9 тамызда Беларусь Республикасында президент сайлауы өтті. Сайлау учаскелері жабылып, мемлекеттік экзитполдың нәтижесі жарияланғаннан кейін Беларусьтің бірнеше қаласында оппозиция мүшелері наразылық акциясына шықты, - деп хабарлайды Egemen.kz
Мемлекеттік экзит-полл Александр Лукашенконың 79,9 пайыз дауыс алғанын хабарлап, елде мыңдаған адам наразылыққа шықты. Лукашенконың басты қарсыласы Светлана Тихановская 6,8% дауыс жинады.
BBC агенттігінің хабарлауынша, ең үлкен наразылық Минск қаласының орталығында өтті. Онда тәртіп сақшылары шеруге шыққандарды тарату үшін флеббангтар қолданды. Беларусь Ішкі істер министрлігі бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Дегенмен, наразылықтар мен қақтығыстар тек Минскіде ғана емес, елдің басқа қалаларында да жалғасты.
Қазіргі таңда елдегі интернет пен мобильді байланыс бұғатталды. Тіпті мемлекеттік БАҚ-тың сайттары ашылмады.