• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2020

Тұлға туған топырақ

551 рет
көрсетілді

Егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, жарқын болашаққа жетелеген, сан ғасырлардағы бабалар арманын баянды еткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихымызда алатын орны ерекше. Ел тірегі, ұлт мақтанышы, Ұлы даланың ұлттық ұстанымдарын бойына сіңірген Елбасы 1991 жылы ұлы Абайдың еліне келген сапарында: «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі ұлы Абайдың аруағына басымды идім», деп ұлылыққа тағзым етті. Бұл қазақ халқы үшін, оның ішінде ұлы ақын есімімен аталатын Абай ауданы үшін үлкен құрмет, ерекше мәртебе екендігін айтуымыз қажет.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тари­хынан айшықты орын алар­лық маңызды шешім қабыл­дады. Ол адам­заттың асылы, біртуары Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойын мере­келеу жөнінде пәрмен беруі болды.

Ақын мерейтойына арналған дайындық облыста белсенді жүр­гізілді. Осыған орай облыс әкі­мі Даниал Ахметов жұмыс са­па­рымен бірнеше рет Семей қаласында және Абай ауданында болып қайтты.

Абай театры, Абай музейі жә­не Абай атындағы алаң жаңа келбетке ие болмақ.

Бүгінде Семейдегі Абай ала­­ңында ауқымды қайта құру жұ­мыстары жүріп жатыр. Ұлы ақын­ның құрметіне аталған театр да жаңарып, жаңа келбет­ке ие болмақ. «Бұл орайда сырт­қы безендіру, фойе және көрер­мендер залының жобаларын таң­дадық», дейді облыс әкімі Даниал Ахметов. Абай музейінде де күр­делі жөндеу жүргізілуде. Му­зей алдына ұлдарымен бірге тұрған ақынның жаңа ескерткіші қойылады. Абай театрының және Абай алаңының қайта жаңарту құрылысы да қарқынды жүр­гізіліп жатыр.

Тамыздың 15-іне дейін Абай атындағы театр­дың жөндеу жұ­мыс­тары то­лық аяқталмақ. Өнер оша­ғы­ның келбеті адам танымас­тай өзге­реді деп күтілуде. За­манауи акус­тикалық жүйе, кең және жайлы көрермен залы – осының бәрі театрды жарық әрі кең етуге мүмкіндік береді.

«Қазір орталық фресканы қал­пына келтіру жұмыстары жү­ріп жатыр, біз оны болашақ ұр­пақ үшін сақтауымыз керек», деді облыс әкімі.

Бүгінде Абай ауданы бұ­рынғыдан ерекше бой түзеп, күн сайын көркі артып, гүл­де­ну­де. Осы орайда, облыс бас­шы­­лығының ұлылар мекеніне, ақын­ның туған еліне ерекше құр­метпен, ыстық ықыласпен қарай­тындығын атап өткен ләзім.

Атап айтсақ, ақын мерейтойына орай 2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы об­лыс­тық маңызы бар Семей-Қарауыл автомобиль жолының 128,8 шақырымына орташа жөн­деу жүргізілген. Былтыр аталған жолдың қалған 32 шақы­рымына жөндеу жүргізілді.

2018 жылы аудан халқының спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүм­кіндік тудыру мақсатында 262,3 млн теңгеге ұзындығы 25 метр болатын бес жолақты жүзу бас­сейні салынды. 

 «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» деп, Абай атамыз айтқандай, аудандағы мәдениет пен өнерді дамытуды қолдау жөніндегі «Парыз» қо­ғамық қоры арқылы аудан халқы өз демеушілігімен Шә­кәрім Құдайбердіұлының 160 жыл­дығы мен Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай 2018 жылы адамзаттың асылы Абай Құнанбайұлына Қарауыл ауылында таза қоладан ескерткіш тұрғызылып, 2019 жы­лы даңқты батыр, қазақ-қа­лмақ соғысының бас қаһарман­дарының бірі Тоқтамыс Лақа­ұлына 290 жыл толуына орай батыр ескерткіші бой көтерді.

Облыстық бюджеттің төр­тінші деңгейіне өткен ауыл­дарға қаржы бөлініп, соның ішінде Қарауыл ауы­лын­дағы «Абай алаңының» жалғасы толығымен абаттандырылды. Алаң ішінде әуен ойнап тұратын субұрқақ пен «Street workout» алаңы салынды. Жарық шамдары ауыстырылды.

Былтыр Кеңгірбай би ауылында қазіргі заманға сай 100 орындық көрермен залы бар жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Халықтың рухани қажет­тілігін өтеу мақсатында мұнда 14 мәдениет қызметкері еңбек етуде. Екі қабатты ғимаратта кітап­хана, компьютер залы, дайын­дық бөлмелері және тағы басқа бөлмелер бар.

Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл Абай ауданында жиыны 19 жоба іске асырылып жатыр.

Соның бірі – ақынның кіндік қа­ны тамған «Сырт Қасқа­бұлақ» мекені.

Бүгінде Сырт Қасқа­бұ­лақ­қа кіреберіс жол орташа жөндеу­ден өтіп, асфальт төселді. 2019 жылы Абай аудандық мә­ден­иет үйі теңгеріміне алынып, ақын дүниеге келген бұлақ басы адам танымастай өзгерді. Бұ­лақ басы толығымен абаттандырылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылды. Алдағы уақытта рухани байлығымыз – салт-дәстүрімізді дәріптеу, туризмді дамыту мақсатында этноауыл ұлттық-мәдени кешенін ашып жатырмыз. Сырт Қасқабұлақ осылайша келушілерге тамаша демалыс сыйлайтын, туған жердің қасиетін, өлеңнің рухын сезіндірген басты нысанға айналды.

Сонымен қатар Ақшоқыда Құнанбай музейі салынып жатыр.

Ақшоқы – еліміздің тари­хи-мәдени, әлеуметтік-саяси өмі­ріндегі маңызды орын. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Абайды ұлық­тағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпа­уымыз керек» деген болатын. Мемлекет басшы­сының ұлағатты ойының түпкі мәніне орай облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қорым аумағы кеңейтіліп, заманға зай өзгерістер жасалды, қорым толығымен абаттандырылды. Зи­рат ішіндегі тозығы жеткен белгітастар жаңартылды. Алаңға брусчаткалар жайылып, келу­шілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында панажайлар қойыл­ды. Қоршау ішіне ұлы Абайдың әкесіне арнаған сөздері жазылып, әсемдік үшін гүлдер отырғызылды.

Аудан орталығы Қарауыл ме­рейтой қарсаңында қайта жаңғырды.

Облыс әкімінің тапсырмасына орай Қарауыл ауылында 300 орындық жаңа мектептің салынуы – мерейтой қарсаңында Абай ауданына деген айрықша тарту болып отыр. Сол сияқты Қарауыл ауылындағы су құбы­рын толығымен жөндеу жобасы да қолға алынып отыр.

Хакім мерейтойын атап өту­дің негізгі орны. Қарауыл ауы­лындағы жаңадан салынған «Абай саябағы» болмақ. Бұрын-соңды бұл өңірде болмаған алып жаңа саябақтың ұзындығы 600 метр, ені 250 метр, жалпы аумағы 15 гектарды құрайды.

Той қарсаңында көптен бері жөндеу көрмей, ескіріп кеткен «Жидебай» мемориалдық кешеніне бұрылыстағы стелла алаңы да абаттандырылып жатыр. Абайдың ата қонысы саналатын Жидебай елді мекені ел тарихындағы маңызы зор, киелі орын. Ұлы Абайдың 125 жылдығында салынған стелла заманның ықпалымен әбден ескірген. Уақыт талабына сай стелла жасалып, асфальт төселді, дәретхана, брусчаткалар, демалу орындары жасалды.

2015 жылы Абайдың «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемо­риалдық қорық-музейі құра­мын­дағы Жидебай қоры­ғында мәдени-тұрмыстық кешен пай­далануға берілген болатын. Атал­ған кешенге ұлы баба мерейтойы қарсаңында аймақ басшысының шешімімен облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, заманауи талаптарға сай жөндеу жұ­мыстары жасалуда екен.

Сондай-ақ Бөрілі елді мекені мен Бөріліге бұрылыстағы стелланы абаттандыру жобасы да қолға алынып, ондағы Мұхтар Әуезов мұражайының аумағындағы жаңарту жұмыстары бүгінде толық аяқталды.

Ұлы Абайдың мерейтойы аясында Бөрілі мұражайында ауқым­ды шаралар атқарылды. «Бөрілі – Мұхтар Әуезовтің туған жері» стелласы жаңар­тыл­ды. Сонымен қатар музей алдына кіші архитектуралық фор­мадағы кітап оқып, білім алушы «Жас Мұхтар» мүсіні орна­тылды. Ауылға 29 жарық шамдары жəне 10 декоративті шамдар орнатылып, балаларға арнал­ған «STREET–WORKOUT» спорт­тық ойын алаңы салын­ды. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің әкесі мен анасының зиратына барар жолға брусчатка жайылып, қорым маңайы абат­тандырылды. Мердігер ком­пания­ның демеушілігімен Мұх­тар Әуезовтің немере ағасы Қасым­бек Әуезұлы мен Ғалия Ахметбекқызының зираттарына мрамордан тас қойылды.

– Қарауыл ауылындағы Ма­май батыр, Ұлжан, Әйгерім, Тоқтамыс, Мұхаметханов, Бекбо­сынов көшелерінің жол­дарын орташа жөндеуді аяқ­тадық. Бұл да халық үшін қайырлы істердің бірі болды, – деді аудан әкімдігі – бұл жобалар бо­йын­ша жұмыстар аяқталған. Со­ны­­мен қатар Көкбай, Саржал, Құн­дызды, Кеңгірбай би ауыл­дарындағы бір-бір көше жолдары қайта жөнделуде. Мамай батыр көшесіндегі 16 көппәтерлі және 67 көппәтерлі тұрғын үй­лерді жөндеу-қалпына кел­тіру жұмыстары жүріп жатыр. Қарауыл ауылындағы бұл көп­пәтерлі тұрғын үйлер ұзақ мерзім қараусыз, қадағалаусыз қалған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі мемлекеттік тұрғын үй­мен қамту бағдарламасын орын­дау мақсатында жүргізіліп отыр. 16 көппәтерлі тұрғын үй­дің жөндеу жұмыстары тамыз айының басында аяқталып, ауылдағы аз қамтылған, көп­балалы отбасыларға берілмек.

Сонымен қатар қазіргі уақыт­та меншік қаражат есебінен 2 пәтерлі 3 үй құрылысы жүріп жа­тыр және 2 пәтерлі 12 үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда екен. Жалпы, жыл соңына дейін 2 пәтерлі 15 үй 30 көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға бері­леді деп жоспарлануда. Жоға­рыда аталған жағдайларды ескере келе 46 көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қам­тамасыз етілмек. Аудан орта­лығы Қарауыл ауылына 4,4 ша­қырым көше жолдарына тротуар орнату бойынша жұмыстар атқарылмақ. Бұлардың ішіне Сүндетбаев көшесі (0,5 шақы­рым), Мамай батыр көшесі (0,6 шақырым) Абай көшесі (0,7 шақырым) Бекбосынов көшесі (0,7 шақырым) және Абай Құнанбайұлы саябағына бара­­тын жолдар (1,9 шақырым) кіретін болмақ.

 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы