«Аспаннан құрым жауса да, құлға ұлтан тимейді» дегеннің керін қазір отандық ауыл шаруашылығынан көріп отырмыз. Былай қарасаңыз, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар көп. Бірақ сол бағдарламалардың ауыл шаруашылығына тигізіп жатқан шапағаты шамалы. Сол себепті де агросектордағы еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 5 мың доллардан аспай тұр. Мұны агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне қатысты өткен республикалық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтты. Өзге елдерде, мәселен көрші Ресейде бұл көрсеткіш бізден 3,7 есе көп болса, Беларусьте 6,7 есе жоғары екен. Осының өзі-ақ Қазақстанда ауыл шаруашылығының басқалармен салыстырғанда қаншалықты кенжелеп қалғанын аңғартады.
Орындалмаған бағдарламалар неге қабылданған?
Соңғы кезде арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығына бағыттау қарастырылған қаржының өзі толық көлемде бөлінбеуі жиі қайталанатын болған. Бұл мәселені жақында Парламент Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев Үкіметтің алдына қойған еді. Оның айтуынша, Агрөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанда барлық министрліктермен, соның ішінде Ұлттық экономика және Қаржы министрлігімен де келісілген. Осы бағдарлама бойынша 2018 жылы саланы дамытуға 454,2 млрд теңге бөліну керек болса, іс жүзінде 342 млрд теңге бөлінген (бөлінбей қалған қаржы көлемі 112 млрд теңге). Өткен жылға жоспарланған 507,6 млрд теңгенің тек 422 млрд теңгесі ғана тиісті мақсатқа жұмсалған. Соның салдарынан бағдарламада көрсетілген жоспарлы 40 көрсеткіштің тек 25-сі ғана орындалыпты.
– Мұндай жағдай бұрынғы мемлекеттік бағдарламаларда да болған еді. Міне, қазіргі бағдарламада да осы жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Егер қаржылық жағы толық бекітілмесе, біз оны не үшін қабылдаймыз? – деп кейістік білдірді сенатор Мұратбай Жолдасбаев.
Рас, бағдарламадағы қаржыландыру талаптары орындалмаса, оны жарты жолдан тастап кете берсе, әу баста не үшін қабылданған? Бағдарламада көзделген мақсатты индикаторларды орындауды мақсат етпейтініміз қалай? Жауабы жоқ сұрақтар. Өкінішке қарай, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенін дамыту іс жүзінде осылай жүріп жатыр. Егер елімізде жеке қосалқы шаруашылықтар болмаса, шеттен тасылатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі қазіргіден де көп болар еді.
Қосалқы шаруашылықтар қағажу көріп отыр
Иә, еліміздегі қосалқы шаруашылықтар мемлекеттен бір тиын қаржылай қолдау көрмесе де, ешқандай мемлекеттік субсидияларға қол жеткізбесе де, ауыл шаруашылық өнімдерінің басым бөлігін өндіреді. Мәселен, былтыр республика бойынша тұтынылған сиыр мен қой етінің 57 пайызы жеке аулалардан алынды, сүттің 73,5 пайызын солар берді. Картоп пен қызанақтың және басқа да көкөніс түрлерінің 60-70 пайызын бұрынғыша жеке аулалар өсіреді. Жалпы, бізде мал да, ет пен сүт те, көкөніс те жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Ірі шаруа қожалықтары мен үлкен аргоқұрылымдардың үлес салмағы қосалқы шаруашылықтармен салыстыруға да келмейді. Бірақ субсидия да, мемлекеттік қолдау да, несие де бізде ең бірінші осы ірі құрылымдарға тиеді. Өйткені олардың қолында кепілдікке қояр мүлкі бар, қомақты капиталы, қымбат техникалары бар. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей, банктер де зәуде ауылшаруашылық құрылымдарын қаржыландыра қалса, ең бірінші осындай ірі құрылымдармен «істес» болғанды дұрыс көреді.
Олай болса, шағын құрылымдардың бұл әлеуетін ескеретін кез келген сияқты. Қосалқы шаруашылықтарға, шағын агроқұрылымдарға қолдау көрсетудің жаңа жүйесін іске қоспасақ, ертең елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін. Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың да шырылдап жүрген себебі сол.
– Елімізде 212 шаруа қожалығы бар, соның 10-12 пайызы ғана Үкіметтің көмегіне қол жеткізе алады. Қазіргі алмағайып уақытта «ҚазАгро» холдингі сияқты құрылымдар өз ережелерін жеңілдетіп, несиенің әрбір шаруаға қолжетімді болуын ойластырғаны жөн және оны ең арзан бағамен ұзақ мерзімге беруі тиіс. Өйткені сол шағын қожалықтар ертең елді азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бізге соны түсініп, жүйені өзгертетін уақыт жетті емес пе? – дейді ол.
Иә, қаржылық қолдау құрылымдары кепілдік несие саясатын, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру саясатын түбегейлі өзгертпесе, саладағы түйткілді мәселелер шешімін таппайды.
Әртүрлі ақпарлардың ішінде ағыл-тегіл болып көрінетін шетелдік инвестицияның агросектордағы көлемі бізде бар-жоғы 1 пайыз ғана. Отандық аграршыларды банктер де шетқақпай қылады. Сеңбесеңіз қараңыз, бізде банктер несиесінің тек 1 пайызы тамақ өнеркәсібі саласына бұйырады. Ал ауыл шаруашылығына банк бөлген барлық несиенің 0,1 пайызы ғана тиеді екен. Бұл енді ауыл шаруашылығы банктер тарапынан мүлдем қаржыландырылмайды деген сөз.
Техника паркінің 80 пайызы тозған
Өкінішке қарай, ел экономикасының драйвері болуы тиіс дейтін ауыл шаруашылығы тозығы жеткен ескі арбаны елестетеді. Қай жағынан келіп қарасаңыз да, әйтеуір әбден ақжем болған проблеманың үстінен шығасыз. Ауыл шаруашылығындағы техника паркінің бұдан 20 жыл бұрын да 80 пайызы ескі еді. Қазір де солай.
Жалпы, әлемде техникалық прогресс дегеніңіз жедел қарқынмен даму үстінде. Бұрын бес жыл болса, қазір әрбір үш жыл сайын инженерлік-техникалық шешімдер бойынша жасалған жаңа техникалар қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл саланың қарыштап дамығаны сондай, аз шығын шығарып, керісінше алқаптан мол өнім алуға бейім техникалар да көптеп жасалды. Бірақ соның бәрі елімізді айналып өтіп жатқандай. Мүлдем жоқ деуге болмас, жалпы шаруа қожалықтары осыдан 20 жыл, тіпті 30 жыл бұрынғы техникаларын жамап-жасқап жұмыстарына пайдаланып жүр.
– Бізде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмен болуының бір себебі – осы. Ескі техникалармен біз қандай жоғары өнім аламыз? Оның үстіне тыңайтқыш дегенді мүлдем қолданбаймыз. Кондициясына жеткізілмеген тұқымдар пайдаланамыз. Соның салдарынан өнім көлемі де төмен. Мысалы, «Родина», «Зенченко» сияқты ірі шаруашылықтар жақсы техникалар қолданады, тыңайтқышты қажетті мөлшерде пайдаланады, сапалы тұқым себеді. Нәтижесінде ауа райына қарамастан, жылда мол өнімді тұрақты түрде алады. Біз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етсек, соған сәйкес бағдарлама да жасалып, оның қаржылық шаралары толық қамтамасыз етілуі тиіс, – дейді Сенат депутаты Мұратбай Жолдасбаев.
«Алқаптан сөреге дейін» жетсе екен
Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірдегі ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамыту бойынша ілкімді жобаны іске қосуды тапсырғаны белгілі. Бұл өте өзекті мәселе. Өйткені биылғы көктемде Түркістан өңірінің шаруа қожалықтары ерте пісетін қырыққабатын дер кезінде сауда сөрелеріне жеткізе алмай қиналғаны елдің есінде. Бұл жағдай бізде ауылшаруашылық өнімін өндірушілер мен өндеуші кәсіпорындар және сатушы сауда желілері арасында бір жүйеге келтірілген байланыс жоқ екенін және басқа да көп жайдың бетін ашып берген болатын.
Мамандардың пайымдауынша, біріншіден, бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа жеткізудің дұрыс логистикасы ұйымдастырылмаған. Екіншіден, ел өңірлері арасында тиісті байланыс орнатылмаған, солтүстік облыстардың тұрғындары мен мекемелерін оңтүстіктің өнімдерімен қамтамасыз ету жолдары жоқ.
Бір «қызығы» біз өз ішімізде осылай өңірлерімізбен байланыса алмай, біріміздің өнімімізді бірімізге жеткізуге шамамыз жетпей жатқанда, көрші Өзбекстанның ерте піскен өнімдері Қазақстан аумағы арқылы Ресейге тоқтаусыз тасылып жатыр. Тіпті ортадағы делдалдар өзбекстандық өнімдерді Түркістан облысының өнімдері ретінде Ресейге реэкспорт жасағанын басқа емес, Парламент сенатының депутаты Әли Бектаев баса айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. «...Тек соңғы үш айдың көлемінде темір жол арқылы Өзбекстаннан келген 24 мың тоннаға жуық түрлі көкөніс өнімдері Ресейге реэкспорт жасалынған. Бұл өз кезегінде, негізінен майда және жеке қожалықтардан құралатын жергілікті тауар өндірушілердің бәсекелестігін төмендетіп, өнімдерінің өтпей қалуына әсерін тигізіп жатыр» деген еді ол депутаттық сауалында.
Үкімет, әрине шаруа қожалықтарына қолдау қаржы бөліп, өнімдерін сөреге жеткізу жолдарын ұйымдастырған болды. Бірақ осы өзбекстандық өнімдерге қатысты қандай шара қабылданды? Шекарадан өнімдерді өткізу барысы бақылауға алынды ма? Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалды.
Жалпы, бұл мәселе су бетіне қалқып шыққан екен, енді назардан тыс қалмауы керек. Бұл фактілер біздегі делдалдардың нарық заңын өз қолдарына алып, ойлағанын жасап отырғанын көрсетеді. Тамырын тереңге жіберіп алған делдалдарға тосқауыл қоймаса, биыл түркістандық диқандар киген кепті өзге өңірдегілер де тартуы мүмкін. Сондықтан «алқаптан сөреге дейін» жобасын жай ғана ел ішіндегі кооперациялық тізбек деп емес, ұлттық мүдде, ұлттық өнім өндірушілерді қолдау, қорғау жобасы деп ұққан дұрыс. Бұл жобаға барлық мүдделі құрылымдар осындай көзқарас танытса, бұдан ұлттық экономика ұтары анық.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ,
журналист