Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы "Абай: тарих және қазіргі заман" халықаралық онлайн конференциясын өткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Онлайн-конференция ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына және 10 тамыз "Абай күніне" орайластырылған.
Ғылыми конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Б.Қалиев, Қазақстан халқы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы А.К.Сәдуақасова, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттерінен абайтанушы-ғалымдар мен тарихшылар, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Үкімет қаулысымен белгіленген жаңа мереке "Абай күнімен" құттықтай отырып, жаңа мерекенің маңыздылығы мен ақын мұраларының қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты нығайтудағы рөліне тоқталды.
"Бүгін біз қазақ халқының ұлы перзенті және жаһандық ауқымдағы тұлға – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтудеміз. Ұлы ақын ойшыл, философ, ағартушы, тарихшы, аудармашы, композитор, қоғам қайраткері ретінде Қазақстан тарихында және әлем халықтарының жадында мәңгілік сақталады. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Абай туралы сөзінде" айтқанындай, "Абай – әлемдік татулық пен ынтымаққа өз үлесін косатын рухани мәмілегер әрі гуманист".
Расында, Абай – әлемнің бірлігін, Шығыс пен Батыстың татулығын көксеген, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына ықпал еткен биік тұлға. Оның аты мен ой-толғамдары қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне айналды. Сондықтан Үкімет қаулысымен 10 тамыз күні – "Абай күні" болып бекітілді. Бұл күн – тек қана тұлғаны еске алу күні емес, бұл күн адамзаттық ой мен руханиятының, өнер мен әдебиетінің, бірлік пен ынтымақтың және достық пен бауырмалдықтың күні болып аталады", - деді ол.