Өткен аптада «Egemen Qazaqstan» газетінде су спортынан Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Виталий Худяковтың Ыстықкөлдің бір жағалауынан екіншісіне дейінгі аралықты жүзіп өткені туралы жазған болатынбыз («56 шақырымды жүзіп өтті?», «EQ», 7 тамыз, 2020 жыл). Біз Виталийдің өзімен тілдесіп көргіміз келген, алайда спортшы ұзақ қашықтықты бағындырып шаршап қалғанын айтты. Сөйтіп спортшының әкесі әрі бапкері Евгений Худяковпен тілдестік.
– Керемет нәтиже көрсеткен сіздерді тағы да құттықтаймыз. Виталийдің бұл ерлігі спорт әлемінде қалай бағаланды?
– Жүзу қашықтығы – 56 шақырым. Бірден айтайын, әлемде мұндай көрсеткішке жеткендер саусақпен санарлық қана. Ал Ыстықкөлдің 1600 метр биікте жатқанын ескерсек, орта тау деңгейінде мұндай жағдай әлі болған жоқ. Бұрын аталған көлдің 36 шақырымына дейін ғана жүзгендер бар. Бұл біздің төрешіміз, қырғыздың танымал жүзгіші Ахмед Анарбаев. Ол 1982 жылы Ыстықкөлдің 36 шақырымын жүзіп өтті. Бұл бүгінге дейін үлкен жетістік саналып келген. Жүзу кезіндегі негізгі қиындықтар деп жүзу қашықтығының ұзақтығын және су температурасының 20 градустан төмендігін айтар едім. Картада 54 шақырым деп көрсетілгенімен, орта тау деңгейінде қиындықтар артады да, жағаға жету уақыты ұзара түседі. Халықаралық федерация ережесі бойынша, су температурасы 20 градустан төмен болса, спортшы арнайы костюм киюі тиіс (Виталий TYR костюмін киді). Демек, бұл әлемдегі ең жоғары жетістік.
– Жүзу қарсаңында дайындық қалай өтті?
– Ашық суда сәуір айында жүзе бастадық. Бар әлем коронавирус індетімен бетпе-бет келгенде, біз Ыстықкөлде жаттығу жиынын өткізу туралы шешім қабылдадық. Оқшаулану кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаттығуға мүмкіндік бар. Олимпия ойындарын кейінге шегерген соң, осындай қадамға бардық. Алдымен азғантай шақырымдарды еңсердік. Алғашында 12 шақырым, кейін 35 шақырым, тағы бір бақылау кезінде 25,5 шақырымды бағындырдық. Төзімділікті арттыру үшін көп жұмыс істедік. Мұнда арнайы база мен жаттығу кешендері бар. Сондай-ақ Виталий 43 шақырымдық марафонға жүгірді, жартылай марафондарға қатысты. Одан бөлек, суда күніне екі рет жаттығу жасадық. Алаңсыз жаттығу үшін Ұлттық Олимпиада комитеті бар мүмкіндікті ұсынды.
– Қазір спортшының жағдайы қалай?
– Жүзіп келген соң аздаған қиындықтар болды. Өйткені қайтар жолда үлкен толқынға тап болдық. Кейін жағдайы жақсарды, өз жұмысына риза. Ашық суда жүзу спортшылар үшін оңай емес. Судың ағысы, толқыны, температурасы үлкен рөл ойнайды. Дегенмен, мұның бәрі қазіргі қиындықпен күресіп жатқан дәрігерлер ерлігінің қасында ештеңе емес. Осы жетістігімізді біз ғаламдық індетпен күресіп жатқандарға арнағымыз келеді. Виталий мен барша команда атынан халықтың денсаулығы үшін күресіп жатқандарға алғыс айтамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Әйгерім ТОҚСАНБЕК,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін