Бұл күнде елімізге ежелден көрші Қытай елінің халқы Абай Құнанбаев қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны екендігінен хабардар. Бұл елде Абайдың әндерін нақышына келтіріп орындайтын танымал әншілер де табылады. Қытай Халық Республикасында тұратын қандастарымыз да ақын шығармалары мен қара сөздерін жақсы біледі, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Сол сияқты Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар саласындағы ынтымақтастықты үздіксіз дамытуға ұмтылған талпысында да адамзаттың ортақ игілігі болған Абай шығармашылығының іздері бар. Ілім мен ғылымға, ізгілікке жетелеген Абай өлеңдері қытай тіліне де аударылған.
Қазіргі таңда Абайды көрші ел бұрынғыдан да тереңірек танып келеді. 2014 жылы Бейжіңдегі Чаон саябағында Абай ескерткіші салтанатты түрде ашылған болатын. Және соңғы жылдары Қытайда Абай оқулары да сәтті жалғасын тауып отыр. Сондықтан да екі елдің ауызбіршілігінің арта түсуіне Абай мұрасы да алтын көпір болып отыр.
Ал бүгін туғанына 175 жыл толатын ақын мерейтойының құрметіне Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығының қызметкерлері Абай әнін орындау арқылы өздерінің құрметі мен ілтипатын паш етті.