• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Парламент 11 Тамыз, 2020

Әлеуметтік мәселелер басты назарда

91 рет
көрсетілді

Сенат депутаты С.Айтпаева Ақмола облысындағы сапары барысында Жақсы ауылының орталық ауруханасының жұмысымен танысты.

Сенатор вируспен күресуге тартылған медицина қызметкерлері қорғаныс құралдарымен түгел қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттік органдар өкілдерімен әңгіме барысында С.Айтпаева өңірде іске асырылып жатқан барлық бағдарламаларды тиімді орындау қажеттігін сөз етті. Сәуле Айтпаева, сондай-ақ өңірдің бірнеше мектептерінде болып, оқу орындарының алдағы оқу жылында қашықтан оқыту форматына қаншалықты дайын екендігін білді.

 * * *

Сенаторлар – Д. Нөкетаева мен Н.Жүсіп Алматы қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында болды. Бұл орталық психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға міндетті қызмет түрлерін көрсетеді. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі кемтар балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсетудің кешенді шаралары толық қамтылған. Қазір орталықта 123 бала бар, олар алты жалпы топқа бөлінген. Депутаттар орталық жұмысымен таныса келе мұндай мекемелерде қажетті көмектің барлық спектрі қамтылуы тиіс екенін атап өтті.

 * * *

Мәжіліс депутаты С.Өтебаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, әлеуметтік маңызды нысандарды аралаумен қатар, кәсіпкерлік саласына айрықша назар аударды. Депутатқа бизнес саласының 37 түрі бойынша 1200 орта және шағын бизнес нысандары жұмысын тоқтатқаны туралы айтылды. Соның салдарынан 2 мыңға жуық адам жұмыссыз қалған. Облыста орта есеппен өндіріс көлемі 18% кеміген. Карантин салдарынан азық-түлік емес нысандардың жұмыстары тоқтаған.

 * * *

Сенат депутаты М.Бақтиярұлы Қызылорда облысының Қазалы ауданына барды. Қазіргі таңда мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020-2021» мемлекеттік бағдарламасы бойынша құны 3 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын 42 жоба іске асырылып жатыр. Сапар барысында сенатор ауданның бірнеше мектеп пен балабақшаның құрылысымен танысып, шалғайда орналасқан елдімекендерді газбен қамту жұмыстарының ауқымына назар аударды. Бұдан бөлек, сенатор аймаққа сапары кезінде аудан орталығындағы темір-бетон зауытының жұмысымен танысты. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы зауыт өндіретін өнімдерге сұраныс жоғары екенін айтты.

 * * *

Сенатор Л.Сүлеймен дәрі-дәрмекке қатысты Қарағанды облысындағы ахуалды бақылауға алды. Өңірге жасаған сапарында ол жергілікті ауруханаларға, провизорлық орталықтарға, дәріхана желілерінің қоймаларына барып, медициналық қызметкерлермен және емделушілермен кездесті. Жергілікті тұрғындар сенатордың назарын медицина қызметкерлеріне лайықты жағдай жасау, оларды баспанамен қамту мәселесіне аударды. Одан бөлек, ол Сәтбаев және Жезқазған қалаларына барып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сенатормен кездескен аймақ тұрғындары педофилдерге және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысты заңнаманы күшейту туралы мәселені қарауды ұсынды.

 * * *

Сенат депутаты Р.Әбдікеровтің Қарағанды облысына жұмыс сапары Осакаров ауданымен жалғасты. Аталған ауданда «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 40-тан астам жоба іске асырылып жатыр. Бұған 3 млрд теңге шамасында қаражат бөлініп, 210-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Сенатор жаңа оқу жылында қашықтан оқыту форматы жалғасатынын ескеріп, білім беру үдерісін қамтамасыз ететін интернет байланысының сапасына, сонымен қатар аудандағы медициналық мекемелердің және дәріханалардың жұмысына, аса қажетті дәрі-дәрмектердің жеткілікті екеніне көңіл бөлді. Сондай-ақ ол Жансары ауылында орналасқан бие сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін кәсіпорынға ат басын бұрды. Бұл жерде 150 адам жұмыспен қамтылған.