Елордада бүгінгі таңда үш спорт нысанында жөндеу жүргізілуде, сондай-ақ екі жаңа нысанның құрылысы жүруде. Бұл туралы брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов айтты. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайты хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
"Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында "Толқын" спорт кешенінің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілуде: ақтау, қабырғаларды тегістеу, ғимарат ішін, киім ауыстыратын орындарды қайта сырлау», – деді Еламанов.
Сондай-ақ оның айтуынша, "Қазақстан" спорт сарайы бойынша "Нұр-Сұлтан қаласындағы "Қазақстан" спорт сарайын зияткерлік технологияларды қолдана отырып жаңғырту және пайдалануға беру" жобасы пысықталуда. "Астана Арена" стадионында футбол алаңын ауыстыру және киім ауыстыру, кіру топтарын жөндеу жүргізілуде.
Сонымен қатар қалада IAAF (Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы) талаптарына толық сәйкес жабық үй-жайларда халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге арналған жеңіл атлетикалық спорт кешенінің құрылысы аяқталуда. Нысан әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпиада ойындарын қоса алғанда, спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау үшін қазіргі заманғы жоғары технологиялық база болады.
"Қазанат" ипподромының аумағында иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін ат спорты кешенін салу және пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нысан 250 адамға арналған, 600 орындық трибуналары бар. Бұл жоба МЖӘ шеңберінде жеке қаржылық бастама бойынша іске асырылуда.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда 30-дан астам ірі спорт нысаны жұмыс істейді, оның 18-і мемлекеттік, 12-сі жеке меншік.
"Мемлекет басшысының "100 ДСК" салу тапсырмасы бойынша, халықты бұқаралық спортпен қамту үшін Ильинка, Көктал 2, Өндіріс, Железнодорожный тұрғын алаптарында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр", деп атап өтті Еламанов.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының мәліметінше, елордада веложолдардың ұзындығы артып келеді. Жоспарланған 123 км жолдың 70 км-і салынған. 2020 жылы – 46,4 км, 2021 жылы – 36 км, 2022 жылы – 40,7 км веложол салу жоспарлануда.