Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады, - деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық Сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті", – делінген жеделхатта.
Президент екі ел халқының игілігі үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да табысты дами береді деп сенетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының Президенті ретінде ойға алған барлық жоспарын толық жүзеге асыруды, ал Беларусь халқына бейбітшілік, өзара түсіністік пен өсіп-өркендеу тіледі.