майра Оңғарбаева талшықты-оптикалық байланыс желісінің жағдайына назар аудару керектігін айтып өтті. Ол әкімге байланыс желісінің жиі істен шығып қалатынын жеткізді. Бердібек Сапарбаев аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданатынын айтты.