• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Тамыз, 2020

«Абай академиясының» ауқымды жобасы

654 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұлы ақын А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардың таныстырылымы болып өтті.

Қасиеті мен мәртебесі зор ұлықты күнгі жиынға Халық­аралық Түркі академия­сының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ак­ционерлік қоғамының Басқа­р­ма төрағасы Дархан Қыдырәлі және Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, көрнекті ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Модератор – «Абай академия­сы» жобасының ғылыми жетек­шісі, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов өз сөзінде оқу ордасында осындай шараның өтуі кездейсоқ емес екенін, себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұйғарымымен Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 10 тамыз – Абай күні болып белгіленгені еліміз үшін тарихи маңызы зор оқиға екенін атап өтті.

«Абай – ұлтты сүюдің эталоны, әлемдік даналыққа бой түзеудің өлшемі. Шынында да «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ақын қағидасымен өмір сүрсек, халқымыз парасатты, мем­лекетіміз тұғырлы, келе­шегіміз жарқын болмақ!», деді Е.Сыдықов.

Мемлекет басшысының бастамасымен университет жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғаны баршамызға белгілі. Бұл ғылыми құрылым «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау» атты кешенді ғылыми жобаны жүзеге асыруды қолға алды.

Басты мақсат – абайтануға қатысты жаңа сипаттағы сан қырлы аспектідегі ғылыми-зерттеулер арқылы бүкіл қоғамға, әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру, болашақ жарқын істерге жол салу.

«Бүгінгі тұсаукесердің маңыз­ды тұсы – «Абай академия­сы» ғылыми-зерттеу инсти­тутында орындалған арнайы жобалардың аясында әзірленіп, баспадан жарық көрген академиялық басылымдарды оқырман қауымға ұсыну. Бұл басылымдар бұған дейін көпшілікке белгілі «Абай академиясы» сериясының жал­ғасы.

Содан кейін модератор осы уақытқа дейін «Абай академиясы» сериясымен шыққан алғашқы үш зерттеу еңбектері танысты­рылғанын да бір еске салып өтті. Олар:

 Белгілі абайтанушы ғалым, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұрт­байдың «Білмей мұны жазған жоқ... (Абай өлеңдерінің жаңадан табылған қолжазба нұсқалары)» атты екі кітаптан тұратын еңбегі; Осы автордың жаңаша маз­мұндағы «Кешегі өткен би Құнанбай» (...Қандай еді: тарихи және әдеби тұлға) атты кітабы және ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, з.ғ.д., профессор Нұрлан Дулатбековтің жетекшілігімен жүзеге асырылған «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекна­малық зерттеу кітабы.

Абай күні мерекесінде ұйым­дасты­рылған шара барысында дәл осы сериямен шыққан кезекті 12 зерттеу еңбек жұрт­шылық назарына ұсынылды. Олар: 2 кі­таптан тұратын «Абайдың ғұ­мырнамасы» (ғылыми таным­дық дерекнама жинағы), жоба жетекшісі – Е.Сыдықов, академик; 4 томдық «Абай және қазақ социумы» (ұжымдық мақалалар жинағы), жоба үйлестірушілері – академик Д.Қамзабекұлы, доценттер – Д.Айтмағамбетов, Е.Сайлаубай; «Абайдың пәл­сапасы» (авторлық ой-тол­ғаулар), қалам иелері – академик Ғ.Есім, РҺD Р.Кемербай; «Абайдың көркемдік және ғылыми дү­ниетанымы» (ғылыми ізденісті монография), авторы профессор С.Негимов; Абай және оның әлеуметтік ортасы туралы «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті» (ғылыми ізденісті монография), авторы профессор Т.Жұртбай; «Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-фи­лосо­фиялық, әдеби-линг­вис­тикалық аспект Абай­дың көркемдік және ғылыми дүние­таны­мы» (ұжымдық монография), жоба жетек­шілері – академик Д.Қамзабекұлы, алаштану­шы ғалым С.Аққұлұлы; «Абайдың педагоги­калық дүние­танымы» (ұжымдық моногра­фия), жоба жетекшісі – профессор Р.Төлеубекова; Балаларға арналған «Бес асыл іс» танымдық жинағы. Жаңа технологияларға негізделген жоба жетекшісі – профессор Ж.Әскербекқызы.

Бір айта кетерлігі, бұл кітап­тардың барлы­ғы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің қаржылық қол­дауымен ЕҰУ баспаханасынан жарық көріп отыр.

Таныстырылым барысында «Абай академиясы» серия­сы бойынша жарық көрген кітаптардың лентасы қиылып, еліміздегі жетекші абайтанушы ғалым, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, төрт томдық «Абай және қазақ социумы» кітабы авторлары атынан Халықаралық Түркі академиясының президенті, еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы» еңбегінің авторы, профессор Серік Негимов, сонымен қатар Абай және оның әлеуметтік ортасы туралы жұртшылыққа ұсынылған «Соқтықпалы, соқ­пақсыз заманда өсті» еңбегінің авторы, ф.ғ.д., профессор, бел­гілі абайтанушы ғалым Тұр­сын Жұртбай, ұжымдық моно­гра­фияның авторлары, еліміздегі жетекші алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы мен ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлы және филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызына сөз берілді. Сөз алған көрнекті ғалымдар іргелі зерттеулердің құндылығы туралы түйінді ойларын айтты.

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты қоғам өзгеріп, заман жаңғырып жатқан тұста бұрын қалыптасқан пікірлер мен орныққан көзқарастарды қайта зерделеп, оны сараптап, соның негізінде жаңаша пайымда екшелеп әлеуметке ұсынуды парыз санайды.

«Абай академиясы» жобасы­ның ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықовтың айтуынша, Абай заманы мен өскен ортасы, ұшқан ұясы, Құнанбай әулетінің тарихы, туған жылы мен күні туралы тарихи дерек пен дәйек, Абай мұрасының тағдыры (өлеңдерінің жазылған жылдары, жазылу тарихы, әр алуан шығармаларының және аудармаларының хатқа түсу тарихы, хатқа түсірушілер туралы деректер, қолжазбаларының нұс­қалары мен олардың сақ­талуы, ғылыми айналымға енуі, шығармаларының жария­лануы, кітаптарының жарық­қа шығуына қатысты деректер, Абай поэзия­сының лингвистикалық корпусы да әлі де толықтырылып қарастыратын, анықтай түсетін мәселе.

– Бүгін «Абай академиясы» сериясымен жарық көріп отырған «Абайдың ғұмырнамасы» атты 1-кітабымызда архив қорларында сақталған Абай Құнанбай­ұлының ғұмырнамасына қатысты ақын замандастарының, ұрпақ­тары­ның ғылыми-танымдық естелік­тері енгізіліп отыр, – дейді Ерлан Бәтташұлы. – Абай өмірбаяны замана тынысы, өскен ортасы, қоғамдық өмір аспектісінде қарастырылған. Естеліктерде А.Құнан­б­айұлының шығарма­шылық өмір жолы мен атқарған қоғамдық қызметтері, мінез-құлық ерекшеліктері, өз ортасымен қарым-қатынасы жан-жақты баяндалады.

Екінші кітапта Абай Құнан­бай­ұлы­ның ғұмырбаянына қатыс­ты зерттеуші ғалым­дардың, абайтанушылардың ғылыми-та­ным­дық еңбектері мен мақала­лары жинақталған. Абай өмір­баяны замана тынысымен, өс­кен ортасы, өмір сүрген уақы­ты аясында жан-жақты қарас­тырылады.

Кітап ұлт руханиятына ынтызар жалпы қауымға, ғылым, білім, мәдениет саласының мамандары мен білім алушыларға арналады.

Бүгінгі шараның тағы бір маңызды тұсы – «Абай академиясы» сериясымен жарық көріп отырған төрт томдық «Абай және қазақ социумы» ұжымдық монографиясына еліміздегі жетек­ші абайтанушылар мен Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінің ғалым­дары Абай мұрасын замана кеңістігі мен мәдени-рухани дәс­түр жалғастығы аясын­да зер­делеген еңбектері енгізілген. Кемең­гер ойшыл, философ ақын болмысы жаңа қырынан таны­лады және ұлттық әдеби даму­дағы сабақтастық, тұлғалық қалып­тасу мәселелері ғылыми та­ным­дық тұрғыда пайымдалады.

Тарихи-мәдени, саяси-әлеу­меттік ахуал, қоршаған орта Абай дүниетанымында сәуле­леніп, шығармашылығына арқау болғаны жүйелі, салмақ­ты талдаулар арқылы тұжырымдалады.

«Абай академиясы» сериясымен еліміз­дегі жетекші алаштанушы ғалымдар­дың авторлығымен жарық көрген «Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект» атты ұжым­дық монографияда абай­танудың тарихи бастауында тұрған Алаш тұлғаларының мұрасы жаңаша пайымдалып, тарихи-фи­лософиялық, әдеби-лингвистикалық аспек­­тіде зерттелінген.

Содан кейін еліміздегі жетек­ші педагог-ғалымдардың бірле­суімен жарық көрген «Абай­дың педагогикалық дүние­танымы» атты басылымда Абай Құнанбайұлының шығар­мал­арын­дағы педагогикалық, психо­ло­гиялық, тәлім-тәрбие­лік мәселелер барынша терең талданған.