• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Тамыз, 2020

Ұстаз жолы

2034 рет
көрсетілді

Төле би - еліміздің түскейіндегі Түркістан облысының табиғаты әсем таулы аудандарының бірі. Аудан орталығы Леңгір қаласынан төрт–бес шақырым қашықтықта, суы маржандай төгіліп, сылдырлай аққан Тоғыс өзенінің бойында, шығысынан Өгем мен Қаржантаудың жоталары, ал оңтүстік батысында Қазығұрт тауы мен мұндалайтын  шағын алқапта  Аққұм ауылы орналасқан.

Төңірегі жасыл желекке оранған, тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатын осы елді мекенде ұлтымыздың арғы-бергі тарихын жақсы білетін, өңірдің әрбір тауы мен тасынан хабардар көкірегі шежіре жан, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы ұстаз – Тұрсынбай Әбдіхалықов ғұмыр кешті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын...» деген халық даналығы. Ендеше, қолыңызға алып, көз салған мақала  бүгінде бақилық  болған алыстағы ауыл мұғалімінің көпқырлы тұлғасына, ғибратты өмір жолына арналмақ.

Аққұм ауылында елге танымал талай азаматтар білім алған орта мектеп бар. 1974 жылы қазіргі ғимараты салынып, он жылдық мектепке айналған оқу мекемесіне еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдың тумасы, қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері–Құрасбек Тыныбековтың  аты берілген. Мақала қаһарманының соңғы отыз жылдан астам ғұмыры аталған мектеппен біте қайнасқан. Сол жылдар аралығында тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары бола жүріп жүздеген түлектердің ересек өміріне жолдама беріп, алғыстарына бөленді. Өзінің терең білімі мен танымының, қажырлы еңбегінің, кәсіби ізденімпаздығының арқасында өз ортасында, аудан деңгейінде сыйлы болды.  

Бүгінде тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан шәкірттерінің жадында ағайымыз ең алдымен мұнтаздай таза киім үлгісімен, байсалдығымен, өзіне тән дикциясы бар ерекше қоңыр үнімен, көркем әрі шұрайлы тілімен сақталып қалыпты. Сол мектеп жылдары әрбір жас шәкіртінің жетістігіне балаша қуанып, бар білгенімен бөліскен ұстазымыздың өз жастық шағы күрделі болғандығын әлбетте білмеппіз.

Өмірбаянына үңілер болсақ, Тұрсынбай Әбдіқалықұлы 1941 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс өткен сәби  отбасының жалғыз перзенті еді. Әкесі, Әбдіхалық Үсіпұлы алғашқы лекпен 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, отбасына сол жылдың ішінде жауынгердің қаза тапқандығы туралы қара қағаз жетеді. Ер азаматтың қазасы жақындарының қабырғасын қайыстырып, соғыс жылдарының ауыртпашылығы  отбасын айналып өтпейді. «Тағдыр бір айналдырса, шыр айналдырады...» дегендей бесік баласы Тұрсынбай жазатайым қолдан түсіп кетіп, нәрестенің омыртқасы сынады. Бірақ, сәбидің көрер жарығы бар екен. Сынған жері шоғырланып біткенімен, қатал тағдыр қалған ғұмыры бойы дене жұмысын атқаруға мүмкіндік бермейтін мүгедектікті оның жанына серік етеді.

Уақыт ағысымен елді қинаған соғыс азабы да яқталады. Дей тұрғанмен, ерінен жесір қалған әйел мен әкесіз баланың жағдайы өте ауыр  еді. Осындай шақта 1947 жылы мектеп жасына жеткен қағілез Тұрсынбай сол кезеңдегі аудан орталығы болған Георгиеевка (қазіргі атауы Көксәйек) ауылындағы толық емес орта мектептің табалдырығын аттайды.   Алғашқы жылдардан ақ оқушының білім алуға деген ерекше ықыласы байқалады. Сабақты жақсы оқиды. Бірақ, қиын әлеуметтік жағдайға байланысты жас бала ата–ана жылуына зәру болып,  Көксәйек ауылындағы аудандық жетімдер үйінде тәрбиеленеді.

Кемтарлығына қарамастан көркем әдеби туындыларды, тарихи еңбектерді сүйсіне оқып, көңіл тебіренісінен туған өлең шумақтарын өзі серік еткен қаламының көмегімен қағаз бетіне түсіре бастайды. Ағайдың «Әулеттің отын сөндірмей» атты өлеңіндегі:

Әулеттен қалған жалғыз ем,

Иілсе де сынбаған.

Жетімдік әкеп тар кезең,

Ауру қосты бел маған, -делінген  жолдар, немесе:

 

Оқуым тәуір көңіл тоқ,

Жыртық көйлек кигенім.

Түсініп өстім жетім боп,

Кездескен жанның көңілін, -деген шумақтар оқырманға өміріндегі сол бір кезеңнің ауанын сездірсе керек.

Қу соғыс жастық шағын тәлкекке салған өз қатарының ауыр тағдырының ықпалы болды ма, әлде бала көңіл жан жылуын беріп, ата- анасындай болған ұстаздарына еліктеді ме әйтеуір жас жеткіншек әу бастан ұстаз болуды мақсат етеді.

Сол межесіне адал болып, 1959 жылы орта мектепті тәмәмдаған соң, Шымкент педагогикалық институтының (осы күнгі ОҚМПУ) «Қазақ тілі, әдебиеті және тарих» мамандағына оқуға түседі.  Бастауын 1937 жылы құрылған мұғалімдер институтынан алған жоғары оқу орны 1954 жылы педагогикалық институт болып қайта құрылған-ды. Біз қарастырып отырған кезең институтқа Алматы, Мәскеу, Ленинград, Новосибирск, Омбы, Ташкент, Киев және Минск сынды қалалардың белді оқу орындарынан мамандар жіберіліп, оқу ордасының ғылыми әлеуеті артып, өз зиялы ордасы қалыптасқан кез еді. Талапты жас  Тұрсынбай білім алған тұста институтты белгілі ғалым, қоғам қайраткері  Байұзақ Ермекбаев басқарады.

Өзі студенті болған Тарих–филология факультетінде шәкірттері ерекше құрметтейтін белгілі ғалым, филолог, әуезовтанушы, публицист Әбіш Байтанаев қызмет істеп, студенттер аптасына бір рет аталған тұлғаның  бастамасымен жұмыс жасайтын әдебиет үйірмесінде бас қосатын. Байтанаевтың ұйымдастыруымен  оқу орнының ұжымы атағы кең таралған Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалармен кездесулер өткізеді.

Талапты жас ұстаздық тәлімін көрген ғалымдардың қатарында көрнекті тіл мамандары Әділ Ермеков пен Рахым Барлыбаевты,  тарихшылар, Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алған  Темірболат Бақшылов пен Юрий Гриневичті де атап өту қажет. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, аттары аталғандай зиялы қауым өкілдерінен дәріс алу әрі рухани тұрғыдан байыта түскен кездесулерге толы студенттік кезең Тұрсынбай Әбдіхалықұлының тұлғалық қалыптасуында маңызды рөл атқарады.  Студент сабағынан бос уақытын институттың, қаланың кітапханаларында өткізіп, әлем тарихына арналған еңбектер мен көркем әдебиет жауһарларынан сусындайды.

Осылайша, білімге деген ерекше ынтасы мен қажырлы еңбегінің арқасында өзінің көксеген мақсатына жақындай түседі. Осы орайда «Өз жолыңды тап» деп аталатын өлеңінен:

Асуда асу белдерден қайсар адам өтеді,

Көргені көп өмірден сөз айтады келелі.

Соқпақ жолды өмірде өзің салып өтесің,

Күнде өзіңе есеп бер, мақсатыңа жетесің, -деген бойға қуат беретін жалынды шумақтарды оқимыз. Сол жылдары бұл ұстаным ағайымыздың ұранына айналса керек. 

Қызығы мен қиындығы мол студенттік жылдар тарихқа еніп, жас жігіттің ұстаз боламын деген балалық арманы орындалып, институтты 1964 жылы  үздік дипломмен бітіріп шығады.

Бойында ғылым адамына қажетті бар қасиет пен үлкен әлеует болғанымен, оты сөніп қалған әке шаңырағының түтінін түтету, сонымен қатар, туған жерге қызмет жасау сынды асқақ мақсаттар жас маманды өзі дүниеге келген Леңгір ауданына (қазіргі Төле би ауданы) оралтады.

Еңбек жолын Леңгір қаласындағы № 17 мектеп-интернатта (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы № 4 орта мектеп) мұғалім болып бастайды. Өзі армандаған ұстаз қызметіне ден қойып, ұрпақ тәрбиесімен жүйелі айналысады. Сол жылдары шаңырағында өгей баланың күйін кешкен еліміз тарихын терең зерттеп, зерделеп, тарихи оқиғаларды тәлім-тәрбиелік мақсатта қолдануға күш салады.

Жас жігіттің  Леңгір қаласында бастаған ұстаздық жолы нәтижелі болып, араға бірнеше жыл сала ауданның Абай-Текесу ауылындағы орта мектепке директордың орынбасары болып ауысады.  Жаңа қызмет Тұрсынбай Әбдіхалықұлын кәсіби тұрғыдан ысылтып, жұмыс тәжірибесін молайта түседі. Біліктілігі мен риясыз қызметі жас маманды  өз ұжымында, ауыл жұртшылығы арасында сыйлы жанға айналдырады.

Аталған ауылға киімі мен кітаптары салынған бір чемоданмен келген жас ұстаз киелі Қазығұрттың баурайында жүріп, 1971 жылы өзі сөз салған ару Күлайша Пернебекқызымен шаңырақ көтереді. Осылайша, ет жақын жақын туған-туысы,  үй жарағы жоқ адамға отбасын құру қиын болғанымен, дене мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан өмір ауыртпашылығына  бойұсынбаған ұстаз өзінің жарымен бірге ауыл шетіндегі көпқабатты типтік барактарды қоныс етеді. Алғашқы перзенттері осында дүниеге келеді. 

ХVIII ғ. өмір сүрген әйгілі франуз ойшылы Жан-Жак Руссо өз шәкіртімен барын бөлісетін шынайы ұстазға бағыттай: «Ұстаз болу өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау» деп қалай дәл сипаттаған десеңізші. Осы орайда бұл сөздер Тұрсынбай Әбдіхалықұлына арналып айтылғандай.  Себебі, ол сабақ беру барысында оқушыларға тарихты құрғақ айғақтармен ғана оқытпастан, халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған қазақ мемлекеттілігі жылнамасымен біте қайнасқан бай ауыз әдеби мұрасынан жыр-дастандар оқып, олардың мәтініне тарих тұрғысынан талдау жасайтын. Сонымен қатар, оқушыларын бөле жармастан, олардың әрбірінің талап-қабілетіне қарай жұмыс жасап, өмірде маман ретінде өз орнын  табуларына бағыт көрсетіп отырды. Арада көп жылдар өтсе де, өмірде өз жолын тапқан шәкірттері ұстаздарының өз ісіне берілген жан, білікті маман болғандығы туралы өздерінің басқосуларында сағынышпен айтып, аудандық газетте ұдайы жазып келеді.   

Жұмысы мен отбасындағы күнделікті күйбеңге қарамастан жас жігіттің өзі сүйіп айналысатын: әлемдік классикалық туындыларды оқу, көңілі демделіп шабыты келген шақта өлең жазу, сонымен бірге, туған өлкенің қатпар, бірақ көбінде беймәлім тарихынан сыр тарту сияқты ықыласты істері болды. Әсіресе, аталғандардың соңғысы - өлкетану ісін ағай мықтап қолға алып, өзіне өмірлік серік еткен-ді. Тұлғаның соңында қалған мұрасымен танысу барысында көзге түскен «Туған жерге» атты өлеңінен:

Лүпілі жүрегімнің өзің дейді,

Арқауы нәзік жіптің үзілмейді.

Туған жер табындырған, сағындырған,

Қол бұлғап, мен мұндалап күлімдейді.

 

Қазығұрт нардай болып шөге салған,

Аңызда «Әулие тау- кеме қалған».

Баурайын мекендеген дихан қауым,

Жер түлеткен, бақытын күреп алған.

 

Қапталда шынар  боп тұр Алатауың,

Көркімен көз тартады арша- бауың,

«Ойлы шың» бұлт  сәлделі көзбен шолып,

Дейтіндей керек пе деп қар мен жауын. –  деген шумақтардан туған жеріне бағытталған шынайы перзенттік махаббатын,  табиғаты сұлу өлкенің қойнауына көз салған аңғарымпаздықты, жаратылыстың мәніне үңілген зейінділікті аңғарамыз.

Уақыт жылжып өте берді. Бірақ, қайда жүрсе де бар аңсары ата-бабасы  жерленіп, жастай кеткен әкесі  өмір сүрген туған аулына ауады да тұрады. Оның үстіне әкеден жалғыз болған соң, қара шаңырақтың отын өшірмейін деген қазақи қағидаға адал болған Тұрсынбай, 1974 жылы ауылда мектептің жаңа ғимараты аяқталып, он жылдық мектеп ашылған соң отбасымен бірге Аққұм ауылына оралады.

Ауылға келісімен тозығы жетіп, құлағалы тұрған үйді қайта жөндеп, өмірінің жаңа кезеңін  бастайды. Бұрынғы Қызыләскер, қазіргі Қ.Тыныбеков атындағы орта мектепте тарихи пәнінің мұғалімі, директордың орынбасары болып, өзі өмірден өткенше отыз жылдан астам уақыт  қызмет атқарды.

Кәсіби білігі мен қажырлы еңбегі үшін көптеген марпаттарға да ие болады. 

Өзіміз оқушы кезде аңғарғанымыз ағай көзілдірігін киіп, күнделікті жазылған барлық мерзімді басылымды түгелдей сүзіп, оқып шығатын. Кей кездерде кешкіқұрым жүре қалсақ, өзі күнұзақ болатын болатын мектеп ғимаратынан  шығып, қолында кітаптары бар аяңдай басып  үйіне бет алған ағайды көретінбіз.

Ағай көкірегі қазына, кемел білімді жан болатын. Сабақтан тыс үзіліс уақытында да жас балалар ол кісінің жанына үйіріліп, әңгімесін тыңдауды жақсы көретінбіз. Қолынан білім ала жүріп, бозбала шағымызда Тұрсынбай ағайдың тек тарих, география және әдебиет пәндерін ғана емес, сонымен қатар, енді тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекетіміздің саясатын жақсы бағдарлайтындығына куә болдық. Өз әріптестері, ауыл адамдары немесе оқушылар арасында болмасын оның даусы алыстан саңқылдап естіліп тұратын.

Саясатты сараптап, бағдарлай алғандығынан болар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кеңестік оқу бағдарламасы жарамсыз болып,  жаңа бағдарлама оқу үдерісіне еніп үлгермей тұрып ағайымыз мемлекетіміздің тарихын жаңа көзқараспен әрі асқан жанашырлықпен оқыта білді. Осы күні ғана, сол жылдары қазақ халқының этногенезі, Қазақ хандығының негізделуі тақырыптарында сабақ өткенде ағайдың мектеп бағдарламасының шекарасынан шыға сақ пен ғұннан бастап, қағанаттар кезеңімен жалғап, Алтын Орда және Әбілхайыр хандығымен түйіндейтін терең тарихи  білімімен қатар, бабаларымыздың бет-пішінін жан-жақты суреттей отыра салалық антропология ғылымынан, хандықтың көрші мемлекеттермен байланыс тарихын  кезең–кезеңімен сараптау арқылы дипломатия мен халықаралық қатынастар сынды  салалардан да бейхабар болмағандығына көз жеткіземіз. Әрине, оқушы болғандықтан ол кезде аталғандай кешенді ұстанымды, жүйелі білімді біз тиісінше бағалай алмадық.

Ағайдың сабақтарының тағы бір ерекшелігі оның барысында шыбынның ұшқан ызыңы естілетіндей тыныштық орнайтын. Ұстазымыздың көкірегінен шыққан қоңыр үні сынып ішіп толтыра бастауымен, барша оқушылар бейне бір қызықты көркем фильм тамашалап отырғандай күйге еніп, сабақтың аяқталғанын қоңырау үні жеткенде бірақ білетінбіз. Осы орайда, ағайдың бала психологиясын терең білетін жан болуымен қатар, көркем, күнделікті аз кездесетін шұрайлы  сөзге иелік еткен шешендік қасиетін де айтуға тиіспіз. Аталған қасиеттің дамуына студенттік ортасы мен жас шағынан кітапты жанына серік етуі ықпал етсе керек.

Тұрсынбай Әбдіхалықұлы оқушыларды оқудан тыс өзіндік іздену жұмыстарына да жұмылдыра білді. Ол кісінің бастамасымен, оқушылардың белсенді қатысуымен мектепте музей  ұйымдастырылды. Мектеп музейінде ауыл, аудан тарихына қатысты ескі құжаттардан бастап, көне құмыралар, бабаларымыз шаруашылықта қолданған ескі заттар, ат әбзелдерінің деталдері, николай кезеңінің тиындарына дейін, сонымен қатар, ауыл аумағынан табылған минералдар жинақталған-ды. Өз  «қазынасын» тауып келген әр оқушымен ұстаз жұмыс жасап, заттарды мұқият тіркеп, музей сөресіне қоятын. Сабаққа қосымша аталғандай құрамдас оқушылардың қызығушылығын еселеп арттырушы еді. Тарих пәні көбінде сол музейде өтетін. Осылайша, Тұрсынбай Әбдіхалықұлы, туған жердің тарихын түгендеудегі өлкетанушылық қызметін сөз жүзінде емес, іс жүзінде атқарған жан.

Оқушылық кезеңнен бері  арада көптеген жылдар өтсе де  ол кісінің өлкемізге қатысты «Күлтөбе мен Мәртөбенің тарихымыздағы маңызы», «Қатаған қырғыны және аудан тарихы» «Төле бидің Абылай ханның өміріндегі рөлі», «Жергілікті қазақтардың биік беткейлерге су шығару технологиясы», «Қазақ –жоңғар соғысы»  және т.б тақырыптардағы қызықты әңгімелері әлі жадымызда.

Мектепте Тұрсынбай ағайдың қатысуынсыз көпшілік шаралар өтпейтін. Әдетте, көп шараларды өзі жоспарлап, жүргізетін. Жоғарыда айтқандай, қатал тағдыры ауыр дене еңбегіне мүмкіндік бермегенімен, Тұрсынбай Әбдіхалықұлы, ұстаздықпен қатар көп уақытын өзін–өзі жетілдіруге арнаған жан. Көңілі тебіреніп, шабыттанған шақтарда қолына қалам алып, өлең жолдарын қағазға түсіретін болған. Бірақ, шығармашылығы туралы көбінде замандастары білмеген. Өзі дүниеден өткеннен кейін, соңында өлеңдері хатталған бірнеше сарғайған  қойын дәптерлер қалыпты. Өлеңдері әр сарында жазылған.

Мәтіннің басында бір шумағын келтірген «Өз жолыңды өзің тап» деп аталатын өлеңінің жалғасында:

Адам көңілі – нәзік жіп,үзіп алма, абайла,

Түзу болсын ниетің, жұрттың көзі шарайна.

Ойдағы ылғи болмайды, құр желікке берілме,

Мал таппайтын адам жоқ, үлесің бар сенің де.

 

Шындық сөзді айта біл, тау қозғалып кетпейді,

Адалдыққа жүгінген, бәйшешектей көктейді.

Орынсызға килікпе, арам ойың болмасын,

Аш көзденбе, ынсап қыл, құлқынға тау орнасын. –деген сөздері арқылы бір жағынан жас буынға қуат берген болса, екінші жағынан адалдықты ту етуге шақырады.

«Адамның көңілі ақ қардай» деп аталатын кезекті өлеңінен:

Ұлпа қар аппақ- ақ маңдай,

Көрісіп жермен жатқандай.

Ойынға шыққан баланы,

Аясы құшып жатсынбай.

Түтесе боран ашынған,

Толтырып сайды басылған.

Боп көрінер сондайда,

Күнәсін жердің жасырған.

Айнала аппақ, қар аппақ,

Отырсаң ойды салмақтап.

Адамның көңілі ақ қардай,

Болса екен дейсің армандап!- деген ұшқыр қиялмен үйлескен фәлсафалық ұстанымды да аңғарғандай боламыз.

Шаңырақ көтеріп, әке жұртына оралғанда перзент ретінде бойын қуаныш кернегені сөзсіз. Сондай сәтте өмірде көрген  қиыншылықтарын бір сәтке ұмытып, көңіл тебіренісі келесідей шумақтар түрінде төгілген екен:

Сүзгектеп сыртқа  шығарған,

Кезі де болды шыдадым.

Тағдыр кеп соқса қуарған,

Еңбекпен бедел құрадым.

 

Адалдан дүние өндірмей,

Кім көрген бақыт тұрағын.

Ұл –қызым өсті, сөндірмей,

Әулеттің жақтым шырағын.

Тұрсынбай Әбдіхалықұлының кіндігінен төрт ұл және бір қыз тарады. Білімді мұғалім өз өнегесін артындағы ұрпақтарына да беріп, оларды өзі сезінбеген әкелік мейірімге бөлеп өсірді. Нәтижесінде, оның шаңырағынан әке жолын көрген, білімді әрі тәрбиелі  ұрпақ өсіп шықты.

Тұңғышы Айнұр Тұрсынбайқызы, әке жолын қуып қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі атанды. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған ана.

Ұлдан үлкені – Айдос Әбдіхалықов, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарды. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесін негіздеп, қолданысқа  енгізген азамат. 

Екінші ұлы – Жандос Әбдіхалықов, мұнай –газ саласының маманы. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.

Үшінші ұлы – Елдос Әбдіхалықов ҚР Қарулы күштерінде қызмет еткен кадрлық офицер болатын. Дертке шалдығып, 2005 жылы әкесінің көзі тірісінде мезгілсіз дүние салды.

Кіші ұлы – Шындос Әбдіхалықов көп жылдан бері медицина саласында еңбектеніп келеді. Қазіргі уақытта Түркістан облысы, Төле би ауданы, Леңгір қалалық ауруханасы Бас дәрігерінің орынбасары. 

 Бүгінде тұтас елімізде тарыдай шашылып, еңбектеніп жатқан жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірттерге дәріс берген, өмірде жол сілтеген  есіл ұстаз арамызда жоқ. Тұрсынбай Әбдіхалықұлы, құрметті еңбек демалысына шыққанымен екінші үйіне айналған мектептегі қызметін аз жүктемемен жалғастыра берді. 2006  жылдың  сәуір айында алпыс беске қараған шағында дүниеден өтті.

Жылдар өте ұстазымыздың өмір белестерін зерделей отыра шын мәніндегі сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаны танимыз. Әу бастан айқындалған биік меже, алмас қылыштың  жүзіндей мұқалмас жігер,  өз саласына деген ерекше  сүйіспеншілік қана адам баласын мақсатына жеткізсе керек. Ал Тұрсынбай Әбдіхалықұлы өзінің өмірлік миссиясын абыроймен атқарған  жан. Осы сәтті пайдалана отыра шарапатын көрген барша шәкірттерінің атынан бақұл бол ардақты  ұстаз демекпін! Таулар алыстаған сайын биіктей түседі....

 

Ұстазға деген сағынышпен,

Варшава университеті, Саяси ғылымдар және

халықаралық қатынастар факультетінің

докторанты – Жандос Әуелбекұлы Каринбаев