• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Парламент 10 Тамыз, 2020

Депутаттардың аймақтардағы сапары жалғасуда

133 рет
көрсетілді

Сенат депутаты Р.Әбдікеров жұмыс сапарымен Қара­ғанды облысында болды. Ол өңірдегі бірнеше ауданның тұр­ғындарымен кездесіп, құрылыс нысандарына, мектептер мен медициналық мекемелерге барды.

Сенатор мектеп, колледж ғимараты мен дәрігерлерге арналған жатақхана құрылысымен танысты. Р.Әбдікеров сот жүйесінің өкілдерімен де кездесті. Ол бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеніне тоқталып, олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айрықша атап өтті. Сенатор ауылдарға сапарында ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударды. Фермерлер егін егу аумағын, мал басын арттыру мақсатында қосымша субсидияға мұқтаж екенін жеткізді.

 * * *

Сенатор Б.Шелпеков Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар аясында өңір басшыларымен және мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлермен, қоғам белсенділерімен және білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Сенатор жаңа оқу жылында пандемияға байланыс­ты қашықтан оқыту үшін мұғалімдер мен оқушыларды компьютерлермен қамтамасыз етіп, интернетке қолжетімділікті арттырудың маңызын жеткізді. Кездесуде мектептерді қаржыландыру, педагогтардың мәртебесін көтеру, мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібі мәселелері сөз болды. Ол балаларға қатысты қылмыстың алдын алу мәселесінің маңызына педагогтердің назарын аудартты. Сонымен қатар сенатор өңірлік энергетика саласының мамандарымен кездесіп, осы саланың мәселелері мен болашағын талқылады.

 * * *

Сенат депутаты С.Еңсегенов Атырау облысының тұрғындарымен кездесуі барысында Ресей жалға алған Тайсойған полигонының аумағынан Қызылқоға ауданының 750 гектар жері қайтарылғанын сөз етті. Көп жылдар бойы Ресей тарапымен жүргізілген келіссөздерден кейін жалға беру жөніндегі келісімшартқа өзгерістер енгізіліп, үлкен аумақты алып жатқан жайылым жері заңды түрде өңір тұрғындарының игілігіне қайтарылған еді. Соның арқасында жергілікті шаруалар мал өсіруді қолға алса, мұнай-газ компаниялары екі бірдей жаңа кен орнын игере бастады. Сонымен қатар сенатор Тайсойғандағы шаруа қожалықтарына арнайы барып, шаруалармен кездесті. Тұрғындар полигонды Ресейге жалға беруге қатысты кейбір мәселелердің оң шешілуіне байланыс­ты жер алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік туғанын айтты. Қазіргі таңда бұрынғы полигон аумағында 33 шаруа қожалығы жұмыс істеп жатыр.

 * * *

Сенатор Е.Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Қызылжар, Аққайың, Айыртау және Есіл аудандарында болды. Өңірде депутат мемлекеттік бағ­дар­ламалардың, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдар­ла­масының қалай орындалып жатқанын білу үшін түрлі ны­сандарды аралады. Е.Сұлтанов Астраханка, Смирново және Антоновка ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, аталған елді мекендерді сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін талқылады. Депутат жөнделген балабақшалар мен мектептерге, сондай-ақ жаңа аудандық фельдшерлік пунктке барды. Сенатор өз сапарында ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбына жіті назар аударды.

 * * *

Сенат депутаты Б.Жұмағұлов Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының дендрологиялық саябағында болды. Щучье қаласындағы бұл ғылыми орталықтың қызметімен танысу барысында сенатор өсімдіктердің 600-ден астам түрі ұсынылған интродуценттер топтамаларының әралуандығына назар аударды. Институт орман флорасын сақтаумен және көбейтумен, орман екпелерін адам өмірінде пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз етумен айналысады. Сенатор елорда айналасын және еліміздің ірі қалаларын көгалдандыру, орман ғылымын дамыту, ҒЗИ нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту, Қазақстанда туындайтын экологиялық проблемаларды шешудегі ғалымдардың рөлі мәселелерін көтерді.