Абай күні қарсаңында Қостанайдағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасында ұлы ақынның бейнесі бедерленген паннолар пайда болды.
Зәулім үйдің бүкіл бір қабырғасын жауып тұрған алып кенепте Абай, Шыңғыстау, көк майса шөпті көзге елестетін ұлттық өрнекке шомылған қазақ ауылы, оның ар жағында көкке ұмтылған жасыл-жалқын нұрға малынған құс бейнесіндегі Абай музасы бейнеленген. Өнер туындысы Ресейдегі жалғыз зауытта ғана шығарылатын арнайы композитті материалдан жасалыпты. Жергілікті дизайнерлер заманауи көркем туындының жасалу әдісі мен идеясын еуропалық әріптестерінен алған сыңайлы. Батыста мұндай композициялар өте көп кездеседі.
Біз үнемі көрген адамның көңіліне ерекше бір тосын сезім ұялататын мейлінше жаңа дүниелерді жасағымыз келеді. Бұл жолы Қостанайдағы алыстан көз тартатын зәулім үйлердің қабырғаларын пайдаланып, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, біртуар ақынның бейнесін заманауи өнер тілімен суреттеуді жөн деп таптық. Мұны Абай күні мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына жасаған тамаша тартуымыз деп біліңіздер. Туынды көпшілік көңілінен шығып жатыр. Тамсанып-таңғалып жатқан жандар көп, дейді жергілікті жарнамалық-өндірістік бірлестік басшысы Наталья Булатова.
Композициялық туындының біраз бөлігі алюминийден жасалған. Қабырғадағы Абай бейнесінің ыстық-суықта, жауын-шашын мен қарлы боранда бояуын жоғалтпауы үшін дизайнерлер осындай шешімге келген. Кенептегі құстардың кемпірқосаққа малынған қанаттатры түнде бірнеше түске боялып құбылып жанып тұрады. Дизайнерлердің айтуынша, ұлы ақынның музасы іспеттес ұшып бара жатқан құстар Абайдың болашаққа деген үміті мен сенімін халыққа деген сүйіспеншілігін бейнелейді. Аса шеберлікпен орындалған қабырғадағы өнер туындысы әсіресе түн уақытында алуан бояуға малынып ерекше құбылып, құлпыра түседі.
Қаланың ажарын аша түскен тағы бір көрнекі дүние – «Абай жұлдыздары» деп аталатын жарықдиодты инсталляция.
– Бұл инсталляцияны Абай даңғылының бойындағы №16-шы үйдің қабырғасына орналастырдық. Көктен тамып кете жаздап тұрған үлкен жарық жұлдыздар Абай шығармашылығының бізге түсіп тұрған сәулесі сияқты. Ұлы ақынның ғажайып поэзиясы мен дана ойлары ғасырдан-ғасырға ұласып, әр заманның керегіне жарап, осылайша сәуле түсіріп тұрады, – деді Н.Булатова.
Мұның сыртында, таяу күндері Қостанайдағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының алдына алып кітап түріндегі арт-нысан қойылмақ. Әсем тұғырға орнатылған ашық кітаптардан Абайдың халықтың рухани қазынасына айналып кеткен өлеңдері мен қара сөздерін оқуға болады. Ашық кітаптың ені – екі метр. Ал биіктігі, астындағы тұғырын қоса есептегенде, 3 метрге дейін жетеді. Қазір арт-нысанның бөлшектері жасалып жатыр. Тамыз айының соңына таман театрдың алдына қойылады.
ҚОСТАНАЙ