Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрліктерінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімішілігінің басшылығының және бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қатысуымен белгіленген санитарлық жағдайлармен танысу мақсатында елордадағы бірқатар кәсіпкерлік нысанын аралады.
Тексеру "Сапаржай" автовокзалына, "Артем" сауда орталығына, сондай-ақ қаладағы фитнес клубтарының біріне және қоғамдық тамақтану орындарына жүргізілді.
"Барлығы жұмысына кірісуге мүдделі екенін түсінемін, бірақ қарапайым санитарлық талаптарды сақтауды сұраймын. Бизнестің жауапкершілік деңгейін түсінгенін қалаймын", - деді Ералы Тоғжанов.
Елорда нысандарын аралау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Өз кезегінде кәсіпкерлер санитарлық нормалар мен қадағалау органдарының барлық нұсқауларын қатаң сақтау міндетін қабылдады.