• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Тамыз, 2020

Қатерлі маусым

178 рет
көрсетілді

Биылғы жаңбыр маусымы Үндістан үшін шығынсыз болмады. Жұма күні 190 жолаушысы бар Air India Express ұшағы Үндістанның оңтүстік аймағында апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 150-ден астам адам жарақаттанып, 18 адам қайтыс болды. Одан бөлек, дәл осы аймақта нөсер жаңбыр кезінде шай плантациясының жұмысшылары көшкін астында қалды.

Дубайдан келе жатқан Boeing 737 ұшағы Каликут әуежайына қонған сәтте толассыз жауған жаңбырдың кесірінен жолақтан шығып кеткен. Екіге бөлінген ұшақта пандемия кезінде шекаралардың жабық болуына байланысты шетелде қалып қойған ел тұрғындары болған. Үндістан үкіметі оларды елге қайтару үшін бірнеше рейс жалдаған екен. Ресми мәлімет бо­йынша апат болған жерде құтқару жұмысы аяқталып, аман қалғандар Каликут және Малаппурам ауруханаларына жеткізілді. Ұшақта болған жолаушылардың басым көпшілігі зардап шеккен, соның ішінде 156 адам ауыр жарақат алған. Әуе компаниясы қайтыс болғандар арасында екі ұшқыштың да барын хабарлады. Елдің премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, жарақат алған жолаушылардың тезірек сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ үкімет басшысы жағдайдың бақылауда екенін жеткізіп, зардап шеккендерге барлық көмек көрсетіліп жатқанына сендірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Үндістан халқына апатқа байланысты көңіл айтты.

IX 1134 рейсінде 174 жолаушы, 10 сәби, 2 ұшқыш және 4 бортсерік болған. Әуе компаниясы ұшқыштардан басқа төрт экипаж мүшесінің амандығын рас­таған. Құтқарушылар оқиға орнында өрт болмағанын және сол себептен жолау­шылардың көбі аман қалғанын алға тартты. Халықаралық  басылымдарда тараған суреттер мен бейнежазбалардан ұшақтың жолдан шығып кетіп, екіге бөлініп қалғанын көруге болады. «Ауа райының қолайсыздығынан ұшақ бірден қона алмаған. Бір рет айналып келіп екінші рет қонуға тырысқанда апатқа ұшыра­ған. Аймақта жүріп жатқан нөсер жауын ұшқыштарға кедергі болған», деді Үндістанның авиация министрлігінің өкілі жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында.

Үндістанның авиациялық оқиғаларды тексеру бюросы апат салдарын зерттеп, тиісті комиссия жақында қорытынды шығарады.

Қазір аймақта жаңбыр маусымымен байланысты оқыс оқиғалар көбейген. Жалпы, бұл маусым тұрғындарды жыл сайын біраз әбігерге салады. Жақында ғана жаңбырдан болған су тасқыны көшкінге ұласып, 22 адамның қайтыс болғаны хабарланған еді. 40-тан астам адам жоғалғандар қатарына жатқызылды. Шай плантациясының аумағында болған апат салдарынан жиырмаға жуық жұмысшының үйі мен отбасы көшкін астында қалған. Ал құтқарушылар болса үйінді астында қалғандарды шығарып үлгермей жатыр, оның үстіне толассыз жауған жауын кедергі келтірген. Жалпы, Үндістанның Керала штатының тұрғындары бірнеше жыл қатарынан дәл осы жауын маусымында бірқатар апатты жағдайды басынан өткерген. Былтыр су тасқынынан 50 адамның өмірі қиылған еді, ал 2018 жылы тамыз айында 400 адамның өліміне алып келген бірнеше жойқын табиғи апат болған. Үндістанның оңтүстігін­де орналасқан бұл аймақтың тіршілігі табиғаттың тосын сыйына тікелей байланысты. Жұма күнгі қайғылы оқиғадан еңсесі көтерілмеген халыққа жоғарыда айтқан ұшақ апаты да оңай тимеді.

Бұл – Үндістандағы 2010 жылдан бергі ең ірі ұшақ апаты. 2010 жылы осы әуе компа­нияның өзге бір ұшағы да Дубай­дан келе жатып Мангалор қаласына қонар кезінде апатқа ұшырап, борттағы 158 адам қайтыс болған еді. Былтыр да жаңбыр маусымында дәл осындай жағдай бола жаздап, оқиға адам шығынынсыз аяқталған.

Маусымнан қыркүйекке дейін созылатын осы жаңбырлы кезең Оңтүстік Азия тұрғындарының тіршілігін қиындатып, әуреге салатыны бар. Үндістан билігі 2019 жылды ширек ғасырда болмаған ең ауыр жаңбыр маусымы болды деп болжаған. Былтыр ғана елде толассыз жауған жаңбыр салдарынан 1600 адам қайтыс болған екен.

Сарапшылар Үндістанда су тасқынын болдырмау мен оның алдын алу мәселесі өзекті екенін айтады. Жыл сайын орман-тоғайдың азаюы мен климаттың өзгеруі көшкін не тасқынға төтеп бере алатын аймақтар санын азайтып келеді. Бұл жа­уын-шашын маусымы ауыл шаруа­шылығы үшін жақсы болғанымен, жер­гілік­ті тұрғындардың тіршілігіне қауіп төн­діреді. Маусым бойы құтқарушылар су астында қалған миллиондаған адамды басқа жерге көшірумен айналысады. Жалпы, бұл Үндістаннан бөлек көршілес елдердің біразына таныс жағдай.